Қатаң карантин шарасы тиімді болмады – Бекшин
2021 ж. 06 сәуір
1073
0
Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында карантин шараларының неліктен жеңілдетілгенін түсіндірді, - деп хабарлайды baq.kz.
Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың ұшығуына байланысты Наурыз мерекесі алдында қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа Қаулысына сай шектеулер енгізілген болатын. Оның ішінде сауда үйлерінің, базар, қоғамдық тамақтану орталықтарының жұмысы тоқтап, жиындар өткізуге тыйым салынған еді. Оған қоса сенбі, жексенбі күндері қала ішіндегі қоғамдық көліктер белгілі бір уақытта ғана жүретін болды. 2 сәуір күні шыққан жаңа қаулы бойынша қаладағы сауда үйлері мен базарлардың жұмысы 5 сәуірден бастап қайта іске қосылатыны айтылған. Ал қоғамдық көліктердің жұмысы 3 сәуірден бастап қайта іске қосылды.
Біз сараптай келе мұндай шектеу шараларының кері тұсын анықтадық. Мәселен шаштараз адамдарды өз үйінде қабылдай бастады. Сол сияқты қосымша білім беретін ұйымдардың мұғалімі де балаларды үйінде қабылдады. Ол жерде ешқандай санитарлық қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Сондай-ақ ірі сауда үйлері жабылған соң кварталішілік дүкендерге адамдар көптеп бара бастады. Онда да қауіпсіздік шарасы дұрыс сақталмаған. Ірі сауда орталықтарында санитарлық шаралар сақталады және адамдардың көптеп жиналмауын бақылайтын адамдар бар, - деді Бекшин. Сонымен қатар ол қаладағы қоғамдық көлікті демалыс күндері тоқтату тиімді болмағанын мойындады.
Эпидемиологиялық зерттеу бойынша 14-20 наурыз аралығында қоғамдық көлікте вирус жұқтыру деңгейі 18,2% болған, ал жаңа Қаулы енгізілген соң, яғни автобусты белгілі бір уақытта жүргізгенде вирус жұқтыру 21,3%-ға дейін өскен. Бұл жерде қолға алған қатаңдатылған шара тиімді болмады, - дейді ол. Сондай-ақ ол мекемелердегі жұмысшылардың 80 пайызын қашықтан жұмыс істеуге жіберу мәселесі оң нәтиже бергенін мәлімдеді. Яғни вирусты жұмыс орнында жұқтыру 9%-тен 5 пайызға дейін төмендеген.