БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ БІЛМЕЙТІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ КІМГЕ КЕРЕК?!.
2021 ж. 25 наурыз
4112
7
Бұның алдындағы «Кәсіптік білім – нәсіптік мамандық» атты мақаламызда айтылғандай, жақында, Наурыз мерекесі қарсаңында 16 наурызда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік–мәдени комитетінің «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері: білім беру процесін жаңарту және колледждерді материалдық-техникалық жарақтандыру» атты кеңейтілген тақырыптық отырысы өтті.
Әлеуметтік–мәдени комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетова жүргізген комитет отырысына Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева және бейнеконференция байланысы арқылы Білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау вице-министрлері, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Негізі тақырып өте маңызды. Әсіресе, өндірістік салада жас мамандар дайындау тұрғысында келелі кеңес болды. Отырысқа қатысушы Мәжіліс депутаттары, облыс әкімі орынбасарлары, колледж басшылары да осындай тақырыптарда өз ойларын, құнды пікірлерін ортаға салды.
Осындай мәні зор, мәмілелі жиынның бас баяндамашысы Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова болды.
Білім вице-министрі Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Елнұр Бейсенбаевтың мемлекеттік тілде қойған сұрақтарына орыс тілінде жауап берді. Ал менің және Берік Әбдіғалиұлының тікелей вице-министрге қойған сұрағымызға департамент директорының орынбасары жауап беруге тура келді. Бір таңқаларлығы, вице-министр бейне бір Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған Қазақстанның астанасында емес, Ресей губерниясында отырғандай, еш қысылмастан, кешірім не рұқсат сұрамай-ақ емін-еркін жауап беріп отырды. Вице-министрдің қылығына қарасаңыз, мемлекеттік тілін аттап өтіп, шет елдің мемлекеттік тілінде сөйлеу барынша заңды секілді...
-Вице-министр ханым, Сізге менің екі сұрағым бар.
Бірінші. Қазір көптеген колледждер жеке басқаруға өтіп жатыр, ол – сенімгерлік басқару. Осы уақытқа дейін 10 колледж сенімді басқару арқылы жеке кәсіпорындарға өтіпті, тағы 27-сі дайын тұр екен. Осы колледждерде, сенімгерлік басқару арқылы жекелерге өткенде біліктілік талабы қалай қадағаланады? Бұл бірінші сұрақ.
Екінші. Жаңа менің алдымда сөйлеген депутаттар да айтты, колледждегі оқытушылардың 30 пайызы ғана жоғары білімді. Бұл колледжде оқыған мамандардың әлсіз болуына басты себеп болады.
Өздеріңіз де ең басты проблеманың бірі ретінде колледждердің тартымдылығы жоқ деп жатырсыздар. Ең бастысы оқытушылар құрамын жақсарту керек. Бізге түскен шағым бойынша сіздерде қазір, мысалы, магистрге, одан кейін категориясы бар оқытушыларға қосымша жалақы төленбейді. Олардың жалақысы техникалық қызметкерлермен бірдей. Сондықтан ол жерде жоғары оқытушылар құрамын жақсарту керек секілді. Бұл бағытта не істеп жатырсыздар?
Үшінші. Бұл сұрақ емес, талап. Сіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының мемлекеттік тілде қойған сұрағына өзге тілде жауап беріп жатырсыз. Бұны қалай түсінуге болады? Басқаларға қайтесіз сонда? Министріңіз қазақ тілін қолдап жүр, ал сіздер керісінше жұмыс істейсіздер. Сондықтан маған мемлекеттік тілде жауап беруіңізді талап етемін. Рақмет.
Менің бұл тікелей өзіне мемлекеттік тілде қойған сұрағыма вице-министр тағы да өзге тілде: «Джамиля Нусупжановна, ответит Департамент профтехобразования, заместитель директора Ернат Гапуович»-деп жалтарып кетті.
Осы жерде тағы да еске түсіп отыр, былтыр 2020 жылы 6 сәуірде «Қазақ үні» ұлттық порталында «БАС САНИТАРДЫҢ РЕСЕЙ ТІЛІНДЕГІ СӨЗІН МИНИСТР АУДАРЫП БЕРЕ МЕ?» атты мақалам жарияланған еді. Байқаймын, Білім вице-министрі оны оқи қоймаған секілді, сондықтан онда айтқандарымды енді өзіне қарата қысқаша келтіре кетейін:
1.Қазақстанның Білім вице-министріне Мемлекеттік тілді, яғни Конституция мен Тіл туралы заңды аттап-таптап өтуге кім рұқсат берді?!.
2.Қазақстанға 30 жылдың ішінде көшіп келген, бүгінде 2 миллионға жуықтап қалған қандастарымыздың және Тәуелсіздік алғалы 30 жылда қалыптасқандай, орыс тілін білуді қажет санамайтын ауылдағы қазақтарды қосқанда, 10 миллионннан аса азаматтарды айтпағанда, бүгінде жалпы 78 пайыздан асатын қазақтардың мемлекеттік тілдегі ақпарат алу құқын шектеуге кім рұқсат берді?
3.Егер Білім вице-министрі МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕСЕ, ВИЦЕ-МИНИСТР ЕТІП ОНЫ КІМ ТАҒАЙЫНДАДЫ?
Вице-министрді жауапты лауазымды мемлекеттік қызметке қойып отырғанда одан Мемлекеттік тілді білу Президент Әкімшілігінде, Үкіметте, Мемлекеттік қызмет агенттігінде және Білім және ғылым министрлігінде талап етілмеген бе? Жоқ мұндай талап біздің Тәуелсіз Қазақстанда 30 жылдан бері әлі жоқ па?!.
4.Ендеше, Мемлекеттік тілді білуге сауаты жетпейтіндерді тек Ресей тілін білсе, жеткілікті деп санап, қызметке ала беретін болса, вице-министр етіп, осындай қалың елдің жауапкершілігі мен білімін жүктеген лауазымды қызметке қойған басшылар барлық жерде оның сөзін Мемлекеттік тілге аударып беріп отырсын.
Иә, өткенде «Ақ жол» партиясының фракциясы Парламент Мәжілісінде Үкімет басшысына «Мемлекеттік тілдің мәртебесін жекедара анықтайтын уақыт жетті» атты депутаттық сауа жолдаған себебі, дәл осындай заң бұзушылықтар біздің мемлекеттік органдардың бәрінде дерлік әдеттегідей жағдайға айналған. Кез келген жерде биліктің біздің алдымызға тосатын «Мемлекеттік органдардың іс-қағаздарының 93 пайызы мемлекеттік тілде жүреді» деген жаттанды жауабына осы вице-министрдің де, кешегі бас санитардың да, күнделікті мемлекеттік органдағы мемлекеттік тілде сауаты жоқ басшылардың да, басқаларының да аудармашылар аударып берген іс қағаздары кіреді. Сонда ол 93 пайыз іс қағаздары іс жүзінде пайдалы ма, зиян ба?!.
Иә, мемлекет мүддесін қорғап жүрген кез келген ел патриотының көкейінде «БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ БІЛМЕЙТІН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ КІМГЕ КЕРЕК?!.-деген сұрақ тұратыны анық.
Отыз жыл бойы ойлы адамды мазалап келе жатқан бұл басты сұрақтан біз қашан құтыламыз?!.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты