«Ақ жол» – ұлтжандылық әлеуеті зор партия

                                Әлеуметтік түйткілдердің түйінін тарқатуға күш салуда

  – Батыс әлемі қайта-қайта «Қазақстанда көппартиялық жүйе жоқ...» деп сынай бергендіктен, біздің билік соңғы сайлауда Парламенттің төменгі палатасын үш партиядан жасақтады. Яғни «Нұр Отанның» қасына коммунистердің лоялды түрі – Қазақстан коммунистік халық партиясы мен бұрын оппозицияда болған, имиджі бар «Ақ жол» демократиялық партиясы сапқа тұрды. Бірнеше жыл бойына Әлихан Бәйменов жетекшілік жасап келген «Ақ жолдың» тізгінін Азат Перуашевтің өз қолына алғанына көп уақыт болған жоқ. Мен білетін Азат Тұрлыбекұлы шаруашылық һәм экономикалық мәселелер төңірегінде өз ой-көзқарасын білдіре алады. Экономист ретінде сауатты. Партия төрағалығына келгелі бері шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдай туғызып, оны дамыту тұрғысында белсенді қимылдауда. Әлеуметтік түйткілдердің түйінін тарқатуға байланысты да бірқатар бастамалар көтеріп жүр. Жалпы, «Ақ жол» – ұлтжандылық әлеуеті зор партия, мұны одан әрі өрістете түсу қажет деп ойлаймын.  

Әзімбай ҒАЛИ,

саясаттанушы

 

 Саясатта «Ақ жолдың» орны бөлек

 

Егер салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қазақстандағы 10 партияның және Парламенттегі 3 партияның ішінде «Ақжолдың» орны бөлек деп ойлаймын. Бұл партияның мүмкіндігі де болашағы да  әлі алда деп білемін. Қазіргі авторитарлық жүйеде ешқандай саяси партия еркін де, демократиялық жолмен жұмыс істей алмайды. Біз осыны жақсы түсінуіміз керек. Партияның кәзіргі қолданыстағы заңдарға «Ақжол» партиясының фраакциясы дайындаған толықтырулар менөзгерістердің кейбіреулеріне (мемлекеттік тілді қолдануға қатысты) өзім де тікелей араластым. Біріншіден, өздерін  «Алаштың ізбасарларымыз» деп атаған партия Алаш мұрасын зерттеу мен халықтың арасында таратуға көбірек көңіл бөлген дұрыс. Ал жақын арадағы жұмыстардың ең бастысы «Ономостика заңына » өзгерістер мен толықтырулар енгізуге «Ақжол» партиясының фракциясының белсенді түрде араласуы деп білемін.

 Дос КӨШІМ,

саясаттанушы

 Халықшыл және көпшіл болу – депутатқа ең керекті қасиет.

  – Азат Перуашев – сөзінің салмағы бар сауатты саясаткер. Мен ол кісімен алғаш рет Президент сайлауы кампаниясында таныстым. Істің көзін, өндірістің жай-жапсарын біледі. Халықтың ортасына барып, сөйлесе алады. Қалың бұқараға не қажет, соны тамыршыдай тап баса біледі. Халықшыл және көпшіл болу – депутатқа ең керекті қасиет. Сол себептен де шығар, бүгінде «Ақ жол» секілді беделді партияға төрағалық етіп, Мәжіліс депутаты атанып отыр. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікті дамыту бағытында үлкен-үлкен, тың бастамалар көтеріп жүр. Құптауға тұрарлық жақсы тірліктері жеткілікті.

 Уәлихан БИШІМБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты

 Азат Перуашев – көптің мүддесін қорғап,  елдің алғысын арқалап жүрген азамат.

 

 «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Тұрлыбекұлы – көптің мүддесін қорғап, сөзін сөйлеп, елдің алғысын арқалап жүрген азамат. Жалпы, заң шығарушы органда халықтың көкейіндегісін тап баса білетін, оның мұң-мұқтажына қанық саясаткер отыруы керек екенін ескерсек, А.Перуашев бұл талапқа толық сәйкес келеді. Қазақстан Парламенті көппартиялық жүйеге өткенде, «Ақ жол» ҚДП-ның Мәжіліс құрамына енуі тектен-тек емес. Бұл – елдің сенімін ақтап, «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, Елбасы саясатын қолдайтындығының айқын һәм жарқын дәлелі. Азат Перуашевтей көшбасшысы бар партия ақылға қонымды және жүзеге асыру тетіктері нақты ойластырылған, орындалуына баршамыздың көзіміз жететін бағдарлама жасап, бүгінде Парламент қабырғасында өте жемісті тірліктер атқаруда. Ақжолдықтар бүгінде қазақстандықтардың үкілеген үміттерін ақтау үшін барын салып еңбек етуде. Байқасаңыздар, партия төрағасы барлық ортада өз пікірі мен ойын ашық білдіреді. Өз ұстанымдары мен көзқарастары бар. Тіпті Парламенттегі кейбір депутаттардың тісі бата бермейтін тақырыптар төңірегінде де батыл пікірлер айтып, депутаттық сауалдар жолдап отырады. «Халықтан асқан сыншы жоқ» демекші, жұртшылықпен етене араласып-құраласып жүргендіктен, «Ақ жолдың» үлкен абырой биігінен орын тепкені – халықтың аузында. «Ақ жол» партиясы оған қоса Мәжіліске сайланған бір жылдан астам мерзімнің ішінде қаншама кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, несие алуына жәрдем беріп, олардың құқығын қорғау бағытында бірталай іс тындырды. Менің ойымша, ақжолдықтардың сайлауалды тұғырнамасын орындауына 100 пайыз мүмкіндігі һәм әлеуеті бар. Сондай-ақ А.Тұрлыбекұлы – мықты саясаткерлігінен бөлек үлгілі шаңырақтың иесі. Тәрбиелі перзенттер өсіріп отыр.  

 Амангелді СОПБЕКОВ,

 Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты:

   

Алаш ізбасары «Ақ жол» заң шығару ісіне қомақты үлес қосып келеді.

– Жаңылыспасам, «Ақ жол» – 10 жылдан астам тарихы бар партия. Және аты бар да, заты жоқ партиялардың қатарынан саналмайды. Сол себептен де болар, өзін тәуелсіздік ұранын ту етіп көтерген кешегі «Алашорда» партиясының рухани ізбасары деп жариялаған «Ақ жол» 2012 жылдың қаңтарындағы саяси додада электораттың сеніміне ие болып, еліміздің заң шығару ісіне қомақты үлес қосып келеді. Әрине, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтай ұлы тұлғалардың ізгі жолын жалғау оңай емес. Алайда ұзақ жылдар бойы бизнес пен нарықтық экономиканың проблемаларымен шұғылданып келген Азат Перуашевтің бір жарым жыл бұрын партия тізгінін қолына алып тұрып: «Ақ жолдың» күнделікті жұмысында ұлттық  идеология мәселелері, зиялы қауым бастамалары және қарапайым қазақ елінің мүдделері ерекше орында тұр» дегені көңілге қуаныш ұялатты. Бұл ретте былтыр қараша айында Алаш қозғалысының 95 жылдығының қарсаңында «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізіп, үлкен бастама көтерді. Зымырап бара жатқан уақыт. Алаш қозғалысының 100 жылдығы да алыс емес. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы Премьер-министрге сауал жолдап, Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңіру үшін, Үкімет кешенді түрде әзірлену қажеттігін ескертіп, өз тарапынан ұсыныстар жасады. Сондай-ақ «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын жариялағанын да ауқымды істердің бір парасы деп есептейміз. Жалпы, кез келген партия көшбасшысына қарап бой түзейді ғой. Маған, мәселен, Азат Тұрлыбекұлының өз ой-көзқарасын бетің бар, жүзің бар демей, ашық әрі батыл айтатыны мінезі ұнайды. Түнеугүні «Шенеуніктің шет елде шоты болмау керек» деген орынды ұсынысты ешкімнен тайсалмай-ақ айтып салды. Және онысы негізсіз де емес. Өйткені халықаралық сарапшылардың есептеуінше, 90-жылдардан бастап Қазақстаннан 138 млрд., Ресейден 798 млрд. доллар оффшорлы аймақтарға ағылып кетіпті. Ресей экономикасының қуаты Қазақстан экономикасынан 12 есе артық екенін ескерсек, қазақстандық жемқорлардың тәбеті ресейлік «әріптестерін» жолда қалдырған көрінеді. Сондай-ақ ол екінші деңгейлі банктердің сыртқы операцияларын жіті қадағалап, тендер тарату жүйесін реформалауды, мемлекеттік қаражаттың барлық операторларына бақылау орнату керектігін жиі тілге тиек етіп жүр. Ал, Мәжілісте Бірыңғай мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры тұжырымдамасының тұсаукесері барысында әйелдердің зейнетке шығу жасын 63-ке ұлғайту тақырыбында Азат Перуашевтің сан алуан деректер мен дәйектерді көлденең тартып, Ұлттық Банк басшысын тығырыққа тірей отырып сауал қоюында сауаттылығы мен халықшылдығы көзге ұрып тұрды.  

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

        "Қазақ үні" газетінен Ж.Шәмші атты қазақ азаматының "Дүние жүзінде маңдайының соры бес елі ұлт екеу болса, оның бірі - қазақ, егер ондай ұлт біреу ғана болса, соның нақ өзі де - қазақ. Өмір бақи "сен тимесең, мен тимеймін" деп өмір сүрді, тіпті, соңғы кездері "сен тисең де, мен тимеймін" дейтін сияқты. Осыны сезген келімсектер мен шетелдік инвесторлар ойына келгенін істеп жатыр" деген қорытындысын оқып, қатты күйзелдім. Неге осынша, Алланың қазақтардың тұрған жерінің астына да, үстіне де толтырып берген байлық несібесін толықтай өздеріне, ұрпақтарына пайдаланбай шет елді жарылқап жатқандығына күйзелмек түгілі жаның түршігеді екен. Қонаев, Тәшеновтердің басшылығынан бұрын Қазақстанды орыс шовинистері биледі. Биліктің айналасына тек жағымпаз, намысы жоқтың қасы, жеке басы жағдайын ойлайтын қазақтарды топтастырды. Өзінен өзі келген Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан асса да, сол жағымпаздардан, олардың ұрпақтарынан қазақ арыла алмай келеді. 2012 жылдың ақпан айына дейін Қазақстанда заң шығарушы Парламент бір партиялық болғандықтан, тиісті саладағы министрліктердің өздеріне ыңғайлы, біржақты даярланған заң жобаларын, бірпартиялық болғандықтан қарсы пікірсіз (жұмыс істеп жатырғанын көрсету үшін) бас қаратпай бекіте берген сияқты. Нәтижесінде бірпартиялықтар бекіткен заңдардың көбісінде жай халықтың мүддесіне қайшылықты жәйттер  баршылық . Мысалы : "Жер кодексі", "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы",   "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңдар. Ал, халықтың мүддесін қорғайтын заңдардағы баптарды алып тастау, әсіресе ҚР Азаматтық Кодекске (Қылмыстық іске де) жасалған өзгертулер мен қосымшалардың саны мүлдем көбейіп кетті. Жапония елінде халыққа қарсы заң шығарған депутаттарға көшеде кедескенде лағнет айтады екен, ал қазақтар болса, оларды қандай заң шығарса да, құрметтеп төрге отырғызып келеді. Қазақи сорақылықтың ең сорақысы халық үшпартиялық парламентке (оның өзінде тек Мәжіліске) әрең қол жеткен кезде, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту жолында    айтарлықтай іс жасап жүрген "Ақ жол" ҚДП -на, оның басшысы Азат Перуашевтың арқасында   толық емес бір жылда, аз да болса 30 шақты жай халыққа пайдасы бар заңдарға ұсыныстар жасағаны үшін, кейбіреулер қазақи көреалмаушылық көрсетіп, "Ойбай, Азат Перуашев жай халықтың алдында абыройлы болып бара жатыр. Оның аяғынан тарту керек, оны жамандау керек" деген ағым пайда бола бастағанға ұқсайды. Сорақысы сол оларда, қазақтар осыдан кейін, "Қазақтың жауы - Қазақ" деген рас па?   деп қаласың, бірақ солай болмауын Алладан тілейік. Қазақстан мемлекетінің жанашыры тек қана қазақтар, ал басқа ұлттар күнкөрушілер, Еліміздегі ұлттар достығының өзі қазақтардың есебінен болып жатыр деп ойлаймын, оған Ассамблеядан сайланған тоғыз парламент депутаттарының қатысы шамалы. Басқа ұлттар ертең қазақ еліне қаралы күн туса, олардың ауқаттылары дүниесін алып өз ұлтының еліне қашып кететіні анық, үйткені бұлай болуы өмір заңдылығы. Оны Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде, еліміздегі басқа ұлттардың миллионға жақын ауқаттылары Қазақстанды тонап кеткендігін көзімізбен көрдік емес пе? Менің ойымша, Азат Перуашевты көпшілік депутататтар сияқты "Мақұлбек" болмадың деп айыптайтын сияқты. Оған қарсы ағымға жағымпаздарды пайдалануда. Жағымпаздық ұлттық дертке айналып бара жатыр деп ойлаймын. Жағымпаздардың кесірінен қазақ халқы зиян, зардап шегуде. Жағымпаздар билікті, байларды қорғаштап, олардың міндетті жұмысындағы кемшіліктерін жиналыстарда жай халықтың айтуына мүлдем мүмкіндік бермей келеді, әсіресе аудан, қала әкімдерінің жылдық есеп беру кезінде. Жағымпаздық елімізде әдетке айналып, ұлттық дертке айналып, қоғамға үлкен зиян келтіруде, жағымпаздықтың мәні негізсіз жала жабумен бірдей емес пе? Жағымпаздықты қылмыстық іс ретінде қарап, бүкілхалықтық күрес жүргізілуі керек шығар. Халықтың Парламенттен Қылмыстық іске негізсіз жағампаздықты, негізсіз жала жабу сияқты арнайы бап тағайындауын талап ету керек сияқты. Сондықтан қазақ жағымпаздық деген ұлттық дертті жоймаса, еліміздің дамуына жағымпаздар жол бермейді деп ойлаймын.  

Бегім ТӨЛЕНТАЕВ,

ОҚО ТҚҚ қоғамдық бірлестігі төрағасы.

 

 

Дайындаған Назипа МАМЫҚОВА