МАҚСАТ – БІЛІКТІ МАМАНДАР ДАЙЫНДАУ

        Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО кафедрасы 1996 жылы құрылған Орталық Азия аймағында журналистика және коммуникация жөніндегі жалғыз кафедра болып табылады.          ЮНЕСКО кафедраларының ЮНИТВИН бағдарламасы 1992 жылы құрылды. Оған 116 ел қатысады. Бұл халықаралық деңгейде ЖОО арасында білім, тәжірибе алмасу арқылы институционалдық әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарлама. Осы бағдарламаның нәтижесінде ЮНИТВИН желісі құрылды, дүниежүзінде ЮНЕСКО кафедралары ашылды. Бұл кафедралар адами, материалдық ресурстарды біріктіре отырып, қоғамды дамытуға арналған кезек күттірмес міндеттерді шешуге атсалысады. Бүгінде бұл кафедралар ғылыми ортадағы, азаматтық қоғамдағы шешуші орталықтарға айналды.           Кафедрамыз әлемдік ЮНЕСКО кафедраларымен, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросымен ортақ шараларды жүзеге асырып, сөз бостандығы және тұрақты даму мақсаттары аясындағы ЮНЕСКО құндылықтарын дамытуға атсалысып келеді. Кафедра ЮНЕСКО, БҰҰ тарапынан ұсынылатын халықаралық жобаларды орындап келеді. Соңғы үш жылда кафедра орындаған жобалардың қаржылық көрсеткіші 77 401 332 теңгені құрады. Бұл жобалардың нәтижесінде республикалық жоғары оқу орындарының оқытушыларына семинар-тренингтер өткізіліп, білім беру үдерісіне ЮНЕСКО стандарттарына негізделген пәндерді енгізуге мұрындық болды. Сондай-ақ, өңірлік журналистерге, баспасөз қызметінің өкілдері мен ҮЕҰ өкілдеріне семинарлар өткізілді. Коммуникацияны дамыту халықаралық бағдарламасының есебінде кафедраның халықаралық деңгейдегі қызметі атап өтілді.        Кафедра жұмысын Парижде орналасқан ЮНЕСКО штаб пәтері тікелей қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Кафедра жұмысын бағалап, кафедра меңгерушісін тағайындайды. Қашықтан оқытудың білім сапасына әсеріне келсек, әрине, пандемия білім беру сапасына, республикалық жоғары оқу орындарының барлық жүйесіне кері әсерін тигізді. Кейбір ЖОО студенттері технологиялар мен ресурстарға қол жеткізе алмай қиналды. Әсіресе Қазақстанның шалғай елді мекендерінде тұратын студенттердің көпшілігінде сапалы интернет пен қажетті техникалық құрал-жабдықтар болған жоқ. Қашықтан оқуға студенттердің барлығы бірдей бейімделіп кетті дей алмаймыз. Белгілі бір қиындықтарды оқытушылар да бастан кешірді. Техникалық мәселелерден басқа, сапалы қашықтан оқыту әдістерін енгізуде мәселелер етек алды. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндік. Оқытушы профессорларда мамандыққа деген шығармашылық көзқарас пайда болды, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін бұрынғыдан да белсенді қолдана бастады. Университетте мониторинг, бағалау, емтихан алу жүйелері жедел қайта құрылып, жетілдірілді. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орны ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті коронавирус туғызған қиындықтарды табысты шеше білгендігін айтуымыз қажет. Қашықтан оқытуға көшкен өткен жылдың 16 наурызынан бастап аптаның жеті күнінде тәулік бойы университет оқытушылары мен студенттер ақпараттық технологиялар бөлімімен тығыз байланыста болып, кеңес алды. Сондай-ақ, оларға техникалық қолдаулар көрсетіліп, вебинарлар өткізілді.          Әрине, қашықтан оқыту педагогтармен, саламен, өндіріспен жанды қарым-қатынасты ауыстыра алмайды. Тақтаның алдында студенттің көзіне қарап тұрып, дәрістен алған әсерін ұшқындаған жанарынан аңғару бір басқа да, монитордың алдында отырып, техника мен интернетке тәуелді болу бір басқа. Сондықтан жоғары білім берудің әлеуетін нығайтып, тәуекелді басқарудың стратегиялық жоспарын құру, оны дамыту, аралас оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру, технопарктердің базасын нығайту кезек күттірмес мәселелер. Шалғай өңірлердегі студенттердің техникалық қажеттіліктері мен оқу барысында кездесетін өзекті мәселелерін анықтап, әлеуметтік көмек көрсету де күн тәртібінен түспейді. Қазір жағдай түзелді. Техникалық тұрғыдан барлық жүйе мүлткісіз жұмыс істейді.         Бүгінде журналистика факультетінде ғылыми-білім беру мектептері қалыптасып келеді. Бұл ұлттық университеттің дамуының негізі болып табылатын уақытпен үндескен міндеттер. Ғылыми-зерттеулердің пәнаралық сипат алуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ғылыми мектептер профессор-оқытушылар мен студент, магистрант, докторанттарды түрлі саладағы ғылыми тақырыптар аясында біріктіре отырып, іргелі зерттеулер жүргізеді, жас ғалымдарды даярлап, ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Жасанды интеллект, медициналық журналистика, экологиялық журналистика, климат өзгерісі, когнитивті ғылымдар т.б. салаларда идеялар алмасып, маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді. Ғылыми мектептің тағы бір мақсаты – жастардың ғылымға қызығушылығын ояту. Сонымен қатар, білім беру мен ғылыми-зерттеуді тиімді үйлестіру алынған нәтижелерді оқытуда қолдануға ықпал етеді әрі кафедрадағы ғылыми-зерттеулер оқытушылардың ғылыми әлеуетін арттырады.        Қазіргі таңдағы білім берудің бәсекелес нарығы, нарық талабының өсуі кафедра жұмысын жаңаша құруды талап етеді. Кафедра мамандықтары FIBAA агенттігінің халықаралық аккредитациясынан өткен. Тұрақты даму мақсаттары бойынша жас PR мамандарына, журналистерге халықаралық маусымдық мектептер ұйымдастырамыз. Кафедрада шетелдік студенттер білім алады, сондай-ақ, шетелдік профессорлар сабақ береді.         Халықаралық оқыту стандарттарына бағыттала отырып, оқытудың ұлттық сипатын негізге аламыз. Оқытушылардың кәсіби деңгейін үнемі жетілдіру мақсатында шетелдік үздік жоғары оқу орындарынан ғылыми тағылымдамадан өтуге жағдай жасаймыз. Кафедрада екі мамандық бойынша үш деңгейде білім беріледі, ағылшын топтары бар. Кафедрада «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген мамандар, өндірістен келген топ-менеджерлер сабақ береді. Студенттерге кәсіби құзіреттілік қалыптастыру мақсатында жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнаттық. 40 пайыз дипломдық, магистрлік жұмыстар өндірістегі мекемелердің тапсырысы бойынша орындалады.       Кафедраның білім беру бағдарламаларының мақсаты - халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Мәселен, «Цифрлық PR» білім беру бағдарламасының мақсаты - PR мен коммуникацияның алдыңғы қатарлы жетістіктеріне негізделген құзіреттіліктерді қалыптастыру. Мамандықты бітіріп шыққан студент PR-жобалар жасауға, компанияның имиджін, абырой-беделін, тауар, қызметтің брендін қалыптастыруға қабілетті болады. Онлайн құралдарды, аудио, бейне, IT-технологияларды пайдалана отырып, қоғамдық-маңызды ақпараттарды жазу, коммуникациядағы стратегиялық жоспарлау, жаңа және дәстүрлі медиа редакцияларымен, блогер, стейкхолдерлермен өзара қызмет ету модельдерін қолданады. Пандемия нарықтағы PR-стратегияны мүлдем өзгертті. Жаңа трендтер пайда болды. Дағдарысты басқару, маркетингтік коммуникациядағы PR-дың рөлі артты. Жаңа цифрлық құралдар мен әдістер, креативті идеялар алдыңғы қатарға шықты. Міне, осындай үрдістер жаңаша талап қойып, жаңаша білім беруді талап етеді. Нарыққа кәсіби білікті, сапалы мамандар даярлау жоғары оқу орнының басты мақсаты болып табылады. Назгүл ШЫҢҒЫСОВА, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі.