Ерекше әнді Ескендірмен бірге бір дәуір кетіп барады!..
2021 ж. 01 мамыр
1986
0
Бір күн интернет қарамаған қазақ бір ардақтысынан айрылып қалғанын білмей де қалар күн туды... Күнде қазанама жазудан да қорқатын болдық... Үш аптаға жетпей қазақтың әйгілі төрт тұлғасынан айрылып отырмыз... өзгелерді айтпағанда...
Елу жылдан бері ел аузынан түспей келе жатқан ескен желдей әндері ерекше Ескендр Хасанғалиев те өмірден өтіпті...
Өткенде қатты жатыр деп естіп едік, ажал ақыры алып тыныпты... Алла алдынан жарылқасын!
Ауылда бала кезде мал бағып жүргенде айдалада айқайлап айтатын әндеріміздің ішінде Ескендір ағамыздың әйгілі әндері, елдің екінші әнұранына айналған "Атамекені", "Асыл арманы" Әдемісі", "Өмірімнің жазы" әндері бар еді...
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Мырзашөлдегі Атакентте тұратын, әжептәуір ән жазып жүрген ұстаз Базарбек Бүріс ағамыз Алматыға келген екен, кездесіп қалдық. Біраз әндері бар екенін айтып, "Алматыда жүрген ақынсың ғой, мені әйгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевпен жолықтыр, ақ батасын алмай қайтпаймын. Сол үшін елден арнайы келдім, соған ертіп барсаң" деп қолқа салды. Ескендір ағаны телеарнадан болмаса, жүзбе-жүз өзім де көрмегенмін, елден сұрап жүріп үй телефонын тауып алдық. Ол кезде ұялы телефон атымен жоқ. Сөйлестік, ақыры Қонаев пен Төле би көшелері қиылысындағы бір мектеп кабинеті болуы керек ұмытпасам, сонда кездестік. Телеарнада жарқырап жүретін әншіміздің кәдімгі спорт костюмімен жүргенін көріп таң-тамаша болдық. Атағы жер жарған әнші-композитордың қарапайымдылығы мен кішіпейілдігіне риза болдық. Бар жұмысын жиып қойып, уақыт бөліп, ауылдан келген есімі белгісіз әуесқой композитордың әндерін тыңдады. Жақсылап тұрып көлемді етіп ақ тілек жолашар жазып берді.
Базарбек ағамыздың есі шыға мәз, атақты әншімен жолықтырып, өзім де тілдескеніме мен де риза, көңіліміз көтеріліп қайттық.
Енді міне, Ескендір Хасанғалиевпен бірге бір дәуір кетіп барады!
Қазақтың аймаңдай тұлғасының әсем әндері қазақтың кең даласында мәңгі шырқала береді!
Қазақ халқына көңіл айтамыз. Ән музасына айналған асыл жары Дарико апайымызға, әкесінің жолын қуған Біржан бауырымызға көңіл айтып, отбасының, туған-туыстарының қайғысын бөлісеміз.
Иманы саламат болсын!
Пейіште нұры шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні