БАЛАЛАР БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛУ КЕРЕК
2021 ж. 20 мамыр
2107
0
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы "TALAP" қолданбалы зерттеулер орталығымен бірлесіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының отырысында айтылған тапсырмасы шеңберінде және ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасы бойынша Халықаралық балаларды қорғау күніне орай "Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл: проблемалар мен шешу жолдары" атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Аталған іс-шараның мақсаты – балаларды отбасылық-тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықтан қорғау, қазіргі заманның шындығына сәйкес кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру.
Конференция тақырыбы өзекті, өйткені елдің болашағы үшін елеулі қатер төндіретін және жастардың толыққанды дамуы, әрбір тұлғаның қалыптасуы үшін теріс салдарларға әкеп соғатын балаларға қатысты құқық бұзушылықтардың өсуіне байланысты күн тәртібінен түспей тұр.
Конференцияны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев ашты. Ол өз сөзінде кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға байланысты өзекті мәселелерге, сондай-ақ оларды шешу бойынша ІІМ қызметінің негізгі бағыттарына назар аударды. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев конференция қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі.
Отырысқа ҚР Парламенті Сенатының депутаты Д.О. Нұржігіт, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Д. Б. Закиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Саин, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл Э. А. Әзімова, ҚР БҒМ вице-министрі Б. А. Асылова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы М. А. Баймұқашев, сондай-ақ Бас прокуратураның, Қазақстан заңгерлер одағының, ЮНИСЕФ, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттың, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, еліміздің жетекші ғалымдары және басқа да Ресей ІІМ басқару академиясы және Түркия полиция академиясы, Ресей ІІМ Шығыс Сібір институтының белсенді өкілдері қызығушылық танытып, қатысты. Сонымен қатар, ғылыми іс-шарада Қазақстан Республикасы ІІМ барлық аумақтық полиция және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары болды.
Алқалы жиынды модератор ретінде "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев пен ІІМ Алматы академиясының бастығы Айдар Сайтбеков жүргізіп отырды. Қатысушылардың конференцияға белсене араласуы тақырыптың және оның шеңберінде қаралатын проблемалардың өзектілігін растай түсті. Конференция барысында
кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті реттейтін заңнаманы жетілдіру, балаларды қорғаудағы ведомствоаралық тәсіл, кәмелетке толмағандарды экстремистік ұйымдарға тартуға қарсы іс-қимыл, балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою стратегиялары, өмірлік дағдарыстық жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға психологиялық көмек көрсету ерекшеліктері туралы және басқа да көптеген кезек күттірмес мәселелер қаралды. Осы секілді өзекті мәселелер толықтай шешімін тақанда ғана балаларымыздың болашағы жарқын болып, елімізді өркендететін ертеңгі білікті, саналы азаматтарды қалыптастыра аламыз. Мұндай конференция қоғам үшін Балалардың құқықтары мен қоғамды біріктірудегі, жаһандық, аймақтық және ұлттық деңгейде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі мен маңыздылығы жоғары болары сөзссіз.
Іс-шараның нәтижелері бойынша конференцияның барлық қатысушыларымен мақұлданған қарар дайындалып қабылданды. Ғылыми іс-шараның тікелей эфирі ZOOM және Instagram бағдарламаларының көмегімен жүзеге асырылды.
Жанар ТҰРАНҚАЗЫҚЫЗЫ,
Қазақ үні