Президент Шот-Аман Уәлихановтың қайтыс болуына байланысты көңіл білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті сәулетші, ғалым әрі қоғам қайраткері, қаламгер Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Ақорда. "Шот-Аман Ыдырысұлы елімізде сәулет өнерінің қарқынды дамып, жаңа белеске көтерілуі жолында көп еңбек сіңірді. Көптеген еңселі ғимараттар мен көрікті ескерткіштердің авторы атанды. Халқымыз оны Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі ретінде жақсы біледі. Ғұмырын шығармашылық ізденістер мен ғылыми зерттеулерге арнап, қаламгерлік жолда да жемісті жұмыс жасады. Руханият байлығын дамытуға едәуір атсалысты. Соңына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырған Шот-Аман Ыдырысұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады", – делінген жеделхатта.