Мамайдың сөзі базардағы әйелдердің әңгімесі - Елнұр Бейсенбаев

Мамайдың сөзі базардағы әйелдердің әңгімесі - Елнұр Бейсенбаев

«Заң баршаға ортақ, біреуге жала жаптың ба, сот алдында айтқан сөзің үшін жауап бер!». Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев оппозиционер Жанболат Мамайдың Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке қатысты жариялаған видеосына пікір білдіріп, осылай депті.

«Бұл сасқан үйрек артымен жүзеді дегеннің кейпі. Қандай дебат, адамға жала жаптың ба, енді соттың алдында жауап бер. Айтылған сөз – атылған оқ. Заң саясаткерге де, қарапайым адамдарға ортақ. Ол ертең сот отырысын дебат ретінде пайдалансын, сол жерге бүкіл дәлелдерін алып келіп, айтқан сөздеріне жауап берсін», - деді Е.Бейсенбаев журналист Нартай Арайлбайұлымен болған сұхбатта.

Айта кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі Жанболат Мамай Бауыржан Байбекті айыптап видеоролик жариялаған болатын. Артынша Б.Байбек блогер Тәңірберген Бердоңғаровқа берген сұхбатында Мамайдың таққан әрбір айыбына жауап беріп, оны сотқа беретінін айтқан еді.

«Бұл – прецедент. Бұған дейін Мамай Nur Otan-ға қатысты талай жала жапты. Бірақ, Бауыржан Байбек оған шүйліккен де жоқ, назар да аударған жоқ. Бірақ, мәселе жеке басына келгенде ол өз абыройын қорғап отыр. Біз саяси мәдениетті ел құрамыз десек, әрбір сөзімізге, ісімізге жауап беруіміз керек», - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев Жанболат Мамаймен бірнеше жыл бұрын бір бағытта жұмыс істескенін, талай іс-шараны бірге өткізгенін айтып, қазір жолдары екіге айырылғанын айтты. Ал, сөз соңында ол Жанболат Мамайды ашық дебатқа шақырды.

"Мамайдың сөзі базардағы әйелдердің әңгімесі" деген депутат оны саясаткер санамайтындығын жеткізді.

– Саясаткер деген мәселені шешуші адам немесе нақты шешетін жолдарын көрсететін адам. Мамай не ұсынды? Оның Демпартиясының бағдарламасын оқыдыңыз ба, көзбен көрдіңіз ба? Кредиттік амнистия жүргізу керек дегенді айтып жүр. Халықтың несиесін толық кешіру керек дейді. Бізде ондай мүмкіндік бар дейді. Кім кешіреді оны, банктер кешіре ме? Ал банктердің шетелдегі қарыздарын сосын кім кешіреді? Біздің банктер халыққа несие беру үшін шетелден өздері де несие алады. Оны сосын кім төлейді, Жанболат қалтасынан төлей ме? Саясаттан алыстау адамдарды осындай ісімен қасына тартып, топ ұйымдастыру деп баға беремін, – деді Елнұр Бейсенбаев сұхбат барысында.