Қазақ мүддесін бәрінен жоғары қоя білген Қазыбек - Әлихан Баймен
2021 ж. 24 сәуір
1573
3
Қазыбек Иса феномені де жазылатын болады
Кеше түнгі он екіге таман Қазыбек Исамен қалтафон арқылы тіл, жер, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша пікір алмастық. "Ақ жол " партиясының қатардағы мүшесі ретінде фракция депутатына сұрақ та қойып, өз көзқарасыммен де бөлістім. Бір кезде сағатыма қарасам, он екіден сәл асқан екен, Қазыбек бауырыма қоңырау шалып, туған күнімен құттықтадым. Мен тілектерімді, Қазекең ризашылығын айтқан әңгімеден соң таяудағы бір кездесуіміз еске түсті. Мәжіліс жұмысын бастаған алғашқы күндердің бірінде депутат, Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті Мақсат Раманқұлов үшеуіміз басқосуда бірге болдық. Алдында ғана бір жас журналист Қазекеңе ғайбат сөз айтып, әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан кез еді. Абырой болғанда жорналшы ініміз қатесін түсініп, Қазыбектен жария түрде кешірім де сұраған еді. Дегенмен ақын Қазыбектің көңілі алабұртып тұрғанын сезіп, өз ойыммен бөлістім. "Қазеке, тап қазір басқа депутат бір төбе, Сіз бір төбе деп айтатындай ахуал қалыптасып тұр. Әрине, өкінішке қарай дәлелсіз ғайбат, қаралау біздің қоғамдық саяси өмірге батпандап кірген кесел екені белгілі. Оны Сіз бен біз ертеректен, сонау 2005-2007 жылдардан жақсы білеміз. Дегенмен кешелі бері біз жаңа құбылысты байқадық. Бірінші рет қоғам жұмыла өз қайраткерін жаладан қорғап қалды. Әрине мұнда әлеуметтік желілердің біз секілді елдердегі маңызды орнының да әсері бар. Бірақ, негізгі себеп - Сіздің ұлт мүддесі жолындағы қайраткерлігіңіз бен қоғам белсенділерінің әлеуметтік желілер көмегімен ақпаратқа қол жеткізу арқылы ақ пен қараны ажырата алуында. Сондықтан, көрерсіз, саясаттанушылар осы оқиғаны талдап, Қазыбек Иса феномені туралы да жазады.
Біздің Қазыбектпен танысуымызға 1992 жылы Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Нұрлан Мәукенұлының "Жас қазақ" апталығы аясында Жезқазған, Ұлытауға сапары себеп болды. Кейін Алматыда редакцияға барғанымда Мейірхан Ақдәулет, Қазыбек Исамен таныстық. Осы жылдары мен суретші, ақын Қазыбектің шығармашыл тұлғалығымен қатар қоғам қайраткері ретінде шыңдалуының да куәсі болдым. Кезінде "Ақ жол" қатарында Исраил Сапарбай, Ибрагим Иса, Ханбибі Есенқарақызы, Серік Тұрғынбекұлы сынды аға буын ақындармен бірге Қазыбектің болуы партия бағдарламасы мен шараларында тіл, әдебиет, руханият мәселелеріне басымдық берілуіне өз әсерін тигізді. Ұстанымы жақын басылым редакторы ретінде ақпарат, насихат бағытында да маңызды роль атқарды. Соңыра қайшылыққа толы күрделі кезеңдерде Қазекеңнің "Қазақ үні" газеті (ол кезде "Жас қазақ үні") қалталы топты емес, ақиқатты, ұйым құндылықтары мен ішкі демократиялық ұстанымдарды қорғау ісінде табандылық көрсетіп, бүгінгідей әлеуметтік желілер жоқ кезде азаматтарға шынайы ақпарат жеткізіуге күшін салды. 2008-2010 жылдары Амангелді Айталы ағамыздың жетекшілігімен "Ақ жол" еліміздегі тұңғыш "Ұлттық саясат тұжырымдамасын" әзірлегенде де Қазыбек белсенді атсалысып, өзіндік үлесін қосты. Талай жылдан бері көкірегі ояу, көзі қарақты жұртшылық Қазекеңнің ұлт мүддесі жолындағы қажымас қайраткерлігіне куә. Қазақ мүддесін бәрінен жоғары қоя білген азаматтың қажырлы еңбегі партиялас әріптестері мен қоғам тарапынан лайықты бағалануы маңызды. Мәжіліске депутат болғанда отбасымызбен қуандық. Аз уақыт ішінде депутаттық мандатты ұлт мүддесіне пайдаланудың үлгісін де көрсетуде. Туған күніңізбен құттықтай отырып, қымбатты Қазеке, Сізге зор денсаулық, бақ пен бақыт тілеймін! Халыққа абыройлы қызметіңіз жаңа деңгейде өз жалғасын тауып, бастамаларыңыз баянды жетістіктерге жетелесін!
Әлихан Баймен,
Қазақ үні