Әлия Молдағұлованың бейіті бос болып шықты...

 Құлпытасы бар, сүйегі жоқ! Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың осы күнге дейін жерленді деп келген бейіті бос болып шықты. Соғыс жылдары құжат толтырғандар бауырластар зиратынан шыққан мәйіттердің бірін Әлия деп көрсете салған. Кейін олқылық анықталғанда да билік жазылған тарихты өзгертуді қаламай, қазанды жабулы күй қалдырыпты.
 
1962 жыл. Қазақ комсомолдары Псков облысының басшылығына шығыстың шынары, қазақтың қаһарман қызы атанған Әлия Молдағұлованың сүйегі жатқан жерге ескерткіш қоюды сұрап, хат жолдайды. Бұл тілек бірден орындалып, 54-ші атқышар бригадасы мен осы майданда мерт болған өзге сарбаздарға арналып мына ескерткіш тас қойылған. Ерлігі үшін елдің есінде қалып, Кеңес одағының батыры атанған Әлия Молдағұловаға бұл жерде арнайы тақтайша да бекітілген. Ол жерде 1925 жылы туылған Молдағұлова Әлия Нұрмұхамбетқызының 44 жылдың 15 қаңтарында Казачиха ауылы үшін болған шайқаста мерт болғаны жазылған. Бірақ іс жүзінде бұл тақтайшаның астында Әлияның сүйегі жатпағандығы кейін ғана анықталды. Ұлы отан соғысында майданда мерт болғандарды қайтадан жерлеумен айналысатын іздестіру тобы мұрағаттарды зерттеу барысында осы олқылықтың бетін ашқан. Себебі Әлияның қайда жерленгендігі осы күнге дейін белгісіз болыпты. Оған себеп әскери мұғараттардың әлі құпия сақталуы. Геннадий Корольков, Іздестіру тобының жетекшісі: - Әлия Молдағұлова Монакова елді-мекенінде жерленбеген. Кеңес Одағының батыры атанған соң есімі ұмытылмасын деп қызметтестерінің жанына тас қойылған. Қателік құжаттарды толтырған хатшыдан кетіпті. Әлияның есімін – Лия деп, ал Молдағұлованың орнына - Моғдағұлова деп жіберген. Оның үстіне Псков түбінде қаза тапқандардың көбінің аты-жөндері нақты құжаттармен емес, куәгерлердің айтуымен тізіліпті. Сол куәлердің бірі Евдокия Уситова өз қолымен қазақ қызды ортақ молаға жерлегенін жеткізген. Сөйтіп, бауырластар зиратынан табылған мәйітке Әлия деп құжат толтырылып, мұрағатқа жіберілген. Кейін құралайды көзінен ататын қазақ қызының басына ескерткіш тас қойылыпты. Шындықтың беті 20 жыл өткен соң анықталғанымен, жазылған тарихты өзгерткісі келмеген билік, істі жабулы күйінде қалдырған. Бұл жаңалық Кеңес Одағының батырына ұзақ жылдар бойы гүл шоқтарын қойып, тағзым еткендерді де біраз абдыратып тастады. Осы жайттан құлақдар болған қазақстандықтар бұл іске өз үлесін қосуды көздеп отыр. Сондықтан қазірден бастап дайындық жұмыстарына кірісіпті. Александр Фадюшин, «Боевое братство» қоғамдық қорының атқарушы директоры: - Біз іспен таныстық. Келіссөздердің барлығы аяқталды. Ыңғайлы уақытты таңдап жұмысқа кірісетін боламыз. Ефрейтор шенінде барлық ірі шайқастарға қатысқан Әлия Молдағұлова мергендігімен дараланып, 78 фашистің көзін жойған. 1944 жылы Казачиха селосында ерлікпен қаза тапты. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, ескерткіштер қойылған. Бірақ есімі бар, сүйегі жоқ зират қазір көпшіліктің көңіліне сызат түсіріп отыр Олжас Байжан
КТК