“Жатырдан ұл болып шығып, қызға айналып кетті”: Нұр-Сұлтандағы перзентханада түсініксіз жағдай болды
2021 ж. 26 мамыр
1447
0
Нұр-Сұлтан перзентханаларының бірінде таң қаларлық жағдай болды. Анасының жатырынан ұл боп шыққан сәби, анасы кесер тілігінен кейін есін жиғанша қызға айналып кеткен. Ал дәрігерлер бала туралы мәліметті компьютерге енгізіп, босанған келіншекке мынандай “Туу туралы медициналық анықтама” беріп, оған жынысы “ұл” деп ойып тұрып жазып беріпті. Ол аздай, хирург дәрігер Ұлдананың туыстарына хабарласып “шаңырақтарыңызға маңдайы торсықтай ұл келді” деп сүйінші сұраған. Енді Молдабековтар әулеті Рамазан деп азан шақырып ат қойған перзентінің есімін Айару деп ауыстырыпты.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеп хабарлайды.
Тұңғышына толғағы қысқан Ұлдана бірден Нұр-Сұлтандағы нөмірі бірінші перзентханаға келеді. Дәрігерлер келіншектің өз күшімен босана алмайтынын білген соң кесер тілігін жасап, есін толық жинай алмай жатқан анадан “сіз ұл тудыңыз” деп бірден сүйінші сұрайды. Тіпті, компьютерден қағаз шығарып, баланың қолына да ұл деген бирка тағып береді.
“Қыз есін жинап палатаға шығып баласын қолына алып дегенде, ешнәрсе түсінбейді, қыз әлі жас ештеңе түсінбейді. Содан не жағдай боп жатыр, менде ұл ғой десе, дұрыс қой сенде ұл ғой деп ешкім қарамаған қоя салған. Екінші күн өтеді, содан тағы шу көтереді, сөйтіп барса дұрыс қой, сізде, қыз деп айтқан. Босандырған акушерка: “Кешіріңіз қағаздан қате кетіпті, сізде қыз туды” деп қоя салған”, – деді Ұлдананың әпкесі Мира Нұранова.
Сөйтіп жаңа босанған Ұлдана түк түсінбей дал боп жатқанда туғандары тұңғыштары ұл болды деп тойлатып тастайды. Екі күннен кейін дәргерлердің шатасқанын естігенде төбелеріне жай түскендей болады. Өйткені олар сәбиге ат та қойып қойған.
“Рамазан деп ұлдың атын қойып қойдық, енді өздері шешіп Айару деп қойыпты. Бас тартпаймыз. Ұл не, қыз не немерем ғой енді”, – деді Ұлдананың анасы Жұмақыз Ұлданасова.
Дәрігерлердің бұлай шатасқанына сенбеген баланың әкесі ДНҚ сараптамасын да талап етеді. Оның нәтижесі бойынша бала 100 пайыз Ұлдананыкі болып шығады. Алайда ашық келген конверттегі нәтижеге әкенің көңілі толмайды, сондықтан қайта тексермек. Баладан бас тартпаймын, бірақ қателескендерді жазаға тартпай қоймаймын дейді.
“Мен сотқа беремін, ары қарай қандай жаза тағайындалатынын өзі шешсін, соттың. Денсаулық сақтау басқармасы перзентханаға қанша хабарласқанмен қызды ұл жеп шатастырғандар сыртқа шығып мән-жайды түсіндірмей қойды”, – деді Ұлдананың күйеуі Ердос Молдабеков.
Журналистердің келгенін естіген дәрігерлер кейін бүлдіршіннің әкесін кіргізіп алып кешірім сұрайды. Айтуларынша, компьютерге мәлімет енгізген дәрігерден қателік кетіп, бұған дейін туған баланың жынысы мен салмағы жазылып кеткен.
Алайда Ұлдананың туғандары дәрігерлер жазасын алмай қоймаймыз деп отыр.