Тоқаев Қарағандыда шығарылған «Спутник-V» вакцинасын салдырды
2021 ж. 07 сәуір
1315
0
Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
«Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жазбада Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғаны, б ұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы екені айтылды.
Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.