АТПАЛ АЗАМАТ, АСЫЛ ЖАН ЕДІ…

АТПАЛ АЗАМАТ, АСЫЛ ЖАН ЕДІ…
Әуежайға бара жатқанда, телефоныма “Асхан қайтыпты деген хабар келді” деген досымыз Бақыт Қалымбет жіберген хабарлама төбемнен жай түскендей әсер етті. Ұшақта да қан қысымым қалпына түспей, мазам қашумен болды… Осылай қатар жүрген достар кете береді екен ғой. Өткенде Түркістандық Нәрзулла кеткенде де қиналып қалып едік… Асқан атына сай алып денелі, атпал азамат, асыл жан еді… Аты жаман ауру асылдығыңа да, алыптығыңа да қарамай алып кетіп жатыр… Алдағы 13 мамырда 61 жасқа толар еді… Алла өзің жар бола гөр! Асқан екеуміз Түркістан облысы, Шардара ауданы Қызылқұм ауылында жұмысты қатар бастадық. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын бітіріп келген ол кеңшардың тұрғынүй коммуналдық бөлімін басқарды, кейін ауылдың комсомол ұйымына жетекшілік етті. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіріп келген мен мектепте мұғалім болдым. Оқушы кезде Асханның інісі Талғат бізден бір класс төмен оқыды. Мектепте мұғалім кезімде Асханның жары Раушанмен бірге істедік. Асхан екеуміздің ауыл мен мектептегі жастар ісіне байланысты жұмысымыз бір болғасын, Шардарадағы жиындарға бірге барып жүрдік. Сол кездегі Шардара аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ислам Әбішевтің басшылығымен талай қоғамдық-саяси және рухани шараларға ұйытқы болып жүрдік. Ауданнан Қызылқұм ауылындағы комсомол-жастар бригадасының бригадирі Зәуірбек Салықбайдың Қазақстанның Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа ұсынғанда бірге жұмыс істедік. Негізі жұмыстың ауыры ауылдың комсомол комитеті басшысы ретінде Асханның мойнында болды. Сол кездегі сайлау жүйесі бойынша Қазақстанның комсомол комитетінің Орталық комитетіндегі ең соңғы іріктеу болғанда Алматыдағы небір аузымен құс тістеген әйгілі зиялылар, қаламгерлер түскен додада ауылдағы жастар бригадасының бригадирі Зәуірбектің асығының алшысынан түсуінде сол кездегі совхоз директоры Батырбай Сейдановпен бірге Асханның да еңбегі аз болмады. Асханның өміріндегі екінші тынысы Алматыға келіп ашылды. Сол кезде Алматыдағы қалың қазақ күнін көріп отырған Солтүстік айналымдағы “Болашақ” бастаған бүкіл базарлардың басшысы, дүрілдеп тұрған кәсіпкер, құлашын кеңге сілтейтін, қашанда елге болсын дейтін ер ағамыз Шағырбай Тілегенов артынан іздеп келген Асханға “Құлагер” базарының құлағын ұстатты. Талай қызметті істеп, көпті көрген Асекең де сенімнен шығып, “Құлагерді” атына сай етіп, алдыңғы қатардағы базарлардың біріне айналдыра білді. Қазақтың қаншама жастарының сол базарларда тірліктерін түзеп, белдерін бекем буып кетуіне жағдай жасап жүрді. Асқан тек базар айналасымен қалып қалған жоқ. Елдік, қоғамдық, рухани шараларға өз үлесін қосып жүрді. 2010 жылы Шардара қаласының орталық көшесіне еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, 1940-44 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары, 1944-57 жылдары Сыртқы істер министрі болып істеген, 1948—53 жылдары ҚазМУ-дың ректоры болған, Қазақстан Ғылым академиясы академигі, Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген тұңғыш қазақ Төлеген Тәжібаевтың мүсінін жасатып, ел ағасы Зәкірхан Талбиддин екеуі үлкен іс тындырды. Асқан Төлеген Тәжібаев бюстін өзі бір кезде қызмет істеген Сүткент ауылындағы Т.Тәжібаев мектебіне де қойдырды. Шардарадан шыққан дарын, қазақ әдебиетінде құйрықты жұлдыздай жар етіп өте шыққан Әмірхан Балқыбек өмірден өткенде де, Асекең ел ағасы екенін білдіріп, Алматыда зиялылардың басын қосып, асын өткізіп берді. Алматыда Әмірханның 50 жылдығында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылғанда да асын көтерді. Руханиятқа жанашыр Асекең біздің “Қазақ үні” газетіне де қамқорлық жасап, базардың барлық қызметкерлеріне жаздыртып алып жүретін. Газетіміздегі әрбір маңызды мақалаға өзінің ойын білдіріп отыратын. Парламент сайлауына түскен кездерімде қолдап, тілектестік білдіріп жүрді. “Әділ сайлау болса, халықтың шын қалауына салса, сен өтуің керек еді” деп, белгілі әділетсіздіктерге ренжіп, “Болашақта әділдік жеңеді” деп, маған қуат беріп қоятын. Сол айтқаны 16 жылдан кейін келіп, биыл мен Парламент депутаты болып сайланғанда, елдің ең алдымен құттықтады. “Құтты болсын,бұл сенің нағыз адал еңбегің! Қуаныштымын! Абыройың арта берсін!”-деп хабарлама жазып жіберіп еді… Асекең өткеннің қадірін біліп, ата-баба аманатына да адалдық таныта білді. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан атасы Исабектің деректерін Ресей Федерациясының қорғаныс министрілігің орталық архивінен іздестіріп жүріп тапты. Исабектің 1945 жылы 13 қаңтарда қаза тапқаны және Шығыс Пруссия, Пилькаллен бақылау бекетінен оңтүстік шығысқа қарай үш шақырым жерде (қазіргі Калининград облысы Добровольск бақылау бекетіне жақын) жерленгені жайында мәлімет қолына тиген соң, 2010 жылы 28 шілдеде жиені Даниярды ертіп алып, Исабек атасы жерленген Калининград облысындағы «Бауырластар» зиратына барды. Баба басына тас белгі орнатып, бір уыс топырағын туған елге әкеліп қойып, елге ас берді. “Өлі разы болмай, тірі байымайды” дегенді іспен көрсетті. Имандылық шаралардан да шет қалмайтын Асекең Қызылқұм ауылындағы Батырбай Сейданов салдырған мешітке де көмек қолын созып, өзінің зор үлесін қоса білді. Асекең қазақ спортына да қамқорлық жасап жүрді. Әлемдік әйгілі УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған тұңғыш қазақ, Астана футбол командасы капитаны Абзал Бейсебектің де қанатын қатайтып, халықаралық додаларға қосқан осы Асқан атасы болатын. Абзалдың әкесі, Асқанның өзінен кейінгі інісі, заңгер Талғат Пердебек бұл туралы егіле сыр шертеді: “Асқан ағам: «Балам, сен әлі-ақ әкеміздің аты Бейсебекті әлемге танытасың» - деп, жұмысын тастап, Абзалмен бірге Москва каласында бір айдай тұрып,(Казақстанға еңбек сіңірген футбол жаттықтырушысы А.П.Черновтың Мәскеу қаласына шақыртуымен) Абзалдың Сатурн командасының жастар құрамасында қалуына сеп болды. Нәтижесінде, болашақ дарынға көзі түскен кәнігі бапкер ол үшін Ресей азаматтығын алу керектігін, әрі қарай жасөспірім құрамасына шақыртуға мүмкіншілігі жоғары екендігін айтып, болашақ спорт жұлдызының бағасын берді. Алайда өз халқын сүйген ер Асекең Абзалды ең алдымен Отан сүйгіштікке баулыған еді. Сондықтан да: «Жоқ Абзал, сен тек көк тудың астында ғана өнер көрсетуің керек, өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол», - деп, балам Абзалды алып елге оралды”-деп еске алады. Асқанның тұлғасы қандай зор болса, көңілі де сондай кең болды. Ешкімге жамандық ойламайтын, қолынан келген көмегін аямайтын жан еді. Жарқырап, бар пейілі келісті келбетіне шығып, риясыз күліп сөйлегенде, аппақ көңілі айқын көрініп тұратын. Біз бір-біріміздің қуаныштарымыздан қалған жоқпыз. Зор денесімен төрімізді де талай толтырып отырды. Асқан ағайын-туыс, достарының арасында да, өзі басқарған ұжымында да абыройлы, беделді еді. Асқаннан айрылғалы бері аһ ұрып, жоқтап жатқан Оразбай Момын досының жазып жатқанының бәрі рас. Орекеңнің сөзіне қосатыным, Асқан тек Алғидың ғана емес, жалпы елдің жанашыры бола білді. Асқанның сексеннің сеңгіріне шыққанда ботамдап қалған анасы Ханымша апамызға, отбасы мен асыл жарына, туған-туыстарына, ұл-қыздарына, Талғат бастаған бауырларына көңіл айтамыз. Бақұл бол бауырым, атпал азамат, Асқан дос! Алла алдыңнан жарылқап, артың қайырлы болсын! Пейіште нұрың шалқи бергей! Қазыбек ИСА,  Қазақ үні

НАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ ЕДІ…

Асқанның қазасы қызметтес болған жолдастырына да төбеден жай түскендей болды... Досымыз Асекең туралы ой қозғасақ, көз алдымызға тау қозғалса да қозғалмайтын, бойы биік, ауыр мінезді, салмақты қазақтың нар тұлғалы азаматының бейнесі келеді. Сөзі ісінен алыс кетпейтін, жүріс-тұрысы жолдас, бауырға өнеге, мына өмірдегі қолынан келетін көмегін көптен аямайтын, өмірге бір-ақ келетін адам еді... Асқанбек Пердебеков Бейсебекұлы 1960 жылы Тұрысбеков ауылдық округінде (бұрынғы Шардара ауылында) дүниеге келген. 1967 жылы Шардара ауылындағы № 8 мектеп-интернатының бірінші сыныбына барып, 1977 жылы осы ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебін бітірген. 1978 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия- технологиялық институтын 1983 жылы бітірген. Жоғарғы оқу орнын бітіргесін түрлі салаларда құрылыс, сауда және Қызылқұм ауылының жастар ұйымын басқарды. Асқанбек досымыз көпбалалы отбасынан шыққан, жанұяның ең үлкені еді. Әкесі Сүлеев Бейсебек елге белгілі кісі болған. Анасы Қанымша анамыз Батыр ана атамдатсаң, атамдат ботамдатпа деп анамыз қалды артында аңырап. Алланың үкіміне еш шара жоқ (мына қазіргі індеттің кезінде). Енді анамызға құдай қуат берсін, артында қалған балаларының өмірін ұзақ еткей. Асекеңнің жұбайы Раушанға (ауырып жатыр екен, тез сауығып кетуді Алла нәсіп етсін) ұлдары Сәкенге, Сәбитке, бауырларына Кеңес дәуірінде бірге жұмыс істеген бір топ жолдастары атынан орны толмас қайғыларына ортақтаса отырып көңіл айтамыз. Нар тұлғалы кең пейілді азамат Асқанбек Пердебеков Бейсебекұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Айтөреева Қалбибі, Ан Юрий, Адамбеков Ерлан, Ахунова Зәмира, Бабашев Асылбек, Ешмұратова Бақтыгүл, Жүзбаев Жандар, Зейнеділов Сыпабек, Қазыбек Иса, Ыбраев Болат, Керімбеков Мәжит, Кеншімов Бекмахан, Қары Нұрмахан, Мырзабаев Қасымхан, Момынов Ораз, Молжұманов Сәтжан, Оспанов Тұрғанбек, Оспанов Шері, Омаров Серік, Омаров Данияр, Салықбаев Зәуірбек, Шертаева Гүлжанат, Бақыт Қалымбет.

АДАМГЕРШІЛІГІ ЗОР ЕР ЕДІ…

Алланың қалауы екен де... Асқан комсомолға бізден сәл кейін келді. Ұзын бойлы, реңді, суытылған аттай бұлшық еттері бұлтылдаған, сыптай, қараторы жігіт болатын. Біз Ислам Әбішевтің аудандық комсомол комитетінің І-хатшысы кезінде жұмыс істедік, ол да Исламның тұсында хатшы қызметіне келіп, кейін Ан Юрамен қызметтес болды. Есімде, оның кандидатурасы да аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылған-тын. Бірақ Кеңес Одағының сол кездегі түсініксіз, құйтырқы кадрлық саясаты адамның іскерлік қабілетіне емес, "шаблондық", "трафареттік" іріктеуге негізделген болатын. Одақ күйрегеннен соң "Өткір кездік қап түбінде жатпас" дегендей Асқан өзінің бағын кәсіпкерліктен тапты. Сонау саудасы қайнаған Алматыға барды. Алматыда асығы алшысынан түсті, бай болды, мәнсапты болды. Біз Асқанмен тонның ішкі бауындай сырлас емес едік, етене жақын болмадық. Дегенмен, талай рет шекісіп барып, бекіскен кездеріміздегі мен тәнті болған Асқанның таптырмайтын қасиеті – егер ол дұрыс айтпаса, қайта хабарласып: –Ораз, менікі дұрыс емес екен, мен сені қолдаймын, бауырым,–деп айтуға адамгершілігі де, ерлігі де жететін жігіт еді. Асқан бауырым! Сен академик Төлеген Тәжібаев атамыздың мүсінін жасатып, Зәкірхан көкемізбен бірге Шардараның орталық көшелерінің түйіскен жеріне ойып тұрып ескерткіш қойдың. Соныңмен, Сен, өзіңе де ескерткіш қойып кеткеніңді, біздердің – Сенің еліңнің Сені ешуақытта да ұмытпайтын етіп, Сенің жарқын бейнеңді жадымыздан мәңгі шығармайтын рухани ескерткіш етіп қойып кеткеніңді сен бақилық болған соң ғана сезініп отырмын. Сен – Алғидың арыстарының бірі едің! Тастан, Серікбай көкелерім: –Асқан деген дәуіміз бар, Асқанмен ақылдасайық,– деп отыратын. Қазіргі уақытта жазылып жатқан Алғи Атаның шежіресіне Сен жайында Сенің атыңа, затыңа сай етіп, Сенің еліңе жасаған еңбегіңе лайықты етіп, Сенің жомарт жүрегің мен жарқын бейнең ұрпағың үшін ғасырларға ескерткіш болып қалатын етіп дүние жазу — менің міндетім. Әттең, қапыда кеттің, бауырым. Індет жақсы-жаманға, бай-кедейге қарамай атпал азаматтарымызды орып бара жатыр. Алланың қалауы осындай екен... Жаның жәннәтта болсын! Сенің қазаңның арты ұл-қыздарыңа, отбасыңа, бауырларыңа, еліңе қайырлы болсын! Оразбай МОМЫН