Өскемен көшелері қашан қазақшаланады?
2013 ж. 21 наурыз
3127
2
Ел мен Елбасы бағасына лайық Бердібек Сапарбаев
Өскемен көшелерін қашан қазақшалайды?
Жуыр арада әкім атаулылар терлеп-тепшіп тындырған істері (өз пікірлері бойынша) халық алдында есеп беру науқанын өткізіп, арқаларын кеңге салып, үйреншікті үрейсіз қалпына қайта енді... Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2012 жылы қол жеткізген көрсеткіштері мен бағындырған межелері қомақты болғандықтан әкім атаулылардың арасында халық алдына ешбір алаңсыз шыққан жалғыз облыс әкімі Бердібек Сапарбаев болды. Сан алуан сұрақтарға нақты дәлелдерімен, есеп жобаларыменен, кезекті жылда тындырылатын істердің тізбегіменен облыс әкімі Б.Сапарбаев ел көңілінен шықты. ШҚО әкімі Б.Сапарбаевтың 2012 жылдың қорытындысы бойынша Елбасы қолынан «Барыс» орденнің бірінші дәрежесін алған жалғыз облыс әкімі екені біз үшін де мақтаныш. Әкім есебін тыңдап отырып, «Қазақ үні» газетінің сауалнамасы бойынша 2012 жылы «Жыл әкімі» атанғаны өте орынды болған екен деп ойладық. Менің өзімнің жеке пікірім, «Ақ жол» партиясының мүшелері, Семейлік партия белсенділерінің пікірлеріне сүйенсек те, басқа облыс әкімдеріне қарағанда Ел мен Елбасы бағасына лайық Б.Сапарбаевты адамгершілігі мол, кісілігі мен кішіпейілділігіне іскерлігі сай деген берік ұғымдамыз. 26 ақпанда барлық саяси партиялар басшыларын, аздаған қоғамдық ұйымдарының басшыларын арнайы облыс әкімдігінде жинап, бастарымызды қосып, тағы да пікірлерімізді, ұсыныстарымызды, наразылықтарымызды айтуға мүмкіншілік беріп, әрқайсымызға көтерген мәселелеріміз бойынша жауап берген Б.Сапарбаевтың ашық пікір алмасудан ешқашан қашпайтын, қоғамшыл әкім екеніне тағы бір рет куә болып қайттық. Дегенмен, облыс әкімі қаншама озық болса да, ол робот та, миллиондаған операцияны атқаратын супер компьютер де емес. Семей қаласынан арнайы мені шақыртқаннан кейін (Өскемен қаласындағы облыстық «Ақ жол» партиясының филиалы өкілін шақыра салса да болар еді) үшінші болып сөзге шыққан мен Б.Сапарбаевқа өткір сұрақтар қойып, кезек күттірмейтін ұсыныстарымды айттым. Оларды атап кетейін:- Семей қаласында ашық аспан астында адамдар демалатын орындар мүлдем жоқ. Орталық саябақ, Ертістегі арал, өзен жағалауындағы т.б. әбден тозығы жеткен, күтімсіз, суарусыз болғандықтан адамдар ол жерге барса, демалудың орнына, тозғын күйді көріп, күйзеліске ұшырайды. Семейде жылына 3-4 көп қабатты үй салынады, бала-бақшаға зәру адамдардың кезегі өте аз жылжиды. Адамдардың басты мәселелерін шешілмей жатқандықтан, тым болмаса саябақтар ашып, түбегейлі жөндеуден өткізіп, ел-жұрттың қабағын ашып, көңілін көтеруге болады ғой. Бұған көп ақша кетпейді ғой, елдің алғысын аласыздар.
- Өскемен қаласындағы 702 көшенің оншақтысы ғана қазақша аталады. Біз, оның ішінде барлық тізгін мен мүмкіндік қолыңызда тұрған Сіз, Бердібек Мәшбекұлы, басқа ұлттарға қарағанда өзіңізді қазақ ұлтыменен сәйкестендіретін (иденфицируете) шығарсыз. Осы рас болса, неге әр жыл сайын 20-40 көшенің аты қазақшаға өзгертілмейді? Өзіңіз айтқандай ниет пен жігер болса, алынбайтын қамал жоқ емес пе?
- Қыркүйек айында «Ақ жол» партиясының Семейлік бөлімшесінің ұйымдастыруыменен және қалалық мәдениет бөлімінің көмегіменен Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 95 жыл толу мерейтойына сәйкес 10 күн қатарынан сан алуан іс-шаралар өткіздік. Соңында 15-ші қыркүйекте орталық мешіттің қатымханасында «Ақ жол» партиясы атынан 50-ге тарта Алаш арыстарының есімдерін атап тұрып, қатым-құран түсірдік. Сіз бастаған облыс басшылығы, қала- аудан құрылымдарының әкімдері бірде-бір шара өткізген жоқ, ал біз өткізген шараларға ешбіреуіңіз бас сұққан жоқсыздар, осының себебі неде?
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша, оның ішінде Семей қаласындада биыл қар ерекше көп жауды. Бұл үрдіс жылда қайталанатын болса, қала көшелерін, алаңдарын аз және тозығы жеткен, қуаты төмен жол техникаларымен қардан аршып тазарту өте баяу, ұзаққа созылары анық. Осыны ескере отырып жаңа, қуатты техниканың бес-алтауын алып берсеңіз. Онымен қоса ауа райы кұрт жылынып кетсе, қала үлкен көлге айналары сөзсіз. Алдын ала дайындық шараларын жоспарлы түрде атқару үшін 50 млн. теңге қаржы бөлсеңіз. Семейдің бюджетінде ондай ақша жоқ.
Орынбек СӘРСЕНБИН,
Семейдегі «Ақ жол»
партиясы бөлімшесі