"Бәріміз кінәліміз": Министр Балаева қазаққа жат дүниелер жайлы ащы шындықты айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Рухани даму және ұлттық дәстүрлерді сақтау" дөңгелек үстелі кезінде бала тәрбиесі мен қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. "Отбасы және ұлттық құндылықтардың негізінде тәрбиеленген баланың үлгерімі де, интеллектуалды күші де көп болады. Осыны қоғамға, ата-аналарға жеткізуіміз қажет. Қазір біздің қоғамда мейірім жетпейді. Бір-бірімізге жанашырлық жасауды қойдық. Ізет көрсетуді қойдық. Осының бәрі ұлтқа зиянын тигізетін дүниелер. Бұл олқылықтарды болдыртпау сіз бен біздің қолымызда", - деді Балаева. Министрдің сөзінше, әр адамның бәсеге қабілетті болуына үш фактор әсер етеді. "Біріншісі – денінің саулығы, екінші – біліктілігі мен білімі, үшінші – мамандық таңдауда жаңылыспай, өз-өзін табу мәселесі. Жаһандану процесінде өзінің ұлттық құндылықтарын жоғалтпау үшін рухани жаңғыруды бойына сіңіріп өскен бала болуы керек. Бұл жерде отбасының рөлі үлкен", - деді министр. Отырыстың қорытындысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осы тұста қоғамның екіге бөлінгенін айтты. "Біз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қоғам – үлкен. Біздің қоғам екіге бөлініп отыр: демократиялық қоғам, ұлттық тұрғыда өсіп-өркендеген қоғам. Абай адам баласын заман өсіреді. Кім де кім жаман болса, замандасының бәрі кінәлі деген. Бізге жат дүниелердің пайда болғанына қоғам мүшелері – бәріміз кінәліміз", - деп түйіндеді Балаева. Сонымен қатар министр ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жандандыру қажет екенін айтты.