ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТУҒАН ЖЕРІНЕ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, жерлесіміз, ақын Қазыбек Иса бір топ әріптестерімен бірге 20 наурыз күні шежірелі һәм шағалалы өлкеге арнайы ат басын тіреді. Жерлесіміз аталған сапары барысында аудан орталығындағы «Абай» мәдениет сарайында жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалының жетекшісі Ә.Әбжанов, аудан тұрғындары, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» мүшелері – жергілікті ақындар қатысты. Кездесуді «Ақ жол» партиясы Шардара аудандық филиалының жетекшісі Ә.Айдаров жүргізіп отырды. Кездесу барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтай келе елімізде жүзеге асырылып отырған саяси шараларға, соның ішінде демократиялық, көппартиялық мәселелерге кеңінен тоқталып өтті. Келесі кезекте сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Иса жерлестерімен кездесуге қуанышты екендігін білдіре отырып, «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламаларының қалай жүзеге асып жатқандығын жатық тілмен жеткізді. –Кешегі сайлауда бізге сенім артып дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. «Ақ жол» партиясы әрдайым сіздердің сенімдеріңізді ақтайды деп сеніммен айта аламын. Қайта жасақталған Парламент өз жұмысын бастағалы бері біздің әріптестеріміз бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Біздің көтеріп отырған мәселеміздің халықтың көңілінен шығып жатқанын баспасөз беттерінен, әлеуметтік желілерден оқып-біліп отырмыз. Қазақ топырағындағы тұңғыш партия – «Алаш» партиясы өкілдерінің еңбектерін зерттеу, тарихи тұлғаларымызды тани білу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Жер мәселесін түбегейлі шешу туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы да көптен бері айтып келеміз. Атажұртқа оралғысы келетін шетелде тұратын қандастарымыз үшін көші-қон үдерісін дамыту, осы мәселе төңірегіндегі қағазбастылықты жою туралы ұсыныстарымыз Үкіметте қаралып жатыр. Бұлардан бөлек әрбір салаға байланысты заңдарға толықтыру, өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – қазақтың көсегесінің көгеруі, көк байрағымыздың көк аспанда биік желбіреуі. Мақсатымыздың іске асуына қолдау білдіріп отырған сіздерге тағы да алғыс айтамын,-деді Қ.Иса. Мұнан кейін тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарға Парламент Мәжілісінің депутаты тарапынан тұщымды жауаптар алды. Жерлесіміз ауданымызға сапары барысында осыдан 7 жыл бұрын құрылған «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» жұмысымен танысып, ұйымның атқарып жатқан істеріне оң бағасын берді. Шара аясында аталған бірлестіктің төрағасы, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Лаханов бірлестік тарапынан осыған дейін жүзеге асырылған жұмыстарға шолу жасап өтті. Жылы шырайлы жүздесуде Қызылқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабай Есімов, жергілікті ақындар – Нұрғали Ыбырайым, Қасқыр Серікбайұлы, Құрманбек Шәметов, Жүсіпбек Тілеубергеновтер жерлесімізге деген ізгі тілектерін жыр жолдарымен білдірді. Астанадан ат арылтып келген ақын ағамыз бірлестік мүшелеріне шығармашылық табыс тілей отырып, бірлестіктің белсенді мүшесі, жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаров пен ұйым төрағасы Сәбит Лахановтарға «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалін табыс етті. Осы күні бірлестікке жаңадан мүше болып қабылданған болашақтарынан зор үміт күттіретін жастар ақын ағаларының қолынан мүшелік куәлік алды. Көксу ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекенінде «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Көксу ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Көптен бері жөндеу көрмеген мәдени нысанның іске қосылғанына ауыл халқы айырықша риза болысты. Сонымен бірге осы күні аталған мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай Көксу ауылының төл перзенті, айтыстың ақтаңгері атанған Камал Ендібаев атындағы «Қызыл тілім, сайрасын» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Жерлесіміз, ақын Қазыбек Исаның сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің «Шардара» әнімен шымылдығы түрілген жиынның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Шардара ауданының мәдени әлеуеті өте жоғары деп есептейміз. Спортшыларымыз, әншілеріміз бен сазгерлеріміз, осы өлкеден шыққан ақындарымыз республикалық, халықаралық, әлемдік додаларда топ жарып жүр. Кезінде Камал Ендібаевтай айтыс өнерінің алып тұлғасы шыққан осы ауылдың жас өнерпаздары ендігі жерде өнерлерін осы мәдениет ошағында одан әрі шыңдай түсіп, мерейімізді асқақтата береді деп сенеміз» деді. Сонымен бірге ақынның аяулы жары Бибайша Мұстафаеваның иығына оқалы камзол жауып, гүл шоқтарын табыстады. Салтанатты жиынның қадірлі қонағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, жерлесіміз, ақын Қазыбек Иса жиналған көпшілікті айтулы мерекелерімен құттықтай келе: «Бүгінгідей мереке қарсаңында Шардара ауданында маңызды шаралар орын алып отыр екен. Өнерлінің өрісті болуы үшін оған осындай орда керек, оған осындай орта керек. Ордаларыңыз тігіліпті, енді орталарыңыз өнерлі жастарға толсын. Шайырларының атақтары аспандап жатқан ауданнан алдағы уақытта Камал ағамыздай айтыскер ақындардың шығатынына сенімдімін» деді. Мұнан соң өнерсүйер қауым жыршы-термешілердің сайысын тамашалады. Жыршы-термешілер сайысына К.Ендібаевпен үзеңгілес болған белгілі сазгер, айтыс ақыны Мұхтар Құралов пен ақын Ағман Сабырхановтың қонақ болып келуі байқаудың бағасының салмақты екендігін танытты. Аталған азаматтар кеш барысында К.Ендібаевтың ақындық қасиетіне айырықша тоқталды. Сонымен жырсүйер қауым тағатсыздана күткен байқауда 9 үміткер өзара өнер жарыстырды. Олар бірінші кезекте К.Ендібаевтың термелерін, екінші кезеңде еркін тақырыпта термелер орындады. Үміттерін үкілеп бәйгеге түскен тоғыз термеші әрбір туындыны тамылжыта орындап шықты. Еліміздегі карантиндік шараларға байланысты көптен бері мұндай шараларды тамашалай алмай жүрген өнерсүйер қауым термешілердің өнеріне ықыластана қолдау білдіріп отырды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Сәкен Бегманов қанжығасына байлады. Бірінші орынды Көксу ауылының тумасы Берік Исақов иемденді. Екінші орынды Қызылқұм ауылының намысын қорғаған Алмагүл Сатыбалдиева иеленді. Қоссейіттік Талғат Құлыншақов пен аудандық мәдениет сарайының қызметкері Қанат Дауылбаевтар үшінші орынды өзара бөлісті. Ұзын ата ауылынан келген Серік Тасқұлов аудан әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды. Камал ақынға арнайы арнау шығарып келген Роза Шығанақова «К.Ендібаев атындағы», Қ.Тұрысбеков ауылының термешісі Ахансері Маханов «Молда Мұса атындағы», Алатау батыр ауылының термешісі Бақдәулет Жұмаділла «Уәли Исақов атындағы» жүлделерді иеленді. Сапар туралы толық ақпарат алдағы уақытта жарияланады. Сәбит Лахан, Қазақ үні