Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруі керек – Тамара Кафарова

Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруі керек – Тамара Кафарова
Қазақ тілінде сөйлеп, ән салу қандай бақыт десеңізші! Бұл туралы Жәнібек аудандық мәдениет үйінің әдіскері, «Жәнібек сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің мүшесі, ұлты әзірбайжан Тамара Кафарова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның айтуынша, әкесі Джуруш Касумов пен анасы Джейран Кафарова Баку қаласында туып-өскен. 1959 жылы отау тігіп, бес жылдан кейін жастық ынтамен еңбек етеміз деп, Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылына көшіп келеді -Ата-анамды сол ауылда тұратын соғыс ардагері Қуаныш Өтегенов пен зайыбы Жаңыл бауырына тартып, бастапқыда сол кісілердің бала-келіндерімен бірге өмір сүрген екен, кейін еншілерін беріп, бөлек шығарған. Сондықтан болар, руымызды сұраса, Қуаныш атаның руымен, Қалқаман Тана дейтінбіз. Қазақ халқының бауырмалдығының бір дәлелі ғой бұл да. Кейін апамнан бастап бәріміз де осы қазақ жерінде өмір есігін аштық. Ата-анамыз секілді біз де қазақ тілінде еркін сөйлейміз. Кейін Фурманов (Жалпақтал) ауданына қоныс аудардық, - дейді Тамара Джурушқызы. -Ұзақ уақыт бойы мәдениет саласында жемісті қызмет атқарып келесіз, оның сыры неде деп ойлайсыз? -Жасымнан өзімнің табиғатыма жақын мамандықты таңдадым, әкем ән салатын, оның да әсері шығар. Әйтеуір 38 жыл бойы мәдениет саласында еңбек етіп келемін. Жалпақтал сахнасында талай ән салдым. 2005 жылдан бері Жәнібек ауданындамын. Осы екі аудандағы әріптестерімнің қолдауымен өткен жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталдым. Бұдан бес жыл бұрын елордамыздағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІV сессиясына қатыстым. Еліміздің әр жерінен келген сан ұлт өкілдерімен бірге бас қосып, пікірлесіп, бір жасап қалдық. Өзімізге деген құрметті сезіне түстім. Біз де өз тарапымыздан Қазақ елінің өркендеуі үшін әр салада талмай еңбек етіп, өз үлесімізді қоса беруіміз керек деп санаймын. -Қазақ тілінде ән салу бақыт шығар? -Оған сөз бар ма! Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеруі керек деп есептеймін. Қазақ жерінде тұрып, қазақ тілінде сөйлеп, ән салғаныма мақтанамын. Ел-жұрттың алғыс-қошеметіне бөленудің өзі бір бақыт қой. -Қазақтың келіні ретінде өз міндетімді қалай атқарып жүрмін деп ойлайсыз, қызыңыздың болашақта кім болғанын қалар едіңіз? -Қазақтың қара шаңырағының, Қожа руынан тарайтын бір отбасының үлкен келінімін. Келін ретінде өзіме жүктелген міндет-борышты барынша атқарып жүрмін. Ең бастысы, отбасында татулық пен сыйластық салтанат құрса, бәріне қолымыз жетеді деп ойлаймын. Жолдасым Нұрболат Әлібеков екеуміз Риза атты қызымызды тәрбиелеудеміз. Қызымыз музыка мектебінде домбыра сыныбында оқиды. Би үйірмесіне де қатысып жүр. Болашақта Ризамыздың домбырашы болғанын қалаймын.