Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне қашан айналады?!.

Биылғы 2021 жылғы 3 ақпандағы «Ақ жол» партиясы фракциясы атына Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Мемлекеттік тілдің жеке дара мәртебесін анықтайтын уақыт жетті!» атты ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жасаған депутаттық сауалына жауап келіп, ол "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарияланған болатын. Үкімет басшысының жауабын жариялай отырып, порталда Қазыбек Исаның "МЕМЛЕКЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ​ КЕРЕГІ ЖОҚ БОЛСА, ТІЛДІ КІМ, НЕ ҮШІН ҮЙРЕНЕДІ!?." атты сын мақаласы да жарық көрген еді.

Осы мақалаларға үн қосқан "Тіл сақшысы" газетінің Бас редакторы Сәдуақас Аңсат редакциямызға тіл мәселесіне қатысты мақаласын жолдады.

***

«Нұр Отан» партиясы аппарат басшысының м.а. Н.Қонқаевтан келген жауапта Елбасының айтқан сөздерінен мысал келтіре отырып, партия жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде мемлекеттік тілді дамытуға байланысты 18 отырыс өткенін, Парламентте қанша депутат сөйлегенін, 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жайлы жазған.

Ал Қазақстанның халық партиясының төрағасы, Парламенттегі фракция жетекшісі А.Қоңыров тәрбие мәселесін айта келіп: «Барлық этностық, діни топтардың мүдделерін және ұлттық қауіпсіздік талаптарын тең дәрежеде ескеретін жалпыұлттық идеологияны танымал ету маңызды», – деп жазады. Идеологияның ең бастысы қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру емес пе? Дәл қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес, сондықтан да елжанды азаматтар «Тіл туралы» заң өзгеру керек» деп шырылдап жүр, біздің көтеріп отырған мәселеміз де – осы. Бірақ төраға оны көрмегендей болады.

Енді ҚХА-ның атынан С.Абдрахмановтың берген жауабына келейік. Біз өз хатымызда Президенттің алғашқы жолдауында айтқан «қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру керек» дегенін іске асыру үшін елдегі 75 пайыз өз қазақтарымызды қазақ тілінің маңына топтастырып алуымыз керек деп, ол үшін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданбай болмайтынын айтқанбыз. С.Абдрахманов өз жауабында Президент: «Ол кезең келеді. Бұл үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Тіл – үлкен саясаттың құралы», – деді.

Міне, талай жыл болды Парламент пен Үкімет тіліміздің мемлекеттік мәртебесін көтеру жолында қолға ұстар бір әрекеттерін көрмедік. Осы уақытқа дейін Парламент орыс тілінен аудармасыз бір заң қабылдаған жоқ. Ал биыл ана тілінде сөйлемек түгілі, оны түсінбейтін министрлер тағайындалып, дайын мәтіндегі антты оқи алмаған депутаттар сайланды емес пе?

Ол соңғы 15 жылдағы Парламенттегі жақсы жаңалық ретінде Қ.Сұлтановтың депутат кезіндегі «Егемен Қазақстан» газетінде жариялан­ған «Жемісті жылдар, жеңісті жолдар» атты мақаласындағы депутаттардың жасаған баяндама, сауалдары қазақ тілінде жылдан жылға артып келе жатқанын үлкен жетістік деп мақта­нышпен келтірген.

Сөзімізге өзек болып отырған «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауға кім қарсы» атты мақалада «Мәжілісте «Нұр Отан», ҚХП және ҚХА жетекшілеріне: «Биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырған кезде сіздер жетекшілік ететін ұйым депутаттары «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауға неге үн қоспай отыр? Әлде сіздер бұл ұсынысқа қарсысыздар ма?» деп сұрақ қойған едік. Жауап жоқ!

Сонымен әңгіменің тоқ етері, біздің қойған сұрағымыз бен Үкімет пен депуттардың жауаптары «Мен не деймін? Домбырам не дейді?»-нің кері болды.

Сәдуақас АҢСАТ,

"Тіл сақшысы" газетінің Бас редактор