Алғыс арқалаған азамат
2021 ж. 02 сәуір
1356
0
Бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлап, оның адамдар өміріне төндірер қаупі әлі де сейілмей тұрған бүгінгі таңда, әсіресе дәрігерлер қауымын халықтың денсаулығы үшін күрестің нағыз қаһармандары десек, артық айтқандық емес. Бұл өзіміз көріп, басымыздан кешіп отырған шындық.
Егер бұрындары емханалар мен ауруханалардағы әр медицина қызметкері тек өз мамандығына тиесілі саласы бойынша ғана жұмысын атқарса, коронавирус пандемиясы басталғалы бері дәрігерлер қосымша мамандықты игере бастады. Өйткені адамдар денсаулығына төніп тұрған індет қатері әр дәрігерден жанжақты жұмыс істеуді талап етіп отыр. Мұндай талап әрине әр медицина қызметкерінен асқан төзімділік пен біліктілікті қажет етеді. Сол ел алдындағы өз дәрігерлік парызын адал өтеп жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі - жоғары санаттағы тәжірибелі дәрігер, хирург-уролог Ғани Әміров.
Сонау 1996 жылы Қарағанды қаласындағы Медицина институтының емдеу факультетін ойдағыдай тәмамдаған Ғани өзінің дәрігерлік еңбек жолын қазіргі Алматы облысының Іле ауданының Өтеген батыр кентіндегі аудандық Орталық ауруханада хирург болудан бастады. Қызметіне кіріскеніне көп уақыт өтпей-ақ хирургия ғана емес адамдарды емдеудің басқа саласында шеберлігін меңгеру қажет екеніне көз жеткізді. Қысқа мерзімді алты айлық курстан өтіп, медицинаның урологиялық қызмет көрсету мамандығын да игеріп, ендігі жерде хирург-уролог болып, қос саланы қатар жүргізе бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдардағы халықтың экономикалық әл-ауқаты деңгейінің аса төмен болған ол кезеңдерде әсіресе медицинада сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа технологиялар жоқтың қасы еді. Соған қарамастан сырқатына ем іздеген әр адамға қолдан келгенше көмек беру керек-ті. Сол кездегі қиын кезеңде шыңдалған Ғани Әміров өз мамандығының нағыз кәсіби шеберіне айналды. Адал еңбек етіп, халықтың алғысын алып, үлкен беделге ие болды.
2010 жылы Алматы қаласында жаңадан ашылған Жедел-шұғыл қызмет көрсету орталығындағы аурухананың урология бөліміне ауысып, қызметін әрі қарай жалғастырды. Аталған аурухананың құрылу тарихы тым әріде жатыр. Дәлірек айтқанда 19 ғасырдың сонау 1896 жылдары Семиречье Уезі кезіндегі Верный (қазіргі Алматы) қаласында іргетасы қаланған. Ал 2016 жылы аурухананың құрылғанына 120 толуына орай мерейтойы аталып өтті. Қазіргі таңда аталған дәрігерлік Орталық ғимараты жаңартылып салынып, аумағы айтарлықтай кеңейтілді. Сонымен қатар мұнда сырқаттарға аса жоғары сапада дәрігерлік ем-шаралар көрсету мақсатында ең озық үлгідегі заманауи медициналық техникалар сатып алынған. Ауруханада жаңа үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған диагностикалық- зертханалар,УЗИ,КТ,МРТ тәрізді сапалы қызметтер адамдар сырқатын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Аталған урология бөлімінде жоспарлы және ақылы емдеу түрінде науқастар ем қабылдай алады. Мұнда әр палатада 2 адамнан барлығы 320 орын бар. Бөлмелер жылы да жайлы, емделушілерге барлық қажетті жағдайлар толық қарастырылған.
-Былтыр бүкіл әлем жұртын алаңдатқан пандемия індеті басталғанда карантин жарияланған 13 наурыз бен 25 мамырға дейін біздің дәрігерлік Орталық та өзгелер тәрізді қажеттілік талаптарына сай инфекциялық ауруханаға айналды. Мұндай шараның дұрыс және өз кезінде жасалғанын уақыт көрсетті. Әрине осында қызмет ететін барлық медициналық қызметкерлер үшін өте бір қиын да сыны ауыр кезең болғаны айтпаса да түсінікті. Бәрін былай қойғанда шыжыған жаздың күнінде аяғыңнан басыңа дейін тұмшаланып, инфекциядан қорғайтын арнайы киіммен тәуліктеп тыным таппай зыр жүгіріп жүрудің өзі зор шыдамдылықты қажет етеді. Кейде сырқаттар ауруының түріне қарай 4-5 сағаттан аса уақыт ота жасайтын кезім де болды. Сырқаттарды былай қойғанда қаншама дәрігерлер жұқпалы індет қатеріне басын тіге жұмыс істеді. Бұл біздің әр дәрігердің халқымыздың алдындағы атқаратын бұлжымас міндеті. Өмір үшін арпалысып жатқан сырқаттың жарық күнге деген үмітін үзбеу үшін, әрқайсының тез арада аяқтан тұрып кетуі үшін дәрігерлік шеберлігің мен күш-қуатыңды аямай жұмсап, солардың тілеуін де тілейсің. Бұлай ету-әр дәрігердің қасиетті парызы,-дейді тәжірибелі дәрігер-уролог Ғани Қондыбайұлы.
Көптеген салалар сияқты біздегі медицинаның өз мәселелері жеткілікті, өзгелерден көш ілгері кетті деп айта алмаймыз. Оның да бірнеше себептері бар. Ол алдымен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, алатын жалақысына қатысты деуге болады. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің айлығы әлі де көтеруді талап етеді. Оған қоса баспана мәселесі де бар. Көптеген жас мамандар пәтер жалдап біреулердің есігінде жүргені де жасырын емес. Халықтың денсаулығын ойласақ алдымен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту аса қажет. Сонда ғана адам өмірін сақтап қалу үшін ажалмен алысқан ақ халатты жандар жемісті еңбек етіп, ұлтымыздың болашағына сенімді бола аламыз. Бұл бағытта бүгіндер мемлекет тарапынан бірқатар шаралар іске асырылып жатқанмен әлі де аздық етеді. Соған қарамастан өз ісіне берілген, халық алдындағы міндетін адал атқарып жүрген жандар жетерлік. Қиындығы мен машақаты көп дәрігерлік қызметін мүлтіксіз орындап, халық денсаулығы күзетінде тынымсыз қызмет атқарып жүрген осындай ақ халатты абзал жандарды халықтың нағыз қаһармандары десе де болғандай. Адамдардың ақ алғысын арқалаған осындай абзал жандардың мерейі әрқашан үстем болсын деп тілейміз.
Әбділдәбек ЖАНАТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Алматы қаласы.
qazaquni.kz