Досан Баймолда: Қазақ болғаныма мақтанамын

[caption id="attachment_157321" align="aligncenter" width="568"] 1993 жылы тамыздың 26 күні соғыс ардагері, қоғам қайраткері Баймолда Қорқынұлы, зайыбы Шомай Тотықұсқызы, інісі Рахат Қорқынұлы, келіні Уәзира Орныханқызы бастаған көш Атажұртқа қарай бет алғалы тұрған сәт.[/caption]

«Биыл шетелдерден қазақтардың Атажұрт-Қазақ еліне оралуына алғаш жол ашылғанына 30 жыл толмақшы. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаудың алдында, 1991 жылы 18 қарашада шетелдегі қазақтарға қатысты маңызды бір құжат қабылдаған еді. Яғни Қазақ КСР Министрлер Кабинеті «Басқа республикалардан және шетелдерден ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдаған болатын. Содан бері елдегі көші-қон саясатының арқасында Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың саны 1 миллион адамнан асыпты. Әрине, осы 30 жылда өзін «қазақпын» деген әр адамның басынан талай қызықты оқиғалардың, қуанышты сәттердің өткені анық. Сондай бір қуанышты сәттер менің басымнан да өткен еді.

Шетелге шыққан алғашқы қазақ делегациясы

1991 жылы Кеңес одағының қабырғасы сөгіле бастаса да, Мәскеудегі Горбачев бастаған коммунисшіл билік империяны сақтап қалғылары келіп, жанталасып жатқан шақ. Соған қарамастан 1991 жылы көктемде Кеңес одағының шеңгелінен әлі шыға алмаған Қазақ еліне қарай Моңғолия қазақтары көш керуенін бастаған болатын. Ата-баба өсиетіне берік болып, мен де үй-іш, бала-шағамды туыс-туғандармен бірге Қазақ еліне жіберіп, өзім жұмыс жағдайыма байланысты Ұланбатырда аз уақытқа қалған күндердің бірінде, Моңғолиядағы қазақтарды көшіріп алу мәселесін моңғол жағымен сөйлесіп, шешу үшін Қазақстаннан үкімет делегациясы келіпті деген хабар жетті.

Бұл 1992 жылдың қыркүйек айы болатын. Делегацияны сол жылдарғы Қазақстан үкіметінде Еңбек және көші-қон министрі болған Саят Бейсенов бастап келіпті. Делегация құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлы, Ауылшаруашылығы және азық-түлік министрінің орынбасары Ғазиз Есмұханов бар екен. Бұл делегация тәуелсіздігін әлі жариялап үлгермеген Қазақ елінің шеттегі қандастарын іздеп келген алғашқы делегациясы еді. Ұланбатыр қаласындағы сүт-май өндірісінің бастығы Жәрдембек Сүлеймен, танымалы суретші Жанатхан Сағидан, сыртқы сауда министрлігінде қызмет істейтін Бохан Мұқамәди және мен т.б. қазақ зиялылары екі елдің арасындағы көші-қон мәселесіне арналған келіссөз өтетін Моңғолияның Еңбек министрлігі алдына таң атпай жиналдық. Үзіліссіз, ұзаққа созылған келіссөз аяқталып, Қазақ елінен келген ағалар, моңғол әріптестерімен бірге сыртқа шыққан кезде, біз «ассалаумағалейукум ағалар, хош келдіңіздер!» деп қаттырақ дауыстап қалуымыз мұң екен олар бізге жалт қарасып, «Оо, біздің қазақ ағайындар ғой» деп бас салып, құшаққа алды. Моңғол ағайындар таң қалысып, қарап қалды. «Қашан келдіңіздер шаршап-шалдыққан жоқсыздар ма? Келіссөз қалай өтіп жатыр? деген сияқты сұрақтарды бастырмалатып жатырмыз.

Делегацияны басқарып келген министр Саят Бейсенов тап-таза қазақшасымен «Моңғол жағымен арадағы келіссөз қиын жағдайда өтіп жатыр. Жолда Иркутск вокзалында Қазақстанға жүретін пойыздарды неше күн, неше апталап тосып, қиналған, арып шаршаған қазақтарды кездестірдік. Оларға жолға керек болар деп өзіміздің алып жүрген ас-суымыздан бердік, кейбіріне ақшалай көмек көрсеттік» дегенде оларға ризашылығымыз шексіз болды. «Сіздермен еркін отырып, әңгімелессек» деген ойымызды айтқанымызда, ұзақ жылдары Кеңес елі атынан араб елдерінде дипломатиялық елшіліктерде қызметтер атқарған, Қазақ ССР-нің сыртқы істер министрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлы ағамыз көзіне жас алып тұрып: «Қазақтар тұратын әлемнің талай елінде болған едім. Бірақ та бірде біреуі сіздер секілді бізді келіссөз өтіп жатқан осындай жерге іздеп келмейтін. Рахмет! Айналайындар осындай ақжүрек ниеттеріңе! Егер бізбен сөйлескілерің келсе ертең қала сыртындағы «Нүхт» үкімет резиденциясы үйіне келіңдер»,– деді. Ертеңінде кездесіп, сөйлестік. Министр С.Бейсенов атажұртқа тезірек жетсек деп, соған асығып отырған біздің жүзімізді байқап: «Моңғолияға сапармен жүрер алдында өзінің Қазақ елінің басшысы

Н.Назарбаевтың қабылдауында болғанын, ол кісінің сондағы бауырлардың жағдайын біліп қайт»,– деген арнайы тапсырмасын алып келгенін жеткізді. «Атажұрт сіздерді күтіп отыр» деген сөзді естігенде қуанышымызда шек болмады. Министрдің сөзінен ұққанымыз, моңғол жағымен болған келіссөз Қазақ жағының пайдасына шешілген. Бұл жерде сол жылдары Моңғолия парламентінің вице-спикері лауазымды қызметінде болған ұлтжанды азамат Зардыхан Қинаятұлының көмегі де аз болмаған. Моңғол жағы «Қазақстанға қарай көшетін қазақтар малымен көшпесін, малдарын қалдырып кетулері керек» деп келіссөзді тығырыққа тиеген кезде, Зардыхан аға Моңғолия президенті Очирбат, үкімет басшысы Бямбасүрэндерге мән-жайды түсіндіріп, соның арқасында әр қазақ отбасы қолындағы малын түгелдей болмаса да бір бөлігін алып шығуына болады деген моңғол жағының рұқсатын алыпты. Екі елдің арасындағы тағы бір түйінін шешу қиын болып келген Моңғолдың «Қызыл үй», Ресейдің «Ташанта» шекера бекеттері арқылы Байөлке қазақтарын көшіру мәселесі оңтайлы шешімін тапқан.

Аталмыш делегациясының бұл жолғы Моңғолияға сапары сондағы қазақтарға «абыржымаңдар, саспаңдар, сендерді іздейтін арттарыңда Қазақ елі бар» дегенді білдіргені сондағы қазақтардың мерейін бір өсіріп тастады және моңғолдарға бұл үлкен ой салды. Бұл Қазақ елі делегациясының шетелге алғашқы болып қазақ көшінің тағдырын шешу үшін барған, көші-қон және дипломатия саласындағы алғашқы жеңісі болды. Делегацияның сол жолғы сапарынан кейін бұған дейін көші-қон мәселесінде әлі түп қопарылып, қозғала қоймаған Байөлке қазақтары да шекара асып, Қазақстанға қарай дүркірей көше бастады. Қолда бар мәліметтер бойынша, 1991-1993 жылдар аралығында Моңғолиядан 60281 қазақ Қазақстанға көшіп келген. Мен бұл жайында 2013 жылы жарыққа шыққан «Қазақ көші» атты кітабымда егжей-тегжейлі жаздым.

Ұлтжанды Қазыбек аға

1993 жылы ақпан айында мен Моңғолия мен бұрынғы Чехословакия арасындағы білім, ғылым саласы бойынша жасалған келісім-шарт негізінде Чехия Республикасының астанасы Прага қаласына жол тартып, сол қаладағы Техника университетіне ядролық физика мамандығы бойынша докторантураға қабылдандым. Мұндай бақытқа ие болған алғашқы қазақ балаларының бірімін. Айлар бойы тиісті дәрістер тыңдап, емтихандардан өтіп, докторлық диссертация тақырыбын бекіткізіп жазғы демалыспен елге, әсем Алматыға қарай жолға шықтым. Прага-Мәскеу арасын жүрдек пойызбен екі күн жүріп, Мәскеудегі Қазақстанның елшілігі қасындағы қонақ үйге жайғастым. Сол жерден сұрастырсам Алматыға ұшатын Қазақстан ұшағына ертеңгі күнге орын бар екен. Дереу билет сатып алып, көңілім жайланып тұрғанда сырттан екі ер, бір әйел адам кіріп келді. Үшеуі де қазақ. Қазақтығым ұстап, жасы үлкендеу біріне сәлем беріп едім, ол менімен амандаса тұрып, қай жақтан келгенсіз деп сұрады?

Өзімнің шетелден келген қазақ екенімді, ғылым жолында Европада жүргенімді айтуым мұң екен бірден сөзге тартып, ашық әңгімелесуге көшті. Өзін Қазыбек Өтетілеуов деп таныстырған жігіт ағасы Қазақстан президенті әкімшілігінде азаматтық мәселелерді жауаптанған бөлім бастығы екен. Ұзын сөздің қысқасы Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері Ресей президенті Б.Ельциннің атына хат жазып, өздеріне Ресей азаматтығын беруді сұрапты. Бірақ, Қазақстан азаматтығын сақтап, Қазақ елінде тұра берсек деген өтініштерін айтыпты. Қазақ елінің үш кісілік делегациясы (бірі президент әкімшлігінен, бірі сыртқы істер министрлігінен, бірі ұлттық қауіпсіздік комитетінен) Ресей жағымен Қазақстанда тұратын орыс ұлты өкілдеріне «қос азаматтық» беру-бермеу мәселесін екі күн бойы талқылап болып, ертеңгі ұшақпен қайтпақшы екен. Мен де сол ұшақпен ұшамын деуім мұң екен, Қазыбек аға: - «тәңертең таңғы сағат 8.00 де бізге президент әкімшілігінен машина келеді, сонымен бізбен бірге жүріңіз» деді. Жолым болды. Қалай қуанбасқа!

Жүгімді алып, тәңертең сол айтқан уақытта дайын болдым. Қонақ үйдің алдына Ресейдің мемлекеттік жалауын қадап алған екі машина келіп тұр екен. Біреуі «Чайка»

дейтін үлкен бастықтар ғана мінетін орыстың өзінің шығарған өңі жып-жылтыр дәу қара машинасы, екіншісі немістің «мерседесі». Делегация басшысы ретінде Қазыбек аға делегацияны шығарып салуға келген ресей әріптесімен бірге «Чайкаға» жайғасты, біз мерседеске міндік. Ресей астанасынан Қазақстанға ұшатын ұшақтар сол заманда тек Мәскеуден 30 шақырымдай жерде орналасқан «Внуково» әуежайынан ұшатын-ды. Полицияның арнайы көлігі алдымызға түсіп алып, жолды ашып отырды. Өйткені соның алдында Мәскеуде түрлі жарылыстар, атыстар жиі орын алып тұрған кез еді. Қаладан шыға берісте автоматты әскерилер, броньды әскери машиналар мен танктер көзге көріне бастады. Қала сұсты, біржағынан қорқынышты. Осындай сұсты қалада көп болмай, Қазақ елінің үкімет делегациясымен атажқртқа тезірек ұшатын болғаныма ішімнен «сан рет тәуба» деп қоямын.

Қызықтың көкесі «Внукова» әуежайына келген соң басталды. Үкімет делегациясы жоғары мәртебелі болғандықтан «жасыл коридармен» өтуі тиісті екен, ал мен болсам Моңғолдың азаматымын және ешқандай елден бөлек мәртебем жоқ сондықтан елмен бірге кезеккке тұрып, жүктерімді өткізіп, қарапайым жолаушылар дәлізімен өтуім керек болды. Делегация басшысы, қазаққа деген жүрегі ерекше ұлтжанды азамат Қазыбек Өтетілеуов аға адам сенбес шешім қабылдап, мені әп-сәтте делегация құрамына енгізіп жіберді. Мен еш алаңдамай делегациямен бірге жүретін болдым. Ең алда дипломат паспорты бар делегация мүшесі, сыртқы істер министрлігінде істейтін дипломат қарындасымыз (өкінішке орай аты-жөнін ұмытыппын), одан кейін ерекше куәлікті ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін бейтаныс офицер, содан кейін мен, ең соңында Қазыбек аға өзі жүретін болды. Кеден бақылауынан аман-есен ешбір қиындықсыз өтіп, шекара офицері алдына паспорттық-құжаттық тексеруге келгенімізде менің паспортымды көрген көзі көкпең-көк, жирен мұртты орыс офицерінің көзі шарасынан шығып кете жаздады.

-Это что, он тоже в составе делагаций? деп көкшіл көзімен маған қадала сұрады? Менің артымда тұрған Қазыбек ағам:

- Да. Он в составе делегаций деді.

Жирен мұртты орыс капитаны менің паспортымды олай төңкеріп көріп, бұлай төңкеріп қарап ақыры өзінің жоғарыдағы бастығына телефон соғып мән жайды айтып жатты. Ілезде подполковник шеніндегі бастық келді. Қазыбек ағамнан бұл адам Қазақстан делегациясы құрамында неғып жүр? деп сұрады. Қазекең саспастан, «Қазақ елінде қазақтармен талай жылдары бірге өмір сүріп келе жатқан орыс ұлтының кейбір азаматтары Ресей азаматтығын қоса алсақ деген өтініш жолдағандықтан, біз осы мәселеде бізге керегі болар деп Моңғол азаматы, ұлты қазақ, қәзір үй семьясымен Алматыда өмір сүріп жатқан осы азаматты делегацияға кеңесші ретінде қостық. Басқа сұрағыңыз бар ма? деді қатқылдау үнмен. Дереу сабасына түскен екеу менің паспортыма «Ресей жерінен шықты» деген мөр соғып қала берді. Қуанғанда төбем көкке сәл жетпеді.

Қазыбек ағаммен қалған әңгімені қанатында көк тудың суреті бар ұшақ ішінде еркін отырып жалғастырдық. Менің көкейімді мазалаған « Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдерінің өтінішіне қатысты қандай шешімге келдіңіздер» деген сұрақ болды. Қазыбек ағам: Қазақстан конституциясында қос азаматтыққа рұқсат етілмейді, оған ешқашан жол берілмейді,- деп ап-анық жазылған, біз осы принципті қатаң ұстандық деді. Мәселе түсінікті. Қазыбек ағамнан естіп білгенім, Ресей президенті әкімшілігіндегілер алғашында онда тұрған не бар? шетелде жасайтін орыс ұлтының өкілдері егер бізден азаматтық сұраса, біз оларға азаматтық бере аламыз деген секілді нешетүрлі қитұрқы саясатқа бармақшы болған көрінеді. Әлем саясаты әсіресе көршілерден болатын саясат мың құбылып тұрған сондай кезде тәуелсіздігін жаңадан жариялаған мемлекетті басқару, оның кем кетігін толықтыру оңай іс емес екендігін бұрыннан сезіп, біліп жүрдік. Алайда «іштен шыққан жау жаман» дегендей мемлекеттің тұрақтылығына сызат түсірерлік осындай мәселені Қазақ елінің пайдасы үшін шешіп, мемлекеттің діңгегін шайқалтпай ұстауға жол ашудың өзі қандай қиын келіссөздер арқасында қол жететіндігіне сол жолы бір көзім жетті. Ал, жол жөнекей кездесіп, мені бауырына тартып, аса мәртебелі «делегацияның кеңесшісі»

болғызған ұлтжанды ағам Қазыбек Өтетілеуовтің сол жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Шетелде біраз жылдар болып елге оралған соң, осы ағамды іздестіріп көрдім. Бұрынғы қызметінен кетіп, басқа қызметке ауысқанын естіп, білдім. Осындай ұлты десе жанын беруге дайын ұлтжанды азаматтар көп болсын!

Қазақ болғаныма мақтанамын

1993 жылы шілде айында Моңғолияның батысындағы Алтай тауларының бөктеріне жайғасқан, қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгий аймағында тұратын әке-шешем, апайым, аға-жеңгемді бала-шағаларымен бірге Қазақстанға көшіріп алу үшін арнайы көші-қонға арналған Ан-24 ұшағына көппен бірге мініп, мен де елге бардым. Жолда біздің ұшақ Өскемен әуежайында еш себепсіз екі күн аялдады. Кейін белгілі болғандай шетелден қазақтарды көшіруге жаны қас топтың өкілдері «Моңғолиядан қазақтарды ұшақпен көшіру деген не, қаншама қаржы кетіп жатыр?»,- деген қауесетті ел ішіне таратып жоғары-төмен дабыл қаққанының әсері болыпты. Қазақ елі сол жылдары өзіндегі экономикалық қиын жағдайға қарамастан Моңғолия қазақтарын атамекеніне «Ан-24» ұшақтарымен, олардың жүктерін Ресей арқылы бөгеті көп 2000 шақырымдық жолмен «Камаз» машиналарымен тасымалдады. 1992-1993 жылдары Баян-Өлгий мен Қобда аймағына 3500-ден астам «Камаз» автокөлігі барып, көшіп келушілердің жүгін тиеді. Әуелі қазақтарды ұшақпен Өскеменге тасыды. Қазақстанның әр облыс, аудан, совхоздардан адамдар барып, шарт жасасып, адамдарды әкетіп жатты. Атажұртқа асыққан қазақтар ұшақпен жетуі жетіп алса да, артындағы жүктері «Камазбен» келіп жатты. Бұл күндері Өскеменнен шекара асып ұшқан Көк тулы тәуелсіз Қазақ елінің әуе ұшақтары Баян-Өлгий аспанында қалықтай ұшып, бірінен соң бірі Өлгий әужайынан қазақтарды тасып жатты. Күн сайын Өлгийдің кішкентай әуежайынан атажұртқа қарай аттанып жатқандарды көрген ақын Мұрат Пұшатайұлының мына өлеңі дүниеге келді.

Көш жүрерде қимайсың сүйікті елді,

Аққан бұлақ, асқар тау биіктерді.

Неге ғана мен ыңғай көше берем.

Көше беру еншіме тиіп пе еді?!

Кей күндері астана Ұланбатырдан аптасына үш рет қатынайтын моңғолдың «МИАТ» әуекомпаниясының «Ан-24» ұшақтары Өлгий әуежайына уақытша болсын қожайындық еткен Көк тулы Қазақ елі ұшақтарының аспанға көтерілуін күтіп, аспанда амалсыз айналып жүрген кездері де болды. «Ан-24» үлгісіндегі он ұшақ үш ай тоқтаусыз адамдарды тасыды. Қандастарына деген ақжарма жомарттық, қандай мәрттік. Ағайындар мұны қалай ұмытсын! Біздің білуімізше, мынадай мәрттік пен жомарттықты қандастарын шақырушы елдер ретінде мақталатын Германия мен Израиль елдері де жасай алған жоқ. Осының бәрін өз көзімен көріп, сезінген әр қазақтың бойындағы қаны тулады, өзінің қазақ болып туғаны үшін мақтаныш сезіміне бөленді.

[caption id="attachment_157319" align="aligncenter" width="570"] Атажұртқа оралған соғыс ардагері Баймолда Қорқынұлының әулеті. Алматы облысы, «Еңбекші Қазақ» ауданы, Саймасай ауылы. 1993 жыл, қыркүйек айының 20 сы.[/caption]

Осыларды көрген етене қоныстас моңғол ағайындар «қазақтар сендердің арттарыңда осындай үлкен елдерің бар, сендер шын бақыттысыңдар ғой» деген ойларын білдіріп жатты. Ең қызығы табиғаты, экологиясы еш бүлінбеген Моңғол Алтай тауларының көрікті, тамаша жерлерін қызықтауға келген жапон, неміс, ағылшын, мажар саяхатшылары көздеріне таңсық көш көрінісін видеокамералары мен фотоаппараттарына түсіріп, тамашалап, таң қалып жүргендеріне куә болдық. Баян-Өлгийге келген жапон туристері: «Бұл не? Елді неге көшіріп жатырсыңдар?» деп таңдана сұрайды. Жапондардың түсінігінде соғыс зардабы, экологиялық апат секілді қиыншылықтар болмаса елдің жаппай қопарылып көшуі ақылға сыйымсыз екен. Жапон, неміс саяхатшылары үшін осындай әдемі, экологиясы таза жерді тастап кетіп жатқан қазақтар өздері бір қызық, түсінуі қиын халық. Ал, мұндағы қазакемнің ой-арманы, мақсаты шетел саяхатшыларының көзі түскен әсем табиғат пен туған жерін

қалдырып, қалайда тезірек Қазақ еліне жету, сондағы қазаққа барып қосылу еді. Қолда бар мәліметтер бойынша 1991 жылдың көктемінен 1993 жылдың күзіне дейін Ұланбатыр және басқа аймақ, өлке, қала, ауылдардан 60 мыңнан астам қазақ Қазақстанға көшкен. Бұл нағыз ерлікке татитын, еш ұмытылмайтын оқиға еді.

Осы жолы өзіме қарасты үш отбасының жиырма бір адамын Алматы облысы, «Еңбекші қазақ» ауданы, бұрынғы Александровка, қазіргі Саймасай ауылына көшіріп әкелдім. Әулетіміздің үлкені әкем Баймолда Қорқынұлы Ұлы отан соғысының ардагері, 1939 жылы Моңғолияның шығысындағы Қалқа өзені бойында жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысқан санаулы қазақтың бірі. Ол Баян-Өлгий аймағы құрылуына өзіндік үлес қосып, сұмын-бірлестік бастығы болды. Кейін Партияның жоғарғы мектебін бітіріп, Сэлэнгэ, Баян-Өлгий аймақтық партия комитетінде, ал анам Шомай Тотығұсқызы сауда мекемесінде екеуі де ұзақ жылдар бойы абыройлы қызметтер атқарған. Ағам Рахат қыр шаруашылығының маманы, зоотехник, жеңгем Уәзира ауа райын зерттеу станциясында техник болған. Ағам мен жеңгем 11 балалы, солардың 8-і төрт реткі егіздер. Апайым Сәуле заңгер, аймақтық прокуратурада қызмет етті. Бұлармен бірге мектеп жасындағы және мектепке дейінгі жастағы 16 бала келді. Бұл 1993 жылы қыркүйек айының 3-і болатын. Аудан, ауыл әкімдері ұшақпен жеткен қандастарын Алматы әуежайынан күтіп алды. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей қандастарды қабылдап алған ауыл әкімі Белмерген Сәтенов, «Жаңашар» оқу-тәжірибелік шаруашылық директоры Нұрмұқан Уайсов қандастарын арнайы дайындаған екі қабат жатақханада бір ай бойы демалдырып, күніне үш уақ тегін тамақтандырып тұрды. Ең алдымен үйлі-баспаналы болуға көмек қолдарын созды. Еңбек жасындағыларды маманына қарай жұмыспен қанымдап, мектеп жасындағы балаларды оқытты. Міне армандап келген атажұрттағы бақытты өмір, аңсаған күндер осылай жалғасты. Әкем, анам, ағам, жеңгем о дүниелік болып, марқұмдарға атажұрттан топырақ бұйырды. Балалар ер жетті, оқып білім алды, үйлі баранды болды, түрлі кәсіптің иегерлері атанды. Бірі заңгер, бірі дәрігер, бірі мұғәлім, екеуі фермер, үшеуі құрылысшы, қалғандары бизнес саласының маманы болып әр салада қызмет етіп жүр. Сол жылдарғы 21 адамның саны бүгінде 100-ден асыпты. 14-15 жас отау Қазақ елінде өз шаңырақтарын құрып, өмір кешіп жатыр. Бұл демографиямызға қосылған аз да болсын үлес деп білемін. Бұған қалай қуанбасқа!

Ал өзім Польша елінің Варшава, М.К.Склодовская атындағы университеттерінде физика мамандығы бойынша оқып, физика ғылымының магистрі атағымен бітірген соң, Моңғолия Ғылым Академиясының Физика-Техника және Химия институттарында 12 жыл ғылыми жұмыспен айналыстым. 1992 жылы Халықаралық Атом Энергиясы жөніндегі агенттік-МАГАТЭ-нің ғылыми жобасына қатысып, аталмыш ұйымның Австрияның Сейберсдорф қалашығында орналасқан орталық зертханасында қызмет еттім. 1996 жылы Еуропадағы Чехия астанасы Прага қаласында орналасқан Техника университетінде ядролық физика саласынан ағылшын тілінде докторлық диссертация қорғадым. Еуропа Одағынан Чехияның солтүстік аймағындағы экологиялық жағдайды зерттеуге арналған ғылыми жобасына және НАТО одағы тарапынан Семей аймағындағы радиациялық қал жағдайды зерттеуге арналған «НАТО-Семипалатинск» атты халықаралық ғылыми жобаға қатыстым. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері Еуропаның ең беделді, рейтингісі жоғары ғылыми журналдарында жарияланды. Біраз жыл сонда жұмыс істеп тұрып атажұртқа оралдым. 2008 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылық қызметтемін. Докторант, магистрант, бакалавриаттарға арнап ағылшын, қазақ тілдерінде сабақ беремін. Осы уақытта ағылшын, қазақ тілінде 16 кітабым жарық көрді. Оның 2-уі ғылыми монография, 2-уі оқулық, 6-уы оқу құралы, 6-уы тарихи-танымдық және публицистикалық кітаптар. Барлығы 150-дей ғылыми және ғылыми-танымдық мақалаларым жарияланды. 50-ден астам халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар қойдым. 3 PhD докторантқа ғылыми жетекшімін, 30- дай магистрант, 60- ға жуық бакалавриатқа жетекшілік жасадым. Отбасымда 4 балам

бар. Жұбайым Ботагөз ұзақ жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет істеді. Көші-қон, шетелдегі қандастармен байланыс жұмысындағы ерен еңбегі үшін 2008 жылы Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Үлкен қызым Айна Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен 2008 жылы Санкт-Петербургтың Медицина Академиясын бітірген. Қазір Алматыда эстетика және пластикалық хирургия клиникасында жоғары дәрежелі пластик-хирург дәрігер. Одан кейінгі Роза Абылайхан атындағы Халықаралық қатынас және шет тілдері университетін ағылшын тілі маманы бойынша бітірген. Қазір Стамбұл қаласында тұрады. Одан кейінгі Жанна Еуропа одағының «Ерасмус мундус» бағдарламасы бойынша Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетін халықаралық қатынас мамандығы бойынша магистратурасын бітіріп, қәзір Қытайдың Ухань университетінде докторантурада оқиды. Кішісі Арай Абай атындағы ҚазҰПУ-дің биология факультетін Елбасы Н.Назарбаев атындағы стипендиясымен биология магистрі дәрежесімен бітірген, қәзір Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Жаратылыстану және география институтының биология кафедрасында оқытушы болып істейді. Осылай армандап келген атажұртымызда елмен бірге еңбек етіп, бақытты өмір кешіп жатқанымызға қуанамыз. Әлемнің 30-шақты елінде болып, талай дастарханнан дәм татып, сол елде тұратын халық өкілдерімен араласып, сөйлессем де дәл өзімнің қазағымдай кең пейіл, ашық, қонақжай, досына адал халықты кездестірмеппін. Әрқашан ашық аспанымызда көк туымыз желбірей берсін, Қазағымыздың мерейі өсе берсін деп тілеймін!

Досан Баймолда,

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры, физика ғылымының докторы, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану Ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі

Қазақ үні