«Арыс жырына» нүкте қойылар күн бар ма?

 «Арыс жырына» нүкте қойылар күн бар ма?

Абай мектеп-интернаты жабылса, мұғалімдер мен 122 бала қайда барады?

  Енді бірер айдан соң басы сонау соғыс жылдарынан (1941-1945 жж) бері қаншама рет осындағы әскери қоймадан бұрқ етіп шыққан жарылыстар бірер адам өмірін жалмай жүріп, соңы 24 06 2019 жылы бүкіл Арыс халқын үрейлендіруімен қаланы бос қалдырғанына да екі жыл толады екен. Сонан екі жыл бұрын осы «Қазақ үні» газеті «Арыс қаласында үлкен жарылыс болары мүмкін» деген мағынада мақала жариялаған болатын. Былқ еткен бірі болмады. Сол кездегі қала әкімі мен оның жергілікті жерде туып өскен орынбасарлары сол газет қолдарына тие тұрып, мақаланы оқи отыра меңіреулік танытты. Сонан бері «ақылы кірген» ешқайсысы тағы жоқ. Осы күнге дейін бітпеген баспаналар жетерлік. Екі жыл бойы Арыс қаласына қаншама журналистер, блогерлер келіп осы туралы ащы шындықты айқайлап айтып көрсетіп, жеріне дейін жеткізіп жазды. Бірақ билік жақ тырп етпеді. Сөйтіп жүргенде елге мына дерт кіріп қалың жұрт сонымен алысып жайына кетті. Әсіресе былтыр «есітетін мемлекетті» жергілікті есерсоқ басшылар есік сыртына тастап, алдындағы жазбаны ежелеп оқитындар «кері байланысты» келмеске жіберіп, Үкіметтен қандай, қанша қаражат аларын білмеген халық жабық есіктерді тартқылап ары бері сандалумен жүріп сырттағы «Ковидті» үйіне алып келіп, қаламызда өлімді көбейткені және жасырын емес. Мұны кез келген арыстық «жыр» етіп айтып бере алады.    Биыл көктемнен бастап баспанасы бітпеген Арыстықтардың жүрегіне үміт оты қайтадан пайда бола бастады. Жаңа әкім келді қалаға. Әрбір бітпей қалған баспананы өз көзімен көріп, үй иесіне белгілі бір бағаны айтып, соған қол жеткізетініне уәде беріп жатыр екен. «Ай қайдам бүкіл қала халқын өтірігімен «қандырған» алғашқы әкімдей болмаса?» деген күдіктерінің бары да рас бірақ? Негізінде өзінің туып өскен жері емес, алайда басқа мейлі ауыл, аудан-қалаға әкім болып барған басшы «Бұл аймақ да менің елім, менің жерім» деп тірлік бастар болса құба құп. Ал «ары кетсе 4-5 жыл жұмыс істесем болды, ары қарай жаннәсіп» деген пиғылдағыларды рухани мүгедек, басшының сорлысы сол болады» дер едім.

Абай мектеп-интернаты жабылса, мұғалімдер мен 122 бала қайда барады?

Хош делік оны. Енді жақыннан бері 1961 жылы тұрғызылып, Арыс қаласы айналасындағы шаруалардың, көпбалалы отбасылардың бала шағаларына пана болып отырған «Абай» мектеп интернаты жабылып, орынына «Дарын» (лицей) мектебі ашылмақ» деген обылыс басшысының №91 қаулысы сол жерде жұмыс жасап жүрген қызметкерлердің бастарына 2019 жылғы снаряд жарылысынан ары әсер етпесе бері болмай тұр. Әрине қаламызда ондай мектептің (лицей) болуына ешкім де қарсылық жасап отырған жоқ. Тіпті қоштап да отыр көпшілігі. Бірақ, бірақ... Жергілікті халықпен санасу, мектептердің тыныс тіршілігімен танысып барып бір шешім қабылдаса болмай ма билік тарапынан?  Жоғарыдан Арыс қаласы әкімшілігіне, болмаса «Адами әлеуетті дамыту бөлімі» басшысына «бір мектепті дайында» деді. Бітті. Төменгілерде сараптама жасау, саралау атымен жоқ қоғамда өмір сүріп отырғанымыз жасырын емес. «Ләппай тақсыр» тек. 60 жылдық тарихы бар, кезінде №13 мектеп интернат аталған осы мектеп қабырғасынан небір дарын иелері шыққанын біле тұра тапырақтап жүріп сілтей салуға бола ма екен басқа да туындар мәселелерге мән бермей. Кейіннен «Абай» мектеп интернаты аталған бұл мекеменің 150 дей қызметкерлерлеріне (жартысынан көбі мұғалімдер мен тәрбиешілер) «қотыр қожайындар» үйренген өтіріктерін үйіп төгумен әлек. «Өйтеміз, бүйтеміз, қара қойдың басын үйітеміз» Жұмыс орының сақталады, ол жерде оқып жүрген 500 дей баланы көрші мектептерге орналастырамыз» Айналайын ау, сол 150 дей қызметкерлер көріп жүрген жоқ па көше бойы жолай өткендерінде қаншама бітпеген баспаналарды? Қайда, «Арыс халқының баспаналары мен кәсіпкерлердің бұзылған ғимараттары 99.9 пайыз бітті» дегендері сол 2019 жылы бітер бітпес ақ. Осының барлығын көріп біліп отырған мектеп ұжымы билік жағына қалай сенбек? Ұжым сол өздеріндегі 150 қызметкерлердің 99.9 пайызы «кредитте» өмір сүріп келе жатқандарына араласып жүрген соң сенеді, бірақ билік тарапының болып бітпес уәделерге сенбейтіндері анық! Мектеп интернатта тәрбиеленіп отырған 122 балалардың ата аналары не дейді әлі үйреніп қалған жерлерінен «эвакуацияланға?» Басқа мектептерге барған мұғалімдерге «жұмыс сағатын» тауып беру оп оңай ма екен тіпті де? «Басқа мектептер» демекші Арыс қаласында қандай да оқушылардың санына лайық мектеп табу қиынның қиыны. Көбісінде белгілі мөлшерден артық оқушылар саны. Кейбір мектептерде тіпті 1.5-2 есе көп оқушылар оқиды. Сөйте отыра өз оқушылары сиыспай отырған мектептер үстіне «тықпалай» беру қандай заңдылықтарға сияды оқушыларды? Бітпейтін сауалдар қысқасы. Қазақстанның енапат байлығын іздеуде мұғалімдер. 2019 жылы «болды, баспаналарыңды толықтай жөндеп, болмаса сүріп тастап жаңадан үй тұрғызып береміз» деп алып, соңы қол ұштарын да тигізбей «шу» деп жоқ болып кеткен басқа обылыс басшылары жиылып бір мектеп салып беруге шамалары неге келмейді?» дейді бірі.  «Неге мұнан былай «Абай» атындағы-Білім инновация» ер балалар лицей интернаты аталады» деп күйіп піседі бір әйел мұғалім? «Үйі әне анау тиіп тұрған жердегі 60 оқушы сонау ит аяғы қиян-көпірдің арғы жағындағы мектепке қалай барып оқымақ?» дейді үшіншісі. Ақтаева Ақжарқын –Мен «Абай» мектебінің кәсіподақ төрайымымын. Әрі математика мұғалімімін. Мектебіміздің жабылуына қарсымыз. Бірақ лицейдің ашылуына қарсы емеспіз. Қадіржан Айсұлу –Мен география сабағының мұғалімімін. Осы «Абай мектебінде 21 жыл болды жұмыс жасап келе жатқаныма. Мектеп интернаттың атын ауыстырып, лицей етпегіне ұжым болып қарсымыз. Интернаттағы балалардың, олардың ата аналарының жанайқайын жеткізгім келеді. Бұл шалғайдан келіп оқитын балаларға арналған қала (аудан) бойынша жалғыз ғана мектеп болатын. Қаламызда лицей ашылсын, қарсы емеспін. Мүмкін сол лицейге немерелеріміз апарып оқытармыз да. Әуелхан Шонжан, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Арыс қаласы