Ана мен балаға көмектесетін «Бақытты отбасы» орталығы туралы не білеміз?

Ана мен балаға көмектесетін «Бақытты отбасы» орталығы туралы не білеміз?

Жыл сайынғы халықпен есеп беру кездесуі барысында Алматы қаласының әкімі аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдау бойынша «Бақытты отбасы» атты кешенді қалалық бағдарламасын ұсынды. 2019 жылдың маусымы мен қараша аралығында Алматы қаласының аудандарында «Бақытты отбасы» атты 9 әлеуметтік орталық аз қамтылған көпбалалы отбасыларды қорғау бойынша ұсынылған әлеуметтік орталықтар жұмыс істеуді бастаған болатын.

Орталықтар жайында толығырақ ақпарат алу үшін, Медеу ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығына келушілерді мазалайтын өзекті сұрақтарға жауап алып қайтқан болатынбыз.

«Біздің Медеу ауданының орталығы 2019 жылдың ақпан айынан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Орталықтың мақсаты орталыққа келушілердің әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік тұрғыдағы сұрақтарына жауап беріп, мәселелерімен толыққанды жұмыс істеу, аналар мен кішкентай бүлдіршіндеріміз үшін сапалы өмір құруға ынталандырып, кәсіпті нөлден бастауға мүмкіндік беру, қаладағы аз қамтылған отбасы мүшелерін пайдалы әрі оңай бейіндік курстар жүргізіп, белгілі бір салада маман иесі атануға көмектесу», - деді Медеу ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Толқын Саметова.

Толқын Төлеушайыққызының айтуы бойынша орталық аталған көмек шараларын жүзеге асыру мақсатында психологиялық, әлеуметтік және заңдық тұрғыдағы сұрақтары мен шешімдері бойынша жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер, психолог және заңгер мамандары онлайн және оффлайн форматта кеңес береді. Сондай-ақ әр түрлі саладағы мамандар балаларға және аналарға арналған бейіндік курстарды жүргізеді.

Бүгінгі күнде Орталықта бірнеше түрлі курстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде: массаж, тігін, бау-бақша күтімі, бизнес жоспарлау және ұялы телефондар мен гаджеттерді жөндеу курстары бар. Бірақ аналардың ұмтылысына қарағанда, орталық тек аталған курстармен шектеліп қалмай, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрістер қосу жұмыстарын жүргізуде.

«Бақытты отбасы» орталықтарының қызметтеріне көпбалалы, аз қамтылған, толық емес немесе мүмкүндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және жалпы көмекке мұқтаж жандар жазыла алады». Орталықтың барлық курстары және қызметтері тегін жүргізіледі.