Қазыбек Иса. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕ СЕРІКТЕСТІК – МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ СЕРІКТЕСТІГІ МЕ?!.

2
951

80 МЕКТЕП КІМДЕРДІҢ ҚАЛТАСЫНДА КЕТПЕКШІ?!.

ҚОҚЫСТАН МИЛЛИАРД ЖАСАУШЫЛАР КІМДЕР?!.

Бұлай айтуымызға бүгін парламенттегі «Ақ жол» партиясы фракциясының «Мемлекеттің сыртқы қарызы қарапайым халықтың қалтасын қақпауы тиіс! «-атты депутаттық сауалы себеп болды.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә.А. Смайыловқа жасаған «Ақ жол» партиясы фракциясы мүшесі Андрей Линниктің депутаттық сауалын оқи бастағаннан желге ұшып жатқан миллиардтардың екпінінен төбе шашыңыз тік тұрады.

Иә, «Ақ жол» партиясы парламентте сыртқы қарыз проблемасын үнемі көтеріп келеді. Бүгінде еліміз сыртқы кредиторларға 160 млрд. АҚШ долларынан астам қарыз, бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 90,7 пайызын құрайды және күн сайын өсіп келеді.

Біздің нақты, дәлелді сауалдарымызға шекесі тар шенеуніктер «тек мемлекеттік қарызды есепке алу керек» деген шығарып салғыш түсіндірмелермен құтылып кетуде. Олардың айтуынша кәсіпорындардың сыртқы қарызы халыққа әсер етпейтін сияқты.
Алайда, мұндай тұжырымдар экономикалық сауатсыздықты ғана білдіреді. Өйткені, бұл мәселеге «Ақ жол» партиясының депутаттары мен партия төрағасы бірнеше рет назар аударып, көзге шұқығандай көрсетіп, соқырға таяқ ұстатып берген болатын…

Мысалы, тек Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) жалпы сомасы 9,4 млрд. доллардан асатын 280 жобаны қаржыландырды, оның 66 пайызы – жеке секторда.

Осы миллиардтаған доллар қарыздарды халық төлей ме, жоқ па, оған су жаңа екі мысал келтіруге болады.
Негізі жеке кәсіпорындар қарыз алушы болып көрінгенмен, қыруар қарыз қарапайым азаматтардың салығынан жиналатын мемлекет қаржысы арқылы қайтарылады.

Мәселен, елордада мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) желісі бойынша мектептер салу жобасы дайындалуда, онда құрылыс салушы компания бір мектептің құнын 7,5 млрд. теңгеге бағалады. Ал негізі қарапайым мектеп салуға мемлекет 1,5 миллиардқа, ары кеткенде 2 миллиардқа дейін қаржы жұмсайды. Сонда ар жағындағы 6 млрд доллар кімдердің қалтасына кетуде. Әрине, халықтың емес. Бірақ қарызды халық төлейді салық арқылы…

«Жалпы алғанда, 30-40 млрд. теңгенің орнына 150 миллиардқа 20 мектеп жоспарланған. Демек, қала салық төлеуші халықтың қалтасынан 110-120 млрд. теңге артық алып отыр. Бұл не деген жалған «инвестициялар»? Қаланың өзіне біреудің несиесін жылдар бойы 4 есе артық төлегеннен гөрі 30-40 миллиардтық мектептерді салған тиімдірек емес пе?»-дейді депутат Андрей Линник.

Иә, 150 миллиардқа 100 мектеп салуға болады. Сонда астанамызда 100 мектептің ақшасына 20 мектеп салмақшы сабаздар кімдер? 80 мектеп кімдердің қалтасында кетпекші?

ҚОҚЫСТАН МИЛЛИАРД ЖАСАУШЫЛАР КІМДЕР?!.

Бұл аз болса, тағы бір мысал:
«Семей қаласында МЖС желісі бойынша ЕҚДБ қаржыландыруы арқылы 6,8 млрд. теңгеге қоқыс өңдеу полигонын (ҚТҚ) салу жоспарлануда. Ал дәл осындай полигонның сметалық құны Батыс Қазақстан облысында 200 млн. теңге болған.
Яғни, Семейдің қоқыс полигоны тіпті 4 емес, 34 есе қымбат тұрады!! Осы сала мамандарының есептеуінше, әр түрлі аудандар мен технологияларды ескерген күннің өзінде де , жобаның құны 11 есеге артық»-дейді ақжолдық депутат.
Сонда Семейдегі қоқыстан миллиард жасаушылар кімдер?

Әлеуметтік желілерде Семей қаласы әкімдігі жанындағы «Келешек» мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Мақсұт Нығметовтың хаты пайда болды. Онда ол батылдық танытып, әкімдік шенеуніктерінің қысымына қарамастан, банкіге бұл жобаны жасаудан бас тартатынын хабарлайды.
Ол бұндай қадамы үшін тез арада жұмыстан шығарылатынына қарамастан, әкімдіктің ЕҚДБ-мен сценарийі бойынша тарифтердің 15 есе өсуіне әкелетін келісімге қол қоюдан түбегейлі бас тартатынын жазады!
Коммуналдық кәсіпорын басшысы тарифтердің жоспарлы түрде тым тез өсуінің себебін полигон құрылысына арналған сыбайлас жемқорлық сметаларының бірнеше есе артуымен тікелей байланыстырады.

Бұл біздің шенеуніктердің сыртқы қарыздарды өте күмәнді мақсаттарда қалай пайдаланатындығының айқын мысалы. Бұл несиелер үшін ақыр соңында қарапайым азаматтар қалтасынан күйеді
.
Шын мәнінде, мұндай қарыздар ешқандай да «инвестиция» емес, халықтың ақшасын біреулердің жеке қалтасына салып беру құралына айналуда.

Жеке біреулерді байлыққа батырып, ал әкімдікті қарызға батыратын, ақырында ол миллиардтарды сіз бен біз, қарапайым халық төлейтін сыртқы қарыздардың сыры міне, осындай, халайық!

Сонда біздің «МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕ СЕРІКТЕСТІК» – МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ СЕРІКТЕСТІГІ МЕ?

Кеше ғана үкіметіміз ЕҚДБ-мен серіктестік туралы 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімге кезекті кеңейтілген негіздемелік келісімге тағы қол қойғаны да көңіл аударарлық жәйт…

Шетелден тартылатын инвестициялар және олар бойынша жобаларды іске асыру біздің мемлекеттік мүдделерімізге және бірінші кезекте жалпы қоғамның мүдделеріне жауап беруі тиіс деп санаймыз.
Сондықтан «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы:

1) Тарифтердің тұрақтылығы және бұл жүктемені Қазақстан азаматтарына салмау тұрғысынан МЖС шеңберінде сыртқы қарыз алу тәсілдерін қайта қарау;
2) Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің назарын көрсетілген мысалдарға аудару (Семей қаласынан кәсіпорын басшысының хаты қоса берілген).
3) Әлеуметтік желілерде жарияланғандай, «Келешек» кәсіпорнының басшысы Мақсұт Нығметов тиімсіз шартқа қол қоюдан бас тартқаннан кейін оны полиция қызметкерлері әкімдік залынан алып кеткен. Осыған байланысты, адал адамды шенеуніктердің қудалауынан қорғауды талап етеді.

Қалтасын қалыңдатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы болғандардың денсаулығына күмән келтіретін қазіргідей жағдайға жеткен заманда Мақсұт Нығметов секілді жеке басының жағдайынан ел жағдайын, мемлекет мүддесін жоғары қоятын ерлеріміз көбейе беруі үшін біз оларды қолдап, қорғауымыз керек!

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

2 ПІКІРЛЕР

  1. Жазушы, проф. Совет-Хан Ғаббасұлы. 2021 ж. Сәуір 2 At 18:05 GMT+0600
    Қадірлі азаматым Қазыбек ( Иса ) көтеріп жүрген МӘСЕЛЕЛЕРІҢ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – екеніне ризамын. Әсіресе ғасырлар бойы ҚАСІРЕТ шегіп келген АНА ТІДІҢ мәселесін шешетін уақыт жетті. Осы мәселені ҮКІМЕТ деңгейінде шешуді – бұдан ары СОЗА БЕРУГЕ болмайды. БЫЙЫЛДАН қалдырмай шешілуге күш салғаның жөн…

  2. Жемқорлық үшін жасалған жымысқы бағдарлама бұл. Басқа ештеңе емес. Өкініштісі халыққа бір тиын пайдасы жоқ. Несін айтайық, біздегі барлық мемлекеттік бағдарламалар жемқорлық үшін жасалған. Маңдайымыздың соры бес елі ұлт болдық. Бір Құдай ғана көмектесе алатын шығар. Мына биліктен өз басым ешқандай жақсылық күтпеймін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз