ҚАЗАҚТЫҢ ӘРБІР ЖЕРІ ҚАСТЕРЛІ
2021 ж. 12 мамыр
1767
1
Елдің Жер мәселесіне алаңдаушылығы мен мәселенің анық-қанығын білгісі келіп жатқаны дұрыс. Иә, бұл жерде бар мәселе -алдымен жағдайдың қалай болғанын біліп алуымыз керек.
Біздің қолдағанымыз Президент тапсырмасымен келген
Ауыл шаруашылығы жерлері туралы заң жобасы болатын. Ал осы Заң жобасындағы:
“Ауылшаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді” деген бапқа да, осы тұжырымды нақтылайтын бірнеше баптарға да, тіпті әлгі шу болған, 7 сәуірдегі бірінші оқылымда болмаған, кейін екінші оқылымда 14 сәуірде жолдан қосылып кеткен “орман өсіру үшін” деген бапқа да тұтас бір-ақ дауыс берілді, жеке-жеке емес. Егер әр бапқа жеке-жеке дауыс берілсе, онда жағдай басқаша болар еді.
Егер бұндай барлық бапқа бір-ақ дауыс берген кезде соның ішіндегі “орман өсіру” бабына қарсы болу үшін қарсылық білдірсеңіз- бәріне, “Ауылшаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді” деген бапқа да автоматты түрде қарсы боласыз!?. Сол тұжырымды нақтылайтын бірнеше баптарға да қарсы болып шығасыз!??
Одан кейін заң қабылдаудың бұндай нұсқасын білмейтін қарапайым жұрт “бәленшелер жер шетелдіктерге сатылмайды” деген бапқа да қарсы шығыпты” деп, тіпті өре түрегелетіні анық. Бұл жерде “орман өсіру үшін” деген бап Президент тапсырған Ауыл шаруашылығы жерлеріне қосақталмай, бөлек дауыс беруге қойылуы керек еді. Бұған бұл баптарды осылай бірге дайындаған Жер туралы заң жобасының жұмысшы тобы мен “орман өсіру үшін” бабына өзгеріс енгізген депутаттар өздері жауап бергені дұрыс болады.
Бұны бірден байқап, сергек қараған сенаттың заң жобасын кері қайтарғаны дұрыс болды.
Бұл туралы сол кезде Президент көмекшісі, Президент жанындағы Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин: "Жер комиссиясы жерді қазақстандықтарға сату, жалға беру және тағы да басқа жер қатынастарына қатысты туындайтын мәселелерді асықпай қарап, жан-жақты пысықтап, сарапшылардың қатысуымен толық саралап, бір шешімге келуі керек."-деп атап көрсеткендей, Президент тапсырған ауылшаруашылығы жерлерінен басқа жер туралы мәселер, (мысалы, орман өсіру жерлері де) Үкіметтің 80 адамнан құралған жер комиссиясы шешетін мәселе болатын. Депутаттардың көбісі де солай ойлаған болуы керек. Сондықтан, парламентте кілең жаулар отыр деп ойлаудың және кейбір саясаткермін деп жүргендердің арзан ұпай жинау үшін сондай ойды тықпалай беруінің қажеті жоқ. Әркім өз ісіне жауап береді.
Анығын айтар болсақ, ел дұрыс наразылық жасап жатқан 48-баптың 2-тармағының негізі бұрын да, 2007 жылдан бері заңда бар еді. Бұрынғы нұсқасындағы «ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін» деген сөйлемнен жаңа редакцияда басқа сөздерді алып тастап, «орман өсіру үшін» дегенін қалдырып, өзгертіпті.
Иә, қоғамда "Қазақстанға орманды шетелдіктер өсіріп бере ме? деген сұрақ қойылып жатуы заңды. Бұл қазақ жерінің, ол орман өсіре ме, егіс еге ме, жоқ тіпті жарамсыз жер ме, әр қадамы қастерлі екенін көрсетеді. Билік қай кезде де, халықтың талабымен санасуы керек.
Қорыта айтқанда, біріншіден, 14 сәуірдегі Жер кодексіне өзгерістер енгізу Қазақстан Президентінің заң шығару бастамасы тәртібі бойынша іске асырылды
Екіншіден, алдымен Президенттің жер заңына байланысты тапсырмасының тақырыбы не екеніне назар аудару керек. Ол -АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ жерлерін ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ жеке меншікке және жалға ИЕЛЕНУІ туралы баптарға өзгерістер енгізу. Сондықтан сол баптар ғана
өзгертілуі тиіс болатын. Яғни, Мәжілістің жалпы отырысы ҚР Президенті тапсырмасымен 2016 жылғы елді көшеге шығарып, ақыры 5 жылға мораторий жарияланған Жер туралы Кодекстің түйткілді баптарын шешті. Жеріміздің 80% болып табылатын ауылшаруашылығы жері «шетелдіктерге сатуға да, жалға да беріледі» деген бапты – «шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де болмайды» деп өзгертіп дауыс беріп бекітті.
2016 жылы жер дауы көтерілген кезде «Ақ жол» партиясы да өзінің нақты ресми ұстанымын білдіріп, жерді шетелдіктерге сатпау ғана емес, оны шетел азаматтары мен компанияларына жалға да бермеу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұстанымды партиямыздың Саяси Бағдарламасына да енгіздік.
Өкінішке орай, біздің бұл ресми ұсынысымыз белгісіз себептермен Үкімет комиссиясының қорытынды хаттамасына енбей қалды. Тіпті көбі біздің пікірімізді түсінбей, осы сайлау алдында өткен теледебаттарда басқа партияның өкілдері сұрақ қойған кезде партия төрағасы Азат Перуашев нақтылап түсіндіруге мәжбүр болды.
Ал биылғы 2021 жылдың 20 қаңтарында Мәжілістің жаңа құрамының бірінші өткен жалпы отырысында «Ақ жол» партиясы Үкіметке Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керектігі туралы бірінші депутаттық сауал жасады. Содан соң биылғы Ұлттық кеңестің бесінші отырысында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге беруге тыйым салу туралы тапсырмасы шықты.
Мен өз басым Жер туралы Үкімет комиссиясының мүшесі емеспін. Мәжілістің жер туралы заң жобасының жұмыс тобының да мүшесі емеспін.
Негізі менің өзімнің жеке пікірім - ауылшаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға да жеке меншікке беруге болмайды, тек жалға беру керек.
Бір ғана формула - Жер иелену құқы тек мемлекетте болуы тиіс, ал жер пайдалану құқы ғана өз азаматтарымызға белгілі мерзімге жалға берілуі керек. Шетелдіктерге беруге болмайды.
Бұл жер туралы сұрақтарға өзімнің жауабымды мен бұрын, сол кезде-ақ айтқанмын. Оқымай қалғандар да болатындықтан, әрі ел сұрау салып жатқан депутаттардың ішінде бізің атымыз да жүргендіктен, жинақтап тағы да жауап беріп отырмын.
Негізі, кезінде, 2004 жылы қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттар тізімін жариялап, қоғамда сең қозғаған сенсациялық мақаламыз жарияланған “Қазақ үні” газетінде он бес жылдай уақыттан бері істеп келе жатқан, ұлтшыл журналист, ардагер ағамыз Өмірзақ Ақжігіттің бұл ел үшін өте маңызды сұрақты көтеруі де заңдылық және дұрыс- қай кезде де елге осылай анық ақпарат беріп отыруымыз керек.
Он екі айдың сұлтаны -Қасиетті Рамазан айында отыз күн ұстаған Оразамыз қабыл болсын! Ертеңгі Ораза Айт мерекесі құтты болсын!
Қазыбек ИСА,
“Қазақ үні”