ШАРДАРАМЕН БҮКІЛ ҚАЗАҚ МАҚТАНУЫ КЕРЕК

ШАРДАРАМЕН БҮКІЛ ҚАЗАҚ МАҚТАНУЫ КЕРЕК
Шардараның палуандарына тек қол соқсақ жарасады! Бір қиырдағы Шардарада қол күресі спорты әлемдік деңгейге көтерілді. Сол деңгейге көтерген - Арман Қарсыбаев деген қазақтың қарапайым жігіті! Көкірегін сабалап, көзге түсіп қалуға ұмтылмайды, не істеп жүргендігін, оны не үшін істеп жүргендігін жақсы біледі. Кеудесіндегі ұлы армандары ұлы мұхиттардың толқындары секілді көтеріліп, басылып жатса да өзін өзі тұсаулап ұстай біледі. Әрі кетсе жылы жымиып қана қоя салады. Арман Шардарада әлемдік деңгейдегі мектеп қалыптастырды. Бұған тек қуану керек! Шардарамен бүкіл қазақ мақтану керек! Кезінде Жаңаарқадан шыққан ағайынды Байшолақовтар, Алмас Мұсабеков, Сергей Волобуев секілді самбошыларымыз берісі Одақты, әрісі әлемді мойындатты. Сол сол-ақ екен, самбо спорты бүкіл Қазақстанда дамыды. Алматының іргесіндегі кішкентай ғана Қарасу деген ауылдан ағайынды Шаңғараевтар, Мәден Кәлиеков, тағы басқа жігіттер әлем, Еуропа чемпиондары атанды. Оралдағы Асқар Шайхиев әлем чемпионатын ұтып алғаны сол екен, бүкіл Жайық бойының балалары самбо үйірмесіне жазылуға кезекке тұрды. Асқардан кейін де Оралдан бірнеше әлем чемпионы шықты! Қарағандылық Геннадий Головкин де тақыр жерден пайда бола салған жоқ! Ол жердегі бокс мектебінің жеңісі сонау жетпісінші жылдарда рингте атой салған Леонид Тілеубаевтың, Бақтай Сәпеевтің жеңісінен басталады. Бәлкім одан да ерте. Сосын сексенінші жылдары 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Серік Нұрқазов қазақтың атын әлем боксына алтын әріптермен жазып кетті! Ол КСРО, Еуропа чемпионы атанды! Қарағандының тағы бір түлегі Аркадий Топаев тоқсаныншы жылдары әлем кубогін иеленді. Геннадий Головкиннен кейін шыққан Серік Сәпиев екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада Ойындарының жеңімпазы атанды! Міне, Сізге мектебің бар ма деген! Кең байтақ Қазақстанда мұндай мысалдар жетіп артылады! Шардара қол күресі мектебі де тыңнан түрен салған мектептердің бірі! Шардара қол күресі мектебімен мақтану, ол - бөліну емес, ол өзгелерді де толағай табыстар мен ұлы жеңістерге шақыру! Алақандай Шардараның жігіттері мұқым қазақтың абыройын аспандатты ма, жүректеріне рух сыйлады ма, ендеше, олармен неге мақтанбасқа?! Олардан неге үйренбеске?! Шардараны мақтайық та, Шардарамен мақтанайық та! Қазақтың әр ауылынан елімізді әлемге танытатын осы Арман Қарсыбаев секілді жігіттер көптеп шықса, қанеки! Баршамыз да осы тілектің үстінде болайық! Қасиетті Рамазан айындағы Құдайға жасайтын бір дұғамыз осындай дұға болса, Алла тағала жүрегімізге Шардарамен қоса бүкіл шартарабымызды сүйетін махаббат сыйлайтынына өз басым риясыз сенемін! Абай Балажан, Қазақ үні