Түркия президенті Ердоған ауылдағы балаға сыйлық жіберді

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында тұратын балақайға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған сыйлық жіберді, деп хабарлайды didar-gazeti.kz. Естеріңізде болса, Ердоған мырзаға Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында 1-сыныпта оқитын Байжігіт есімді бала Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдаған болатын. – Ұлымыз екеумізді Нұр-Сұлтан қаласындағы Түркия Елшілігіне шақырды. Ердоған мырза сыйлық жіберіпті. Өзімен онлайн кездесу де болуы мүмкін екен, – деді бұл туралы балақайдың әкесі Дулат Байкубенов. Оның айтуынша, онлайн кездесу 17 наурызда өтеді. Ердоған мырза Абай өлеңін оқуы мүмкін. Ал қандай сыйлық жібергені беймәлім. – Ұлым жолдаған эстафета туралы сол елдегі TRT AVAZ телеарнасы хабар таратқан болатын. Ердоған мырза содан көрген болуы мүмкін. Ал челлендж негізі 2019 жылы 29 қарашада жолданған. Арада бір жарым жыл өтсе де, жауап алғанымызға қуаныштымыз, – деді Дулат Байкубенов. Тағы бір айта кетерлігі, Түркия Елшілігі жол шығынын өз тарапынан көтеріп алатынын хабарлаған.