Кіші Алматы өзеніне Тұйықсу деген тарихи атауын қайтару керек

Кіші Алматы өзеніне Тұйықсу деген тарихи атауын қайтару керек

Менің жазбаларымды мұқият оқып жүретін сыйлас ағам жақында хабарласып өзінің «Алматым жүрегімде» атты жазбамда аталған Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Весновка өзендерінің атаулары жөніндегі ойын білдірген және сөзі дәлелді болуы үшін, жеке кітпаханасынан, 8(21) қыркүйек 1905 жылы кіші жұма күні (бейсенбі) шыққан «Туркестанские ведомости» газетінің №133 санында жарияланған бір мақаланың суреттерін жіберді. 


Аталмыш газет 28 сәуір 1870 жылдан бастап шығады екен де қазіргі менің оқып отырғаным оның шыға бастағаннан бергі №2557 саны екен. Газеттің осы санында ғалым С.Е.Дмитриев «Туюксуйские ледники близ Верного» деген Верный қаласының маңында орналасқан, Кіші Алматы (Тұйық-Су) өзенінің бастауында тұрған Тұйық-Су мұздығын ғылыми тұрғыдан зерттеу мақаласын 20 тамыз 1905 жылы жазып жариялапты. 


Мақала авторы аталмыш зерттеуінде Тұйық-Су мұздығынан бастау алатын өзенді Малая Алматинка (Тұйық-Су) деп, жақшаның ішіне өзеннің жергілікті тұрғындар қойған тарихи атауын да анықтап көрсетіп жазыпты. 

Менің «Алматым жүрегімде» деген жазбамдағы өзен атаулары өзімнің Алматыда оқыған студенттік шағымдағы, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасындағы атаулары еді. Содан бері біраз жылдар өтті, еліміз тәуелсіздік алды, тәуелсіздікпен бірге жер-суларымыздың, елді мекендердің, көшелердің, іргелі мекемелердің... тарихи атаулары қайтарылып, халық ризашылықпен қабылдап, қуанып та жатырмыз. Алматы қаласының әкімдігі де көптеген жылдар бойы осы бағытта өнегелі жұмыстар атқарып, бүкіл қазақ халқын қуантып жүргені баршаға мәлім, қала көшелеріне, қала аумағындағы елді мекендерге, жер-су атауларына тарихи атауларын қайтарып дегендей. 

Алматы қаласы Қазақстан Республикасының тек бұрынғы астанасы ғана емес, қазіргі кезде де еліміздің мәдени орталығы екені белгілі. Республика жұртшылығы Алматыға қарап бой түзейді, Алматыдай қаласымен мақтанады, Алматыны – жер жәннаты деп көкке көтереді. Алматының жақсы болғанын, күн өткен сайын көркейе түсуін, басқа қалаларға үлгі болуын іштей тілейді. Тек қана сырты жылтырап емес, барлық жағынан да, әсіресе рухани жағынан да өркендеуін, қазақылықтың иісі аңқып, шеттен келген қонақтарға жер-су аттарынан да қазақылықтың лебі есіп тұрса деген игі тілек бар. Алматы (бұрынғы Верный) қаласын негізінен тұщы сумен қамтамасыз етіп тұрған үш өзеннің (Үлкен Алматы, Весновка, Кіші Алматы) аттары біртіндеп өзгеріп те жатыр. Весновка дегеніміз Кіші Алматының қолдан жасалған тармағы болса, оның атауы Есентай болып өзгерді. 

Ендігі жерде, біздің ойымыз, Алматы қаласын тұщы сумен қамтамасыз етіп тұрған ірі өзен Кіші Алматының атауы да өзгеріп, Тұйық-Су мұздығынан бастауын алған Тұйық-Су өзені болса екен деген еді. Біздің бұл ұсынысымызды көпшілік оқырмандарым қолдап, Алматы қаласының әкімдігінің назарына беруімді сұрап та отыр.

Ономастика мәселесінде көптеген игі істер тындырған, алға қойған жоспарлары да ауқымды Алматы қаласының әкімдігі бұл ұсынысымызды жерде қалдырмай, барлық жағынан терең зерделеп, қолдайды деген сеніммен жазбамды аяқтаймын. Алматы қаласының әкімдігінің әр ісіне сәттілік серік болғай!  

Бисенбай Бисенғалиев,

«Жер қойнауын барлаудың үздігі», «Құрмет» орденінің иегері