Қашан қазақ қазақша атауға «қағанағы қарқ» болады!?
2021 ж. 16 наурыз
2369
2
Алдымда жатқан Қазақстан Республикасының алып картасына қарап, әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын, Алтайдан Атырауға дейін ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ жердің иесі екенімізді ойыма алсам, кеудемді мақтаныш кернейді. Ата-бабамыздың көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалып, ұрпақтарына аманат еткен тәуелсіз Қазақстанның азаматы болудың өзі бақыт шығар. Бір ақсақалдың әңгімесінен ой түйгенім бар еді: «Қазіргі халықтың талаптары да орынды шығар, дегенмен тоқсанды алқымдаған менің қазақ жерінде осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманы болғаны есімде жоқ. Қара қазақ небір нәубет замандарды басынан кешірген, неше ғасыр соғыс, аштық, қудалауды көрдік, жер бетінен құрып кетпес үшін, жерімізден айырылып қалмайық деп, амалға салып бодан да болдық. Менің ойымша,қазір қазақ ұлты Алла тағаланың мейіріміне ілігіп, оның қорғауында.Себебі маңайымызға қараңызшы, әлемде не болмай жатыр?Жеріміздің асты мен үсті байлық, табиғатымызда әр қилы:орман, өзен-көл, теңізіміз, тау, тіпті құмды шөл даламыз бар.Жеріне сыймай отырған халықтар былай тұрсын, жер бұйырмаған, кісі есігінде жүрген қаншама ұлттар бар емес пе?! Ал егер сол байлықты игере алмасақ, пайдаға асыра алмасақ, өзімізге сын.Қазіргі кезде қазаққа сырттан төніп тұрған жау жоқ, бәрін өзіміз іштен ушықтырамыз. Барымызға қанағат етпей Алланың қаһарына ұшыраудан сақтасын бізді».
Иә, елу жылда ел жаңа демекші, екі елуді еңсерген қарияның осы айтқаны – ой салатыны да түсінікті.
Сол картаға үңіліп отырып, орысша (көрші елдің мемлекеттік тілі) жер-су атауларының елімізде ескі кеңестік заманнан «мұра» боп қалған солақай саясаттыңқисынсыз, қисық атымен қалған ауыл, қала аттаулары әлі де көп екені көзім шалды. Жоқ, мен «асыра ұлтшыл» болып, орысша атаудың бәрін алып тастаңдар демейін, егер сол ауылдың немесе қалаға еңбегі сіңіп, жеріне, еліне шарапаты тиген адам болса, әңгіме бір бөлек. Көбінің мән-мағынасы жоқ Долгое, Канонерка,Степногорск, Щучинск, Макинка, Привольное, Раздольное сияқты толып жатқан атаулар. Байқағаным, Қазақстанда не көп - Алекеевка, не көп - Ворошилово, Горное, Лесное, қайталана беретін Александровка, Михайловкалар, одан тағы әр орысша атаудың алдына ново.. немесе большое.., малое.., верхняя.., нижняя..сияқты түк табылмағандай қоя салған жөнсіз атаулар баршылық екен. Байырғыдан келе жатқан өзінің жеріне, сипатына байланысты, мысалы: Ақтұма, Беласқан, Қосөркеш, Кеңсай немесе Көлсай секілді аттардың орнына Красный восток, Дружба, Ленинка немесе кезіндегі Мәскеудің жоспарын орындаймыз деп тыраштанған Передовой, Ударникдеген елді мекендер әлі бар екен. Ал енді еліміздің ортасын ойып тұрып Рудный,Петропавл,Павлодар(қай Павел бізге сыйға тартқан екені белгісіз)сияқты алып қалаларға қарап,құдды бір Ресей Федерациясының автономиясында өмір сүріп жатқандаймыз. Сол Павлодардың 47 пайызы (172 000 адам) өзіміздің қаракөздер болса да, ата-бабамыздан аманатқа қалған жерімізде не әкімге, не үкімет орындарына ауыстыру туралы жақ ашпадық, себебі жер-су атауын ауыстыру қол жинап, дауыс беру арқылы халық өзі шешетіні белгілі. Бұдан түсінетініміз: сол 47 пайызымыздың жартысы орыстанып кеткен, ұлттық сана сезімі төмен немесе «какая разницамен» өмір сүретін қара қамын ғана ойлайтын өз бауырларымыздың бейжайлығы.
Қазіргі кездегі жаңа атаулардың да барлығы көңілімнен шыға бермейді. Небір СИТИлер мен МЕГАлар, ТАУНдар менЛЭНДтардың орнына қазақша әдемі атаулардың жалғаулары табылмады ма деймін. Әлде Мегасилквэйдің орнына «ұлы жібек жолын» айтқанға қиындық тудырды ма екен. Осы мәселені Елбасы да бір жылдары сынға алғаны белгілі. Астанамыздың әдемі шағын ауданында Шарль де Голь көшесі бар, қатарында осы адамның ескерткіші бой көтеріп тұр. Иә, керемет тұлға, мықты қолбасшы-генерал шығар, Франция президенті болған. Бірақ қазаққа қандай қатысы бар?!Қазақ еліне қандай еңбегі сіңген? Елімізде осындай қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдардың атауы көптеп кездеседі. Ал қазақ елінің егемендігі үшін қол бастап, құр қылышпен мылтыққа қарсы төтеп берген,«қазағым үшін сайтанмен де келісімшарт жасаймын» деп, 3 мемлекеттің басшысын тақырға отырғызып, қарсы тұрған, ұлты үшін жанын берген Оспан батырға бұйыртқан көше қала шетіндегі Қараөткел ауылындағы бір қысқа көше ғана екен. Отаны үшін қан кешкен тағы бір батырымыз қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновқа тіпті Нұр-Сұлтан қаласынан бір көше, бір ескерткіш те бұйырмағаны өкінішті. Қостанай қаласына жол түсіп барғанымда қала ортасында Баймағанбетов көшесі бар екен, жүрген жерімде кездескен атауларға мән беріп, мәлімет жинайтын әдеттіммен «гугл бауырыма» салып жібердім. Сөйтсек, Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағанбетов 23 жасында кеңес әскерінің пулемет взводын бөлімшесін басқарып, қан майданда жаудың оқ борап тұрған ұясын кеудесімен жауып, сол ұрыста біздң әскер жеңіске жеткен екен. Мені қынжылтқаны: неге бізге, сол кездегі кеңес үкіметінің балаларына дәл осындай ерлікті жасаған орыстың Александр Матросов екенін жаттатып өсірді.? Бүкіл одақ аумағында оның атымен пионер лагерлері, аудандар, көше, ауыл, мектеп атаулары қаптап кетті, атағы жер жарды. Ал 23 жасында отаны үшін қыршын кеткен қазақ батырын мен туған жеріне барғанда бірақ білдім. Бір қызығы, кездейсоқ кездескен сол көшедегі 5 адамнан сұрау салғанда 1-уі ғана білетін болып шықты .
Бұл біздің ұлыларымызды ұлықтау, батырларымызды дәріптеудегі дәрежеміздің деңгейі шығар. Біз Усть-Каменогорскіні - Өскемен деп, Семипалтинскіні - Семей деп өзімізді өзіміз алдағанымен түп тамыры қайдан екенін білеміз, мойындағымыз келмейді. Сол себептен ұлы Абайға, Абылайхан, Кенесарыға бір қаланың атын беруге шамамыз жоқ немесе ұлттық санамыз жоқ.
Кез келген адам баласы туғанынан өзінің азан шақыртып қойған атына ес біле бастағаннан мән беріп, есімім неге олай қойылды, кім қойды деген сауал болатыны анық.Тіпті кейбіреуіне өз аты ұнамай, қалған өмірінде лақап атпен өмір сүреді. Сол сияқты жер-су аттары да біздің бет-айнамыз, салт-дәстүр, ұлттық болмысымызды айшықтайтын көрсеткішіміз іспетті. Енді бүгін егемендігімізге аттай 30 жыл болса да, 70 жылдық кеңестің тепкісінен кейін де өз жеріміз, өз елімізде есімізді жисақ та, есі дұрыс қазақша қала, ауыл аттарына жарымаған жайымыз бар.
Қазақ елінің ұрпақтарына берілген ұлы мұралар: туған тіліміз, дініміз, ұлттық салт дәстүріміз, жеріміз, қазба байлығымыз – ата-баба аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды.
Айдын Құмарбекұлы,
Қазақ үні