Басқарма басшысы қазақ тіліндегі сұраққа жауап бере алмай тілшіден қашты
2021 ж. 09 сәуір
3644
0
Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтың өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына Ермек Омарбеков деген Семейдің азаматы тағайындалған болатын. Бас дәрігердің таныс-тамырлары әлеуметтік желі арқылы өз құттықтауларын жаудырып жатты. Жеке таныстығым болмаса да, өңірдегі жауапты саланың біріне қазақ азаматының тағайындалып жатқандығына ішім жылып қалған. Арада екі күн өтер-өтпесте бір топ тележурналистің орыс тілінде қойған сауалдарына орысша жауап беріп тұрған басқарма басшысына қазақ журналистерінің бірі: - Ермек Сембайұлы! Осы айтқандарыңызды қазақ тілінде қысқаша айтып бермейсіз бе? – деп өтініш жасап еді, әлгі «қазақ азаматымыз» бойын ток соғып өткендей селк ете қалды. Сөйтті де: - Жо - жо – жоқ, айтып бере алмаймын! – деп ат тонын ала қашты да, бұрылып ап жөніне кетті. Қазақ тілді журналист қаншама әріптестерінің алдында жер болып қала берді... Міне, біздің «Азаматым!» деп ішіміз жылып, көңілімізге жақын тартқан қандасымыздың ана сүтімен дарыған ана тіліне, қала берді білдей бір мемлекеттің мемлкеттік тіліне деген құрметі. Бұл сонда қалай болғаны? Партиялық тізіммен еш қиындықсыз ойнап-күліп жүріп Парламент төрінен орын алған депутаттарымыз мыңқылдап ант бере алмаса, жергілікті денсаулық саласының басшысы «Мемлекеттік тілде сұхбат бермеймін!» деп кергитін болса, біз осы «Тіл! Тіл!» деп несіне 30 жылдан бері ақ тер, көк тер боп жүрміз? Бұл дегеніңіз – барып тұрған бейбастақтық, қазақ дейтін мемлекетқұраушы тұтас бір ұлттың тілін, абыройы мен намысын көзімізді бақырайтып қойып қорлау, табанға салып тұрып таптау емес пе? Мен үшін, мұндай қағынан жеріген қаны жоқ қандастардан гөрі, тілін бұрап сөйлесе де, мемлекеттік тілде бірер ауыз сөз сөйлей алатын өзге ұлт өкілдері әлдеқайда бағалы. Сонда деймін-ау, «Қазақ пен қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін!» деген Елбасы Н.Назарбаевтың, «Қазақ тілінің мәртебесі Мемлекеттік деңгейге көтерілсін!» деген Президент Қ.Тоқаевтың мәлімдемелері қайда қалды? Облыс көлеміндегі кадр мәселесін өз білгенінше сапырыстырып отырған Д.Ахметов мырза қайда қарап отыр? Жаңа басшыны тағайындарда: «Әй, жігітім! Жауапты қызметке тағайындап отырмын, өзің мемлекеттік тілді білесің бе? – деп неге бір ауыз сұрамаған? Әлде, Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаевтың мәлімдемесіне Д.Ахметов мырза да пысқырып қарамай ма? Шынымды айтсам, «Қайран сөзім қор болды-ау..,» деп налыған Абай бабамыз құсап, менің де: «Қайран тілім қор болды-ау..,» дегеннен басқа амалым қалмай отыр. Ортамызда жүрген Омарбеков секілді өз тілінен безінгендерді көргенде, адам кәдімгідей түңіліп кетеді екен. Не айтарыңды да білмейсің. Әлде: - Тәлімін ап әкей менен шешейдің, Бала болдым, сол қоғамда есейдім. Жүріп-жүріп ойға қалам кей күні, Бізге осы қазақ тілі қажет пе, Мемлекеттік тілі барда Ресейдің...? – дейтін күн шынымен де таяп қалды ма...? P.S. Парламент төрінде отырған ұлтшыл азаматтарға құлаққағыс!!! «Егер Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметке тағайындалатын кез келген ұлттың өкілі мемлекеттік тілді жетік меңгермеген болса, ол адам қызметке қабыдануға ешқандай құқы болмауы керек!» деген сұрақты Парламенттің күн тәртібіне қойып, Үкіметтен заңды түрде талап ететін уақыт жетті...
Серік Құсанбаев
Фейсбуктегі парақшасынан