Қыркүйекке дейін 10 миллион адамға екпе салу жоспарланған - Цой
2021 ж. 12 сәуір
1079
0
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
1 сәуірден бері өңірлерге 611 мың вакцина жеткізілді. Жеткізу бекітілген кесте бойынша кезең-кезеңмен жүргізіледі. Ертең кезекті 300 мың вакцина аймақтарға жөнелтіледі. Сәуір айында вакцинаның қосымша 1,4 млн дозасын жеткізу жоспарда бар. Бұл осы айда елдің 2 млн адамын екпемен қамтуға мүмкіндік береді, - деді ол.
Алексей Цой өңірлерде халықты иммунизациялау жалғасып жатқанын атап өтті.
Бүгінде аймақтар бойынша иммунизация 900 екпе салу пункттерінде өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы вакцина шараларын жүргізу мақсатында шалғай өңірлерде, ұйымдасқан ұжымдар мен адам көп шоғырланатын жерлерде 233 жылжымалы екпе салу бригадалары жасақталған. Иммунизациялау компаниясына 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау қалаларында екпе салу пункттері сауда орындары, базарларда орналасқан. Бұл жерлерде вакцинация демалыс күндері де қолжетімді. Мұндай шаралар халықтың вакцинацияға қолжетімділігін қамтамасыз етеді, - деді Цой.
Министр вакцина өндірушілермен болған келіссөздерге сәйкес, қыркүйек айына дейін Қазақстанда 10 миллион адамға екпе салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Айта кету керек, ол бұған дейін Қазақстанның 12 күннен бері "қызыл" аймақта тұрғанын мәлімдеген болатын.