Ұлтжанды азаматтың темір тордың ар жағында отырғаны қынжылтады - Азамат Битан
2021 ж. 20 мамыр
2009
0
Телефоным таңғы сағат 4-те шыр ете қалды. Қарасам, “Islam Abish” деген жазу шығып тұр екен (солай сақтаған едім).
- Азамат, қалайсың балам?
- Ассалаумағалейкүм, Ислам Әлмаханұлы. Тыңдап тұрмын.
- Алейкімсалам. Былай, ертең екеуміз Шығыс Қазақстанға ұшамыз. Журналистеріңді (БАҚ саласына жауап беретіндіктен маған солай айтатын) дайындай бер. Телеарна міндетті түрде болсын.
- Жақсы, дайындаймын!
- Тыңда, бүгін үлкен жиналыс болады. Содан кейін маған кел, екеуміз сөйлесуіміз керек. Су мәселесімен өңірлерге барамыз. Келгесін айтамын...
- Түсіндім, Ислам Әлмаханұлы.
- Жақсы, давай...
Содан ертеңгі іс-сапардың мәнісін Су ресурстары комитетіндегі жауаптылардан сұрап алдым да “журналистерімді” іріктей бастадым...
Сол күні жұмысқа әдеттегіден ертерек келдім. Мәжіліс залында шет елден келген қонақтар отыр екен. 7-8 адам.
Сәлден соң Ислам ағамыз да келіп жетті. Кабинетіне кірген жоқ, бірден жиналыс өтетін залға бұрылып кіріп кетті. Артынан орынбасарлары, жауапты бөлім басшылары, мен де ілесе кірдім.
Қонақтар тұрып үлгерген жоқ. Ең алдымен өзі барып амандасып, таныса бастады. Аудармашы түсіндіріп бақты. Ұмытпасам, Рамазан айы болатын. Келген азаматтар Ислам даму банкінің өкілдері екен. Шайдан, судан бас тартты. Ислам ағамыз өткен жылы ауыз бекіткенін, биыл денсаулығы сыр беріп жүргенін жеткізді. Өзінің есімін Ислам дінінің құрметіне қойғанын да айтып қалды. Әлгілер осы әңгімеден кейін өздерін әлдеқайда еркін ұстап, жылы шырай танытып жатты...
Содан басталды жиын. Дәл осы секілді ұзаққа созылған жиналыс көрген емеспін. Сағат 09.30-да басталған отырысымыз 8 сағатқа созылды. “Ораза ұстадық деді ғой, шай-пай деп әлек болмаңдар”, - деді үстелдің екінші жақ бетіндегі біздің елдің өкілдеріне қарап. Олардың бас изегенін күткен де жоқ, “аудармашы аударыңыз” деп сөзін жалғастыра берді.
Дәл осы жиында Ислам Әбішев 2 азаматтық іс жасады. Біріншісі, белгілі бір аймаққа салынатын су нысанының құрылыс жұмыстарына тек отандық құрылыс материалдары пайдаланылады деп кесіп айтты. Ислам Даму банкінің ішкі ережесі бойынша, олар мұндай мәселелерді өздері шешеді екен. Осы көкпар 5 сағатқа созылды. Шет елдіктер бірден беріле қоймаса да ақыры келістік деп райларынан қайтты.
Осы тақырыптан кейін Ислам ағамыз қан қысымын өлшеп беруін өтінді. Бұл біз үшін үйреншікті шаруа еді. Себебі жиын ұзаққа созылар болса бұл кісі қан қысымын өлшеп, міндетті түрде дәрі-дәрмегін уақытылы қабылдап отыратын. Қасындағы орынбасары үзіліс алайық па дегендей ымдап еді, “қажет емес, бітіріп тастайықшы” деп бірден қайтарып тастады.
Екінші тақырып 3 сағатқа созылды. Ислам Даму банкінің өкілдері қаржыландыруды 5 жылдан кейін бастайтындарын айтты. Ислам Әбішев: “Максимум 3 жыл жеткілікті. Бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі тікелей бақылауында ұстап отыр. Алаңдамаңыздар”, - деп басу айтты. “Ауылдағы ағайынға обал, 5 жыл тым көп, мен де бұл саланы жақсы білемін, келісейікші, мен бәрібір айтқанымнан қайтпаймын”, - деп күлді де аудармашыға қарап аудара бер деп ишарат білдірді.
Сөйтіп 17.30-да бұл мәжіліс те аяқталды. Осылайша арнайы құжат жасалатын болып, онда жоғарыда атап өткен 2 мәселені кіргіземіз дедік. Тараптар дайын құжатқа белгіленген күні қол қойып, уағдаласуға уәде берді. Ал ертесіне Өскеменге ұшып кеттік...
Қанша жерден Ислам Даму банкінің өкілдері болса да, қанша жерден ораза ұстап, дін бақса да, қазақтан басқа қазақтың қамқоршысы жоқ екенін сонда көргенмін. Бәрі де жылы көрпені өздеріне қарай тартады. Жалпы Ислам ағамыздың талай азаматтық істерін көргенмін. 31 желтоқсан күні кешкі сағат 20.00-де кабинетінде отырған сәттер де болған. Сондай іскер, шаршау дегенді білмейтін, мемлекетке, халыққа шын жанашыр адам ретінде көз алдымда қалыпты.
Неге екенін білмеймін, көптен жазғым келіп жүрген тақырып еді. Әйтпесе біреудің өтініші, тапсырмасы емес. Осындай ұлтжанды азаматтың темір тордың ар жағында отырғаны қынжылтады...
Азамат Битан,
Қазақ үні