Ақылбек  Шаяхмет: Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданбаса, ел сеніміне селкеу түседі

«Қазақ үні» газетінде «КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!» деген атпен жарияланған  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа қол қойған жүз  мыңнан астам халық талабы жүрегі қазақ жеп соққан кісілердің ещқайсысын да бей-жай қалдырмайды. «Қазақ үні» ұлттық порталында  жарық көрген ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы ұсыныс та көпшіліктен қолдау тапты. Қазақстан Парламентінің депутаты Қазыбек Иса көтеріп жүрген бұл мәселе жуық арада шешімін таппаса халықтың қазіргі билікке деген сеніміне селкеу түсетіні анық. Мемлекеттік тілдің іргетасы бала бақша мен мектеп десек, сол бақшалар мен мектептерді тек қана ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордалары қылып қайта құруға не кедергі?! Баяғы жалпақшешейлік. Қазақ мектебінде мемлекеттік тілде білім беріп, орыс тілін тереңдетіп оқытса, өзге ұлт алғыс айтпаса, қарғыс айтпайтыны анық. Ал жетімханалардағы тәлім-тәрбие солтүстік өңірде тек қана орыс тілінде екені белгілі. Олар ер жеткен соң өз елін өгей санайтын ұрпақ болмасына кім кепіл?! Ахмет Байтұрсынұлы айтқан мектептегі білім алғашқы жылдары тек қана ана тілінде берілуі керек деген «Бастауыш мектеп» туралы («Қазақ» газеті, 1914 жыл) тамаша ойдың біздің үкімет мүшелерінің ойына да кіріп-шықпайтыны түсініксіз. Ең сорақысы, кейінгі уақытта қазақ  мектебінен көрі орыс мектебіне баратын оқушылар саны көбейіп барады. Қостанай облыстық білім басқармасының 2020 жылдың соңында берген деректеріне сүйенсек, облыста 581 бала бақша бар екен. Олардағы 31409 баланың тең жартысынан көбі, 16789 балдырғанның ұлты қазақ. Соның ішінде небәрі 6905 балақай ғана мемлекеттік тілде тәрбие алады. Облыстағы 489 мектептің 118 ғана  мемлекеттік тілде білім береді. 114 мектепте білім беру аралас тілде жүзеге асырылады. 109366 оқушының ішінде қазақ тілінде білім алатын шәкірттер саны небәрі 30486, яғни 28,1 пайызды құрайды. Алыс ауылдардағы ана тілінде білім беретін мектептердің біразына жабылу қаупі төніп тұрғаны да рас. Тағы бір алаңдаушылық қабылданғалы жатқан латын әрпіне байланысты. Біріншіден, орыс мектептерінде кирилл әрпін қалдырып, қазақ мектептеріне латын әрпін енгізу енді кирилше және латынша жазатын қазақтар деген бөлініске әкеледі. Солтүстік өңірде онсыз да қазақ тілді және орыс тілді болып екіге жарылып жүрген қазақтар енді тағы екі жарылады. Ағасы мен апасы орысша, інісі мен сіңілісі қазақ тілінде білім алып жатқан бір отбасының балаларын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Латынға көшер болсақ, кезінде Совет үкіиеті қазақ мектептерін түгел дерлік жауып тастап, орыс тіліне көшіргені секілді елдегі қазақ және орыс мектептерін, аралас мектептерді түп-түгел тек қана қазақ тілінде білім беретін және латын әрпін қолданатын білім мекемелеріне айналдыру қажет. Үш тұғырлы тіл деген бағдарламаға да тоқтау салатын мезгіл жеткен секілді. Әуелі ана тілін толық меңгеріп алмай өзге тілдің етегіне жармасудың қажеті бар ма? Үш аяқты мосыға қазан қойып, тамақ жасайтын болсаңыз, оның үш аяғы да тепе-тең болуы керек қой. Олай болмаған жағдайда, мосы  құлап, қазан төңкеріліп түспей ме? Қазіргі қазақ тілінің хал-ахуалы орыс және ағылшын тілідерімен тепе-тең деп ешкім де айта алмайды. Тағы да ұлы ұстаз Амет Байтұрсынұлы қағидасына жүгініп, бала бақша мен бастауыш мектепте тек ана тілінде білім және тәрбие беріп, содан кейін барып кез келген ата-ана мен бала қалаған тілді тереңдетіп оқытса құба-құп. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің:   «Ана тілің – арың бұл,    Ұятың боп тұр бетте.    Өзге тілдің бәрін біл,                           Өз тіліңді құрметте!» деген жолдарын бұл күндері елдің көбі қолданады. Совет үкіметі кезінде жазылған бұл шумаққа Қадыр ақын көзі тірі болса баяғыда өзгеріс енгізер еді. Оның өз шығармаларына қаншалықты ұқыпты қарағанын жақсы білеміз. Мәселен, «Ақын деп біздер айтамыз адамды от боп маздаған, ақынға керек ақыл көп, жыңдылық керек аздаған» деген өз жолдарын ол кейін өзгертіп, аталған шумақтың соңғы жолын «асаулық керек аздаған» деп жөндеген. Сол секілді ана тілі туралы шумақтың  алғашқы екі жолын сол қалпында қалдырып, соңғы жолдарды: «Өз тіліңді жақсы біл, өзге тілді құрметте!» десек көп көңілінен шығар еді. Өйткені, өзге тілді түгел білу мүмкін емес қой. Атамыз қазақ «Жеті жұрттың тілін біл» десе де, көп тілді меңгергендер некен-саяқ. Онсыз да үш тұғырлы тілден басымыз қатып жүргенде енді қытай тілін білу керек, араб тілін білу керек деушілер пайда болды. Оны айтушылардың көпшілігі өзінің ана тілін білмейді. Өз тілін менсінбеген кісі өзгенің тілін не қылмақ? Ана сүтін емізбей, емізікпен асыраған  баладан ертең не қайыр күтеміз?! «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал, – деп жазды Ахмет Байтұрсынұлы. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтқан талғау шарты орындалған болады». Өкінішке қарай кейінгі кезде шет елден кірген кірме сөздерді өзгертпей қолдану керек деген ұшқары пікірлер пайда болды. Тіпті тілімізге етене сіңісті болып кеткен мұражайды қайтадан музей, мұрағатты архив деп жаза бастадық.Терминдерге қазақ тілінде балама жасау ісі саябырлап қалды. Кейінгі уақытта ауыл деген аттан айырылып, жерімізді селолар мен поселкелер, станциялар жайлап алды. Торқалы тойда жақсы тілек айта алмайтын, топырақты өлім болса, көңіл де білдіре алмайтын мәңгүрттердің қаптап кетуінің бір ұшығы дәстүрі берік, өнегесі мол ауылдың тозуында жатқан секілді. Орыстың село, поселке деген сөзінің түп тамыры мекен дегенді білдіреді. Ал станция деген сөздің қазақша баламасы бекет емес пе?! Ендеше  елді мекендерімізді ана тілінде атаудың мезгілі жетті. Тіл туралы заңға өзгеріс енгізу керек деген ұсыныстар да айтыла-айтыла жауыр болды. Мекемелер мен кәсіпорындар, оқу орындары атауларын, көше аттарын тек қана қазақ тілінде жазудың мерзімі келді емес пе?! Өзге ұлт өкілдері түсінсін деген түсінікті желеу ете берсек, ммелекеттік тілдің көсегесі ешқашан да көгермейді. 1924 жылы Орынбор қаласында өткен тұңғыш қазақ сиезінде қазақ азаматтарының аты-жөнін қазақша рәсімдеу мәселесі сөз болғанда Алаш арлдақтысы Әлихан Бөкейханұлы: «Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы болайық!» деген тағылымды ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс қабылданып, «бүгіннен бастап қазақтар аты-жөнін «-ұлы, -қызы» үлгісімен жазатын болсын!» деген қаулы қабылданғаны белгілі. Міржақып Дулатұлы сол кезде «Қазақ» газетінде (1915  ж.  №121) «Гaзет, журналдарымызда көбінесе   «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады.   Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Еуропа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ.    Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз   орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар.   «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп   жазуымыз келіспей ме. Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газет-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді» - деп жазған болатын. Содан бері қанша уақыт өтті. Совет империясы тұсында оған құлақ асқан азаматтар санаулы ғана болды. Бауыржан Момышұлы. Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы секілді әдебиет пен мәдениетке жақын бірен-саран тұлғалар ғана Алаш арыстары өсиетіне адалдық танытты. Қазіргі уақытта да «ов» пен «евтен» құтылғандар саны онша көп емес. Ол аз десеңіз, Айнұр, Гүлнұр секілді қазақ қыздарының әдемі есімдері құжатта Айнура, Гульнура деп жазылып жүр. Кейбір жастарға аты-жөндерің дұрыс емес деп ақыл айтсаң, құжат бойынша солай деп өзеурейтінін қайтерсің? ҚР Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Ал «Неке және отбасы туралы» заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың атын, әкесінің атын және тегін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтың тегі мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне жат – ов, – ев, – ова, – ева, – ин, – и, – ины, – на, – овна, – евна, – ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады» деп көрсетілген. Осы қаулы қалай орындалып жатыр десек, жауап таппай қиналамыз. Ұлт ұйтқысы болған Ахмет Байтұрсынұлының аты-жөні оның кейінгі уақытта жарық көрген шығармаларында да, оның есімін иеленген басқа оқу орындары мен мекемелерде де дұрыс жазылып жүр. Алайда, Аханның туған еліндегі, Қостанайдағы университет Ахмет Байтұрсынов атындағы деп аталады. Осы оқу орны орналасқан көше де Ахмет Байтұрсынов атындағы көше. Арқалық қаласындағы бастауыш гимназия да А.Байтұрсынов атындағы деп жазылған. Жақында А.Байтұрсынов атындағы университет пен Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогика университеті қосылып, енді Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті деп аталатын болды. Бұл туралы жазған «Егемен Қазақстан» (21 шілде, 2020 ж) газеті (авторы Нұрқанат Құлабаев) «Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы тіл білімі институты Байтұрсынов емес, Байтұрсынұлының атында. Ел астанасында да Байтұрсынұлы көшесі бар. Алаш ардақтысының өзі де көзі тірісінде 1925 жылдарға дейін жеке құжаттары мен еңбектеріне «Байтұрсынұлы» деп жазып келгені тарихтан мәлім» - деп атап көрсеткен еді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты секілді Аханның аты-жөнін дұрыс жазу ойымызға да келмейді. Қостанайдағы университетке есімі берілген Ахмет Байтұрсынұлы аты-жөнін дұрыс жазу туралы облыс орталығына іссапармен келген бұрынғы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға да кезінде ел ақсақалдары ескерткен болатын. Осы туралы Білім және ғылым министрлігі арнаулы шешім шығарса нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір үлкен мәселе – қызыл диплом жайы. Оқуды үздік бітіргендерге Совет Одағы тұсында қызыл диплом тапсырылатын болса, сол үрдіс күні бүгінге дейін жалғасып келеді.   Сәкен Сейфулиннің коммунистік сәлеммен Сталинге жазған хатына қарағанда, пойызбен Орынборға қайтып келе жатқанда алашордашы Елдес Омарұлы Сәкенге: «Бұрын Алашорда едік, енді Қызылорда болдық. Қазақ үшін қызыл, жасыл, ақ түстің айырмасы жоқ. Ең бастысы Орданың бауыры бүтін болғаны» деген екен. Бұл Алаш ардақтыларының ең соңғы ұлттық қуаныштарының бірі еді» («Абай-ақпарат» порталынан) Қызыл диплом кешегі қызыл тумен түстес, Совет империясының символы. Қызыл аққан қанның түсі ретінде кешегі ашаршылық пен қанды қырғынды еске салады. Тәуелсіз қазақ елі бүгін көк туын желбіретіп отырғанда неге оның түсін көк қылмасқа?! Дипломның қызыл немесе көк болуы көп кісіге онша маңызды да емес деген пікірлер бар. Алайда, қолына диплом алған жас маманның көкірегіндегі елі үшін мақтаныш сезімі мемлекеттік ту көтерген секілді патриоттық биікте болғаны орынды емес пе? Көк қазақ ұғымында қастерлі түс. Аспан да көк, жаңа шыққан шалғын да көк. Осы туралы да Парламент депутаттары мен министрлік шенеуніктеріне құлаққағыс қылғымыз келеді. Ана тілі – атаның құты, ананың сүті, ақынның жыры, сәбидің үні, дананың сыры. Қазақ мемлекетінің мемлекеттік символының бірі ана тілі. Ана тіліміз өрісін кеңейтсін, келешекке аман-есен барсын десек, оған мемлекеттік көзқарасты қалыптастырайық дегім келеді.  Ақылбек  Шаяхмет, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Қазақ үні