РУХАНИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАСТАУЫ

РУХАНИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БАСТАУЫ

ҚР Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының ұжымы мен жоғары академиялық басшылықты даярлау факультетінің тыңдаушылары Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрына барып, Гогольдың атақты "Үйлену" комедиясын тамашалап қайтты.

        Қандай мамандық иесі болса да адамның рухани дамуы басты қажеттіліктің бірі. Бұл шараның құқық қорғау органдарының өкілдеріне берері көп екені сөзсіз. Академия басшылығы театр сахнасындағы саңлақ актерлердің өнерін тамашалап қана қоймай, М. Әуезов атындағы академиялық театр мен ІІМ Алматы академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы уақытта өзара байланыстардың жалғаса беретініне сенім білдірді.

           Меморандум жай ғана келісім емес, ол театр мен жоғары оқу орны арасындағы болашақтағы байланысты бекемдеп берді. Бұл туралы Қазақстанның Еңбек ері, атақты артист Асанәлі Әшімов "Сонша жыл театрда істеп жүріп мынадай керемет бастаманы көрген жоқпын. Академия басшылығына рахмет!" деп ризашылығын білдірді. Атақты актер байырғы оқу орны ұжымына болашақ құқық қорғау саласы мамандарын дайындауда үлкен табыстарға жете берулеріне тілектестігін білдірді.    

      Сонымен қатар академия бастығы Айдар Сайтбеков ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атынан өнер тобына гүл сыйлап, мәдениет күніне орай театрдың бірнеше қызметкерлеріне алғыс хат пен сувенирлер табыс етті.

          Еліміздегі ең танымал театр мен оқу орны арасында ынтымақтастық орнауы болашақ мамандардың рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, ұлтымыздың дамуына оң әсер етері ерекше аталып, алдағы уақытта бұл байланыс жалғасын таба беретіндігі айтылды. 

 Жанар ТҰРАНҚАЗЫҚЫЗЫ,

Қазақ үні