СУДЫҢ СҰРАУЫ, БАҒАНЫҢ БҰҒАУЫ БОЛУ КЕРЕК

СУДЫҢ СҰРАУЫ, БАҒАНЫҢ БҰҒАУЫ БОЛУ КЕРЕК

Жер, су, ауа, күн – тіршіліктің тірегі екені әлімсақтан белгілі. Онсыз мына ғаламда өмір болмас та еді. Бізді мәпелеп тербеткен тал бесігіміз ¬- табиғатқа адамзаттың айтар алғысы шексіз болу керек-ті. Оны аялап, келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу әрбір адамның парызы. Өйткені, табиғат тозса жер бетіндегі тіршілік те тоқтайды. Жаратқан иеміздің осы бір баға жетпес сыйын қалай пайдаланып жатырмыз? Жұмыр жерді мекен ететін ұшқан құс, жүгірген аң, тіпті көзімізге іле бермейтін құрт-құмырысқалар да табиғат заңын қатаң сақтайды, оған зиян келтірмейді. Ал адамдар ше? Адамдар хайуаннан бетер, тойымсыздықтың салдарынан жердің астан-кестенін шығарып, ауаны ластап, суды ысырап етуде. Күнге ғана қолы жетпей жатыр, оны да сөндіріп тынатын еді...   

         Дүниежүзі ғалымдарының алабөтен алаңдауына қарағанда тіршілік нәрі, оның ішінде ауызсу жылдан жылға қолжетпес қат дүниеге айналып барады. Өйткені, оның да қоры шексіз емес. Қолда бар сол табиғи байлығымызды¬ – өзен, көл суларын өндіріс қалдықтарымен ластап, тиімсіз пайдаланып жатырмыз. Осылай кете беретін болса жақын жылдарда ауыз су бүгінгі байлықтың көзі болып есептелетін мұнайдан да қымбат, бағасы алтыннан да асып түсуі ғажап емес. Тіршілік нәрі тым тапшы елдер қазірдің өзінде дәп осындай жағдайды басынан кешіп отыр.

         Біздің бағымызға орай, жеріміз кең. Аяғымызды мұхитқа малып, теңіз суын сапырып отырмасақ та кейбір мемлекеттерге қарағанда су қорымыз біршама мол елміз. Алайда, бұл тіршілік нәрін қалай болса солай ысырап етуге болады дегенді білдірмесе керек. Біздің мамандардың есептеуінше Қазақстанда су тапшылығы 20 пайыз шамасында. География институтының бағалауларына сәйкес Қазақстанның су ресурстары орташа сулы жылдары 115,1 км3-ді құрайды. Судың 54,9 км3-і ғана еліміздің аумағында қалыптасса, қалған 60,2 км3-і шетелдердің аумағынан ағып келеді екен. Бұл өзекті мәселеге осы тұрғыдан қарасақ еліміздің ауыз суы Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріндегі су жолдарына тікелей тәуелді екенін байқаймыз. «Жердің құнарлылығы, су және биологиялық ресурстар қысқаруда, орман, тау және басқа экожүйелер бұзылып, азып-тозу үстінде. Тұщы су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өсуде. Әсіресе, халық санының өсуіне, судың басқа арнаға бұрылуына, сондай-ақ мұздықтардың жылдам еруіне, құрғақшылыққа, жердің азып-тозу үдерісінің артуына байланысты әлем елдерінде сумен қамсыздандыру өзекті проблемаға айналуда. Ал елімізге келетін болсақ, бұдан әрі тұтынудың артуына және климат өзгеруіне байланысты су тапшылығы тек арта түспек», – дейді біздің жергілікті ғалымдар мен сарапшыларымыз бірауыздан.

         Су тапшылығына қатысты үдеріс не себепті болып жатыр және оны қалай тоқтатуға болады? Бұл адамзат алдында тұрған үлкен сұрақ. Ол сұрақты, яғни «бас ауруын» тауып алған да адамдардың өздері. Ешкім алыс бір ғаламшардан келіп қастандық жасап, қысым көрсетіп жатқан жоқ. Бәрі де сол көбірек пайда тапсам деген тойымсыздық кесірінен болып отыр. Жер асты қазба байлықтарын есепсіз сорған ашкөздерге жаратылыс заңы мен қоршаған ортаны қорғау қағидаттарының мүлдем қатысы жоқ секілді, қаперіне де алмайды. Сол тойымсыздық әрекеттерімен өздерін ғана емес, бүкіл адамзатты апатқа итеріп отырғанын біле тұра саналы түрде табиғатты тонайды. Оларға жердің асты-үстін қопарып тезірек мол пайда тапса болғаны. Нәтижесінде сол байлықтан бір тиын да пайда көрмейтін айналасындағы миллиондаған қарапайым адамдар сорлайды. Қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіретін алып кәсіпорындар саны бізде жүздеп саналады. Осындай өндірістің кесірінен қаншама өзендеріміз ластанып, қаншама көлдеріміз құрғап қалды.

     Алпауыттарды айтпай-ақ, еліміздің бір-екі өңірінен ауыл шаруашылығына қатысты шағын ғана мысал келтірейік. Павлодар облысындағы Түгел батыр туын тіккен, Таймас әулие табан тіреген, атақты ақын, әнші Иса Байзақов жағасында ән шырқаған ¬– Салқынкөлді бір кездерде айналасы ат шаптырым, жағасы құрақты көл болған деп айта алмайсыз бүгіндер. Жекешелендіру кезінде иелігіне алғандар тың жерден мол пайда таппақ болып көлдің төңірегіне түрен салған. Егістікке айналған жұмсақ жер қырдан келіп құлайтын қар мен жаңбыр суын бойына сіңіріп, соның салдарынан Салқынкөл суалып, қамыс пен қоға басып шалшыққа айналып, бұрынғы құс қиқулаған базарлы күндері келмеске кеткен.

      Жақында ғана телеарналардан көргендеріңіздей, Түркістан облысында карьер қазып, Боралдай өзені арнасынан тас алғандардың кесірінен бірнеше ауыл ішетін, егін суаратын суынан айырылған. Қаратаудан бастау алып Ордабасы ауданынан ағып өтетін Боралдай өзені жағасында орналасқан ондаған ауыл адамдары үшін тура мағынасындағы тіршілік көзі болатын. Бірақ сол жалғыз тіршілік көзін жұрт үшін көп көргендер, қара бастарының пайдасын ғана ойлағандар халықтың наразылығына қарамастан он жылдан аса өзеннен тас алуды жыл он екі ай, күндіз-түні тоқтатпаған. Ауыр техника қаза берген соң, өзен арнасы бұрылып, іргесі жарға айналып кеткен. Мұндағы жұрт судың арғы басындағы бейіттерге де жете алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, іргедегі зауыт өзіне тиесілі жерден емес, өзеннің өзге тұсынан да тас, құм қазып жатыр. Көктемде су тасығанда ағаштар құлап, енді ауыл үйлеріне де қауіп төндіретін түрі бар. Ал осыған дейін әкімдерге айтып, экология департаментіне жазып шаршаған жұрт өзеннен тас алғандарға қалай тосқауыл қоярын білмейді. «Шенеуніктерден қайран жоқ» деген ел енді өзен бойын торып, өз күштерімен техника жүргізбеуге бел байлап отыр. Адамдар өздеріне өздері мәселе тауып отыр деген осы емес пе?..

   Еліміздің шөл және шөлейтті аймақтарындағы су тапшылығын түсінуге болады. Табиғаттың заңына қарсы шыға алмайсыз. Ал жер жаннаты атанған Жетісу өңірінде су тапшылығы орын алуы санаға сиымсыз. Аты айғақтап тұрғандай –¬ жеті су, жеті өзен дегеніміз бергі жағы ғана, одан да басқа ірілі-уақты өзендер мен көлдер жетерлік бұл аймақта. Қысы-жасы басынан қар кетпейтін Алатаудың басынан құлай аққан тау суының сапасы да жоғары. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы емін-еркін ішіп, малы мен бау-бақшасын өсірген мол су көзі бүгінгі күні көпшілікке қолжетімсіз болып қалды. Бұл не, қолда барды қор қылу ма?

      Соның бір мысалы: «Алматы облысының шаруалары биыл да тақырға отыруы мүмкін. Су тапшылығына енді қымбатшылық қосылды. Мыңдаған гектарға дәнді дақыл еккен жұрт суды екі есе бағамен сатып алу қалтамызға айтарлықтай салмақ түсіреді деп ұлардай шулады» – деп хабарлады КТК телеарнасы.

       Осындай күй кешкен Еңбекшіқазақ ауданының диқандары мен бағбандары не істерін білмей басы қатып жүр. Шаруалар су тапшылығына енді қымбатшылық қосылып, шығыннан көз ашпадық деп қынжылады. Былтыр судың аздығынан диқан Ермек Жақсымбетовтың бес гектарға еккен дәнді-дақылы қурап, еңбегі еш кеткен екен. Су бағасының биыл шұғыл шарықтап шыға келуі шаруаны тағы да тығырыққа тіреді. «Халық жердің арқасында күн көріп жүр. Суды бермей тарықтырып отыр. Оның үстіне су бағасын екі есеге өсіріп жіберген. Бағаны негізсіз көтеріп, қарамағындағы осы жерді қарапайым адамдар тастап кетсін деді ме, білмейміз» – дейді жеріне жүгері сеуіп ерте көктемнен еңбектенген диқан. «Сапалы мол өнім алу үшін жаз мезгілінде алқапты кемінде он шақты рет суару қажет. Былтыр әр ауылдан 200-300 гектардан жер күйіп кетті. Оның шығынын ешкім төлеген жоқ. Биыл да су бағасын 75 пайызға көтерген. Заң бойынша 4 пайыз ғана көтеру керек. Бұларға заң жоқ па сонда?!» – деп күйінеді жергілікті тұрғын Бекжан Омаров.

Алматы облысының бірнеше ауданын сумен қамтитын ұзындығы 170 шақырымды алып жатқан Үлкен Алматы Каналын ұлтымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев салдырғаны белгілі. Ол теңіз деңгейінен 1010 метр жоғары жатқан Бартоғай шатқалынан бастау алады. Бартоғай бөгенінің сыйымдылығы 340 млн. текше метр, су айдынының ауданы 14 шаршы шақырым. Бұл су аймаққа аздық етпесі белгілі. Соған қарамастан егістікпен айналысқан ауыл адамдары су тапшылығын тартып отыр.

       Сол суды жауапты мекемеден делдал кооперативтер сатып алып диқандарға жеткізетін көрінеді. Мәселен, мемлекет гектарына 15 теңгеден берсе суды биыл арадағы делдал 34 мыңға бір-ақ көтеріпті. Тоқтаусыз өскен бағаға тұсау болмаған соң ауыл тұрғындары телеарналар мен жоғары орындарға шағымданған.

       Егіс алқаптарына баратын судың бағасын көтеруге қандай негіз бар? Оны егістікке арбамен тасып жатқан жоқ. Ал суға жауапты мекеменің басшылығы қайда қарап отыр? Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалының басшысы Серікқали Мұқатаевтың айтуынша, ауылдарды сумен қамтамасыз етуді өз мойнына алған ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері кінәлі. Бағаны да көтеретін солар дейді мекеме басшысы. Тіршілік нәрін текше метрмен алып, егістік көлеміндегі гектармен сатады екен. Демек бұл тәсілдің ортадағы делдал рөлін атқарушы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне пайдасы мол. Сонда халық ортадағы делдал ұйымдарға жем болып отырғаны ғой. «Біз олармен жұмыс істейік деп жатырмыз. Егер халық кооперативтер керек емес десе, шығынды өз мойнымызға алайық деп отырмыз. Біз оған дайынбыз. Әкімшілікке ұсыныс бердік» – дейді С. Мұқатаев мәселені он күн ішінде шешіп беруге уәде беріп. Мұндай уәдеге сенбейтін диқандар өз арыз-шағымын жауапты министрлікке жолдамақшы.

     Байқап отырғандарыңыздай, бұл жерде де бағаның көтерілуіне ортадағы делдал ұйым себеп болған. Делдал деуден бұрын оны еншілес компания десек те болатын шығар. Ал негізгі билік су шаруашылығын басқаратын мекеменің қолында. Сонда бұл мекеме қол астындағы делдал немесе еншілес ұйымның не бітіріп отырғанынан бірнеше жыл бойы бейхабар болып келгені ме? Қызметке алған ұйымды көшеден алып келіп отырғыза салған ба? Әлде суды беріп, әрбір текше метрі үшін ақшасын алған соң, «әрі қарай топан су қаптатсаңдар да, сусыз тілі таңдайына жабысып қалса да ауызына бір қасық су тамызбасаңдар да өздерің білесіңдер» дегені ме? Бірден айта кетелік, бұл бір ғана су шаруашылығына ғана қатысты мәселе емес. Біздегі экономикадағы барлық саланы жаулаған кесел, созылмалы сырқат. Мысалы, елімізді электр қуатымен қамтамасыз ететін саланы алып көріңіздерші. Онда да шаруашылыққа жауапты бас мекеменің соңында шұбатылған көптеген еншілес компаниялар еріп жүреді. Солардың әрқайсысы өнімге бес теңгеден қосқанда не болады? Соңғы нәтижесінде сол қандай да бір өнімді немесе қызметті тұтынатын қарапайым тұрғындардың қалтасы қағылады. Ол өз кезегінде тұрғындардың тұрмысын төмендетеді. Мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаларын лайықты орындауға кері әсерін тигізеді.

     Соңғы уақытта жанар-жағармай мен электр қуатының бағасы көтерілгенін білесіздер. Қуаттың қай өңірде қанша деңгейге көтерілгенін айтпай-ақ қоялық, оны өздеріңіз де күнделікті көріп жүрсіздер. Осы екі сала бүкіл экономикамыздың қозғаушы күші болып саналады. Себебі, жанармай мен электр қуатынсыз ешқандай өндіріс жұмыс істей алмайды. Өндіріс болмаса экономика да өледі. Жанармай мен электр қуаты қымбаттаса барлық тауарлар құны да шарықтап шыға келетіні сондықтан. Қазір сауда орындарында азық-түлік пен тұтынатын тауарлар құны бірден көтерілді. Өйткені, тауарларды тасымалдау үшін көлікке жанармай қажет. Оны қымбатқа сатып алған шығынды жабу үшін тауар бағасы артады.

        Бағаны көтеруге қай салада болсын себептер мен сылтаулар жетіп артылады. Оның орынды немесе жөнсіз екенін тексеретін құзырлы орындар да баршылық. Бірақ солардың бақылауынан баға тұрақ тапқан емес. Тарифтерді көтеру себептерін тексеретін қатаң талаптарға негізделген сауатты аудит жүргізілмейді. Тексеру жүргізілгенмен бағаны өз қалауынша белгілейтіндердің ықпалынан шыға алмайды. Соған қарағанда сала немесе кәсіпорын тізгінін ұстаған мықтыларға тексерушілердің тісі батпайды. Немесе өзара келісіп, тексерушілер де ортадан пайда табады.

       Жақында еліміз бойынша судың бағасы көтеріледі деп сүйіншілеген биліктің мәлімдемесін естіген елдің еңсесі бірден түсті. Су да стратегиялық маңызы бар сала. Су қымбаттаса қаладағы коммуналдық төлемдер көбейіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы да бірден көтеріледі деген сөз. Өйткені диқандар да өз еңбегінің жемісін көруі керек, суға жұмсаған шығындарын жабуға міндетті. Ал сол судың бағасын негізсіз екі есеге көтергендер аз да болса ойланғандары дұрыс. Тіршілік нәрінің қымбаттауы қаладағы да, даладағы да адамдарымыздың тұрмысын тұралатады. Судың да сұрауы бар екені түсінікті, бірақ бағаның да бұғауы болу керек қой...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz