Ораза айы қарсаңында Бас мүфти мәлімдеме жасады
2021 ж. 09 сәуір
1170
0
Биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Бұл туралы елордада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
"Биыл да қасиетті Рамазан айын пандемия жағдайында өткізгелі отырмыз. Жұқпалы дертті оқшаулану, сақтану арқылы ғана жеңуге болатынын анық аңғардық. Осы ретте сіздерді ауызашар кезінде, құлшылық сәттерінде санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамын. Денсаулық – бәрінен қымбат құндылық, Алланың адамзатқа берген аманаты. Осы орайда жасы алпыстан асқан аға-апаларымды ауыз бекітуден бұрын медициналық тексеруден өтіп, дәрігердің тиісті кеңесін алуға шақырамын. Егде жастағы және балиғатқа толмаған азаматтардан күрделі ахуал тұрақталғанша мешітке бармай, құлшылықты үйде орындауын сұраймыз" деп атап өтті Бас мүфти. Ол Қадір түні онлайн өтетінін айтты.
"Алла қаласа, 2021 жылдың қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып осындай шешім қабылдадық. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. 13 мамыр – Ораза айттың бірінші күні. Алла қаласа, биыл 30 күн ораза ұстаймыз. Осы жылғы пітір садақа мөлшері жан басына 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақа мөлшері барлық облыстағы 2 келі ұнның ең төменгі бағасымен өлшенді", деп атап өтті Бас мүфти. Бас мүфти ҚМДБ Рамазан айында айтылатын уағыз-насихат, сұрақ-жауап жұмыстарын онлайн режимде жүргізуді жалғастыратынын, Құран хатым жасау рәсімдері де қашықтан оқылатынын хабарлады.
"Біз Рамазанда бір ай бойы жалғасатын діни дәрістердің, қасиетті Қадір кешінің, ұлық мейрам – Ораза айттың онлайн бағдарламасын дайындап қойдық. Интернет желісі арқылы сұраққа жауап алып, онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады. Біз қазіргі жағдайды ескеріп, өткен жылы жүзеге асырған жобамыз бойынша пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын тағы ұсынып отырмыз", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.