ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАРҚЫН ДАРЫН ЕДІ...
2021 ж. 22 сәуір
1836
1
Тағы да суық хабар қабырғамызды қайыстырып кетті... Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға ұшырады. Бұл жалғаннан Жәркен Бөдеш ақын да өтті десейші. Өткенде ғана ойлап қойып едім жағдайы қалай екен деп...
Соңғы екі апта көлемінде, сәуірдің суық желінде қазақ әдебиетінің үш қара нары өтіп кетті өмірден: Қабдеш Жұмәділ, Есенғали Раушан, Жәркен Бөдеш! Былтырғы қаралы жаздың кезіндегідей тағы да интернет қарауға қорқатын болдық.
Алла, жар бола гөр Алашқа!
Жәркен Бөдеш Қазақ поэзиясында өз өрнегі бар, өзіне тән өзгеше әлемі бар керемет ақын еді! Қазақ жырауларына табан тірейтін тамырлы жырлары тартымды да, бөлек бітімді еді. Тұла бойы тұнған ақындық болатын. Адам баласына жамандық ойламайтын ақкөңіл, бауырмашыл жан еді.
Алматыда жатақханада тұрғанда бір бөлмелі үйімізге келіп, келінінің қолынан шәй ішіп, балалардың бетінен сүйіп кетуші еді.
2000-шы жылдары дүниежүзі қазақтары қауымдастығы басшысы Қалдарбек Найманбаевтың ұйымдастыруымен Қазақстанның Омбыда өткен мәдениет күндерінде бірге болып едік. Көрнекті жазушы Сұлтанәлі Балғабаев ағамыз бастап барды. Барған күні Омбыдағы қазақтарға үлкен концерт бердік. Омбының қалың қазағы жиналды. Алдымен концертті ақын өлең оқып ашуы керек болды. Сол күні екі ақын шығуы керек екен, таңдау Жәркен ағамыз екеумізге түсіпті. Әрине, мен жасы да, жолы да үлкен Жәркен ағамды алдыма салдым. Бірақ қайран ағам: "Мен бұндай үлкен жиындарда сахнаға бірінші болып шыға алмаймын, өлең оқырда қатты толқимын. Саған жолымды бердім, мен ортасына қарай шығайын" деп бас тартып, мен шықтым. Қасиетті поэзия алдындағы қандай кіршіксіз құрмет, биік жауапкершілік десеңізші...
Менің "Бүйрек жегіш бала" деген өмірден ерте өткен сатирик Лесбай Оспановтың рухына арналған жырымды қатты ұнатты. Ол туралы арнайы мақала да жазды. "Мынау ағаңның өзіңнің өлеңіңе арналған лебізін өзің ұнатқан басылымға берерсің" деген еді. Енді ойласам, еш жерге басылмай қалған екен-ау көрнекті ақынның төте жазумен жазылған сол мақаласы.
Жәркен ағамның өмірдің өзіндей табиғи, тамырын тереңге тартқан тамаша өлеңдерін қатты ұнатып оқыдым. Біразын, мысалы Мұқағалиға арналған керемет өлеңін жатқа білуші едім.
Таудай едің таудың алып тумасы,
Нағыз қазақ едің ғой сен турасы.
Қыр басында неге шөгіп жатырсың,
Ей, өлеңнің буырқанған бурасы!"-
деп, жатқа оқып берсем, мәз болып қуанып қалатын.
Енді өзі де өмір жолын аяқтап, қыр басында жатуға кетіп барады... Ал өлеңдегі жолы мәңгілік жалғаса береді...
Қазақ жыры бар да Жәркен ақынның жарқын жырлары да жасай береді.
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Қазақ еліне көңіл айтамыз. Отбасы мен туыс-туғандарының қайғысын бөлісеміз..
Иманы саламат болсын!
Қош, жаны жайсаң, жарқын дарын Жәркен аға!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні