НАҒЫЗ АҚЫН, НАРТҰЛҒА ЕДІ...

Өмірден Есенғали Раушанов та өтіпті! Қайран, жалған дүние десейші! Қазақ әдебиеті тағы да ауыр қазаға ұшырады... Қазақ поэзиясындағы өз мектебі бар хас ақын еді. Тұла бойы тұлғалыққа тұнып тұрған жарқын жаратылыс еді! Көкемізді көрген сайын көне заманнан көктеп шыққан, көкірегі көмбе көрнекті Ақынды көзіңмен көріп тұрғандай болатын едік... Қазір ғана Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамызбен сөйлестік. "Түнде қайтыпты. Ештеңе істей алмадық. Денсаулық министрінен бастап бәрін қостық"-деді ауыр күрсініп. "Қазіргі коронавирустың қайта өршіп тұруына байланысты жалпы ел қоштаса алмайды. Тек санаулы туған-туыстарына ғана рұқсат беріледі екен"-деді. Өткенде Қабдеш Жұмаділ ағамен қоштасуға барғанда естіп едім, ауруханада жатқанын. Аяғы дәл осылай қайғылы аяқталатынын ешкім де ойлаған жоқ ол кезде! Өткен ғасырдың 80-інші жылдары Алматыға "Жалын" журналына өлең алып келіп, қолжазбамды редакцияға тастап кеткенде, кешігіп келген Есенғали ақын артымнан іздеп шығып, бауырына басып еді... "Ұлы Сырдың бойында, бір топырақтан екенбіз"-деп, Мырзашөлде өткен күндерін еске алып еді... Қызылқұмда мектеп мұғалімі болып жүргенде Алматыдағы "Зерде" журналының бас редакторы Есенғали ағамыз арнайы хат жазып еді... Ол хаты менде әлі сақтаулы екенін естігенде риза болып қалғантұғын. Аға болып, әр қадамымызды қадағалап жүретін, өзі қатты ұнатқан өлең шумақтарымызды жатқа айтып, қанаттандырып жіберетін. 2008 жылы қадап айтып жүріп, қолжазбамды алдырып, өзі басқаратын "Жазушы" баспасынан "Тәтті шөл" жыр кітабымды шығарып берді. Ол жылы жеке кітаптарға қаржы бөлінбей, көп томдыққа бөлінген екен. "Қос томдық етіп бере бер, екіншісін келесі жолы шығарасын" деп, жоспарға кіргізіп жіберді. Келесі жылы да, одан соң да үш-төрт жыл министрлік "қаржы жоқ" деді де, сол күйі екінші томым шықпай, көп томдық сериямен жалғыз томы шыққан ақын мен болып қалдым... Есағаң соны сезгендей кітабымды тездетіп шығарып берген екен ғой деп ойлап қойдым кейін. Ислам Әбіш досының жағдайын сұрап, "Ағаңның жағдайы қалай? Жақсы хабар қашан боп қалады? Менен дұғай сәлем! Хабарын айтып тұрғайсың. Мен бір топ кітап дайындап қойдым, жеткізіп берсең"-деп алаңдап отыратын. Парламентке барғалы әр қадамыма қайрат беріп, "Бәрекелде! Бас, Қазыбек, баса бер! Ұлт үшін күресіңе құдай тағала береке бергей, талма, алға!" - деп қолдап қоятын. Анау бір жылы елде жүрген бір қаламгер ағамыз қайтыс болды да, балалары бір жылдығына естелік кітап шығаратын болды. Сонда ол ағамызбен аудандық газетте бірге істеп, жақсы араласқан Есенғали ағамыз да естелік жазды. Менен беріп жіберді. Ол естелікті әлгі ағамыздың балаларының бірі "кезінде көңіл айтпады маған" деп өкпелеп, кітапқа кіргізгісі келмейтін сыңай танытты. Сонда мен "Есенғали естелік жазатын болса бүгін өлетін шалдар көп"-деп, қалжыңдап, өкпесін жазып жіберіп едім. Бірақ бұл сөздердің бірін де Есағаңа айтқан жоқ едім... Енді міне, Есенғали ағамыздың өзі туралы да естелік айтуға мәжбүр болып отырмыз. Жалған дүние деген осы! 2002 жылы Қырғызстанға Бішгекте елші болып жүрген ақиық ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыздың мерейтойына Есағаңның көлігімен бірге барып едік. Жол бойы қазақтың көне тарихынан қозғап, тәлімді тәмсілдерден тартып, талай әңгіменің көрігін қыздырған еді. Жалпы бұл жолсапар туралы мен жазып, аяқтай алмай, қалып қалған еді... "Қара бауыр қасқалдақ" өлеңін Желтоқсанның әнұранына айналдырып жіберген шардаралық әйгілі әнші-композитор Лесбек Амановтың сыртынан қамқоршы боп жүретін.. Қазақтың тағы бір тарлан ақыны Аманхан Әлім досын қатты жақсы көретін, жақсы қалжыңдасатын. Журналистердің кейбір сұрақтарына жауап бергісі келмесе "Мұны бір білсе, Аманхан біледі, содан сұраңдар"-деп отыратын әзілге бұрып. Енді сол Аманхан досының артынан іздеп кете барды... Қазақ әдебиеті бар да, Қазақ ақыны Есенғали Раушанов та бар! Қалың қазақ еліне қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз. Отбасы мен туған-туыстарының қайғысын бөлісеміз. Алла алдынан жарылқап, пейіште нұры шалқи бергей! Иманы саламат болсын! Қош, Қазақтың нағыз ақын, нар тұлғасы! Бақұл болыңыз, есіл ер, Есенғали көке! Қазыбек Иса,  Қазақ үні