«Бессмертный полк» акциясына тосқауыл қою керек - Марат Байділдәұлы
2021 ж. 13 сәуір
1362
0
Енді бір айдан кейін 9-Мамыр қарсаңында елімізде «Бессмертный полк» деген шабаш тағы басталуы мүмкін. Бұл акция ұлыдержавалық шовинизм мен империялық астамшылықты қоздыратын ресейлік психоз. Былтыр ол Ресейде онлайн режимде өткен. Бізде КОВИД-19 салдарынан өткізілмей қалып еді. Биыл санэпид жағдай қалай боларын қазірге білмейміз. Бірақ қалай болғанда да ресейлік «Бессмертный полк» акциясына тосқауыл қойылуы қажет.
Әрі 9-мамыр біз үшін жеңіс күні емес, Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күні. Оның мәртебесін де осылай өзгерту күн тәртібінде тұр. Өйткені біз «жеңіс күніне» ілесе миллиондаған мүгедектерді «қалалардың көркін бұзады» деген желеумен көшелерден теріп әкетіп, Валаам пансионаттары тәрізді лагерьлерге тоғытып, сонда адам сияқты күтім көрместен, қынадай қырылған жағдайларын ұмытқан жоқпыз.
Майдангерлерді еске аламыз деген желеумен совет-герман соғысында қаза тапқан ата-бабаларының суретін төбесіне көтеріп шеру өткізу қазақ үшін тапқырлық емес. Біз мұсылман халықпыз. Төбесіне суретін көтермек түгілі бейітінің басына сурет салуға тыйым салынған. Шариғат жолы бойынша суреттерді төбеге көтеріп құрметтеу бұл – суретке табыну. Ал дінімізде Алладан басқаға табынушылықты ширк дейді. Бізге ең керегі – майданда қаза тапқан, соғыста алған жарақаттарынан кейін қайтыс болған күллі майдангерлерге, әкелеріміз бен аталарымызға бағышталып Құран оқылуы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегеніміз сол.
Үстіміздегі жылғы 18-науызда Ресей президенті В.Путиннің кейбір одақтас республикаларға «кетіп қалған жері» туралы атышулы мәлімдемесі «Бессмертный полк» акцияларын ТМД елдерінде ұйымдастырушыларға «жаңа леп» бергені даусыз. Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағылар қалғып отырмағаны тағы анық. Бұрынғы әскери қызметкер Қуат Ахметовтың айтуына қарағанда «Бессмертный полк» акциясын белсенді түрде ұйымдастырушылардың бірі Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров деген біреу көрінеді. 2019 жылы әлгі осы акциямен 150 мың адам шығарамын деп өзеурегені, артынан 130 мың адам шығардым дегені де есте. Жалпы ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Бессмертный полкке» байланысты өз ұстанымдарын ашықтан ашық жариялайтын кезі келді. Халық кімнің кім екенін білуі керек. Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының да мұндай акцияны құптамайтыны анық.
Ал ресми орындар кешегі СССР-дің империялық астамшылығын ту еткен «Бессмертный полк» сияқты акцияларды тоқтататын шараларды жедел қолға алғаны жөн!
Марат Байділдәұлы,
Қазақ үні