"Қазақалтын" кенішінен алтын ұрлағандар ұсталды

Ақмола облысында "Қазақалтын" кенішінде 122 миллион теңгенің алтынын ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды zakon.kz.

Полицияның мәліметінше, криминалдық полиция мен тәжірибелі тергеушілерден тұратын арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Жедел-іздестіру және тергеу шаралары кешені өткізілді. 300-ге жуық адамнан жауап алынды, кәсіпорын нысандарында, сондай-ақ ауылдың периметрі бойынша орналасқан бейнебақылау камералары түсірген бейнежазбалар зерттеліп, талданды.

Жолымбет елді-мекенінің 26 және 34 жастағы екі тұрғыны жедел қызметкерлердің назарына ілікті, екеуі де "Қазақалтын" ТМК " АҚ жұмысшылары болып табылады.

Жедел іс-шаралар кешенінің нәтижесінде қаскөйлер қылмыс жасалғанға дейін алты ай бұрын бұл қылмысты жоспарлағаны анықталды, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Күдіктілер кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер табылды: дәл сол мөлшерде фабрикадан ұрланған катодты алтын қылмысқа қатысы бар күдіктінің бірінің туысына тиесілі пәтерден алынды.

2 наурызға қараған түні "Қазақалтын" кенішінен 122 миллион теңгенің алтыны ұрланған. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі, "Ұрлық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.