Қашықтан оқыту кезеңіндегі оқу процесі

Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін.

А.Аймағамбетов

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекцияның (бұдан әрі – коронавирустық инфекция) таралуының алдын алу үшін  2020 жылдың 6 сәуірінен бастап, еліміздегі барлық оқушылар қашықтан оқытуға көшірілді. Қашықтан білім беру технологиясының өзіндік ерекшеліктері пайда болды. Оқу процесін ұйымдастыруда оқытуды даралау, оқытудың тиімділігін арттыру, дәстүрлі оқыту нысаны қолжетімсіз болып табылатын адамдарға білім беру қызметін ұсыну – басты міндеттер болып саналды. Қашықтан оқыту жағдайындағы мектеп ұстаздарына әдістемелік қолдау көрсету вебинарлар арқылы, ата-аналар мен оқушыларға арналған түсіндірме жұмыстары  интернет платформалар арқылы жүзеге асып жатты.    Қашықтан оқыту процесінде біздің мектеп-интернат балаларына білім беруде, әрине, біраз қиыншылықтар кездесті. Олар: кейбір мұғалімдер мен оқушыларда жеке компьютердің болмауы, интернет желісінің ұстамауы, т.б. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектептегі компьютерлер мен ноутбук, планшеттерді уақытша пайдалануға беріп, көмек қолын ұсындық.  Оқушылар  техникамен жақынырақ танысып, әлеуметтік желілерді еркін қолданып, өз бетімен жұмыс жасауға дағдыланды. Қашықтан оқу барысында кейбір ата-аналардың пікірі бойынша оқушылардың бос уақыты артып, шығармашылық немесе білімдерін тереңірек жетілдіруге жұмсай алатындықтарын айтты. Осы жұмыстар аясында бұл жаңаша үдеріс ұстаздардың басқа қырынан танылуына, сонымен қатар ұстаздардың теле жүргізуші, диктор ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруіне әкелді. Кәсіби деңгейлері артты. Дегенмен, мектеп басшылығы тарапынан мұғалімдерге де біршама көмек көрсетілді. Барлық мұғалімдер тиісті дайындықтан өткен соң, компьютермен жұмыс істеп, оқушыларға білім беруде барлық мүмкіндіктерін пайдалана алды. Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен үздік мұғалімдер дайындаған сабақтарды   оқушыларымыз «Балапан» телеарнасынан көріп, пән мұғалімдерімен жеке жұмыстар істеді. Қашықтықтан оқыту барысында білім алушылар республикалық әртүрлі байқаулар, пән олимпиадалары, ғылыми жоба конкурстарына қатысты. Білім және ғылым министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының тиімді ұйымдастырған жұмыстарының нәтижесінде  білім алушылар өз білімдерін қашықтан оқыту процесінде дәлелдеп, байқауларға онлайн қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс жасауына, әртүрлі білім технологияларын пайдаланып, жан-жақты білім алуына, ата-аналардың түсіністікпен қарауына, денсаулықтарын әрдайым күтуге деген ықыластарын оятуға үнемі көңіл бөлініп отырады. Қашықтан оқыту барысында оқушылар мұғаліммен күнделікті қолжетімді байланыс құралдарымен байланысып,  оқушылар тапсырмаларын өз беттерінше орындап, тапсырмаларды мұғалімдерге тексертіп, бағаланып отырады. Өз міндеттерін өте жақсы түсінетін оқушылар мұғалім берген тапсырмаларды орындаумен бірге, өз бетінше білім алуды жүйелі жүзеге асырып отырады. Мектеп-интернатта ұйымдастырылатын онлайн жарыстарға үнемі қатысып, өздерінің білімдерін дәлелдеп, сыни тұрғыда ойларын, пікірлерін де білдіріп отырады. Мектеп психологы  қашықтан оқыту жағдайында білім алушылар мен олардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету бойынша психологиялық ойындар, жаттығулар өткізіп тұрады. Қашықтан оқыту барысында сынып жетекшілердің атқарар істері шаш-етектен десек, артық айтқандық емес. Сабақ кестелерін енгізу, оқушыларға кері байланыс беру, оқу барысы мен нәтижелері туралы, оқушылардың өзіндік жұмыс жасаулары, электрондық журнал, күнделік жүйесінде оқушылар мен ата-аналардың сұхбат, форумдарын жасау, күнделікті олармен хабарласып, сабақтарға кешікпей қатысу, таңертең барлығының сабақта отыруын қадағалау, түгендеу, тіпті ұйқыдан оятуға дейін кей жағдайларда сынып жетекшінің атқаратын жұмысына еніп кететін жағдайлар болады.    Пән мұғалімдері де ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жүйелі пайдаланып, электрондық журнал, күнделікті уақытымен сауатты толтырып, оқу кестесіне сай сабақ өткізумен қатар, оқушының өзіндік жұмыстарын ұйымдастырып, кері байланыс, жеке консультациялар, үй тапсырмасына көмектер ұйымдастырып отырады. Оқушылардың тапсырмаларын тексеріп, қалыптастырушы бағалау мен рефлексияны тиімді өткізеді. 9,11-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауына қосымша сабақтар ұйымдастырылып, пән мұғалімдері үнемі жұмыс жүргізіп отырады. 11-сынып оқушыларының ҰБТ-ке дайындығы, қосымша сабақтарға қатысып, тиісті мәліметтер алуына жағдай жасалынып отыр. Мектеп бітіруші 11-сынып оқушылары мектепте оқып жатқандықтан, олардың дайындығына  көп көңіл бөлінуде.         Қашықтан оқыту орта білім беру ұйымдарының тәжірибесінде бұрын болмады. Соның өзінде Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің іскерлігі  нәтижесінде білім берудің қашықтан оқыту түріне де оқушылар төселіп қалды. Мұғалімдер берген білімге қарап отырмай, өз тұстарынан ізденіп, терең білім алып жатқан оқушыларға, еліміздің болашағы – жас таланттарға үлкен жауапкершілікпен қарап, білім мен тәрбие беруге, сыни тұрғыда ойлану қабілеттерін дамытып, ел болашағын  құруға белсене атсалысуға баулу – қазіргі педагогтердің міндеті. «Балам» дейтін жұрт болмаса, «жұртым» дейтін ұрпақ қайдан болсын» деген ғалым, педагог, реформатор Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан барлық мұғалімдер мен ата-аналар балалардың болашағына бей-жай қарауға құқығы жоқ. Жұмылған жұдырықтай болып, бірлік пен татулықта жұмыс істеп, Білім  және ғылым министрі А.Аймағамбетов айтқандай: «бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға» шын жүректен сенеміз. Қазіргі мамандардан шығармашылық тұрғыдан ойлай білуі, соның негізінде шешім қабылдауы және өмір бойы оқып үйренуі талап етіледі. Әлемдік ақпарат кеңістігіне жол ашып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық ізденістерін арттырып, білікті маман дайындап, оны өз игілігімізге жарата білсек, ұтар тұсымыз да сол болмақ.  Бар күш-жігерімізді болашақ ұрпаққа білім беру, техникалық прогреске баулу, ел қамына белсене араласатын ұлт болашағын дайындауға жұмсасақ, еңбегіміздің жанғаны деп ойлаймын. Жанар Айдарбекова,  Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.