ӘМІРТАЙ КІМНІҢ ӘМІРІН ОРЫНДАП ОТЫР? - Тіл жанашыры
2021 ж. 15 наурыз
1821
7
Кезінде, 2019 жылы Астанадағы алғаш өткен митингіде, Мемлекеттік тіл резолюцияда болуы керек және айтылуы да керек дегенім үшін осы Азаматхан Әміртаймен сөзге келіп қалған болатынмын. Тіліңді қоя тұр, келесі митингіде қосамыз деп тыйып тастап, айтқанынан таймай отырып алған болатын. Қаным басыма шығып, тіл күресінің басында жүрген, ақын Қазыбек Исаға телефон соқтым. Қазекең, "Қазақ тіліне қарсы шығатын ол кім екен? Қазақ тілін айтпаса ондай митингінің не керегі бар? Ешкімді тыңдамай, мемлекеттік тіл мәселесін айтқын" деп, мені қайрап жіберді. Азаматхан болса, резолюцияларында Қазақ тілінің болуына үзілді-кесілді қарсы болды. Бірақ, митингіде, берілген төрт минуттарын пайдаланып, Тіліміз жайлы айтып өттім. Бұл факт!
Енді сол қазақ тілі мәселесін көтеруге қарсы болған Азаматхан Әміртай қазақ тілінің жайын ойлағансып, қазақ тілінің қайсар қорғаушысы Қазыбек Исаға қарсы шығыпты...
Күлесің бе, жылайсың ба, мұндай бейшара тапсырыс орындағышқа? Әрине, жоғарыдағы біреулердің немесе орысқұлдардың заказы екені анық көрініп тұр. Бұл байғұстың қалай саясаткер болып жүргеніне менің таңым бар?! "...Егер қазақ тілінің тағдыры шешілмейтін болса, Қазыбек Иса депутаттық мандатын тастап, Мәжілістен шығып кетсін" дейді. Шамасы ол байғұс Қазекеңді депутат емес президент деп ойлап қалса керек?
Саясаткермін деп қойып, саяси аренада, парламентте не болып жатқанынан хабарсыз болғаны ғой. Қазыбек Исаның парламентке бара салып, алғашқы депутаттық сауалы "Мемлекеттік тілдің жекедара мәртебесін айқындайтын уақыт жетті" деп аттан салуын, я үкімет басшысының бұл депутаттық сауалға жартыкеш жауабын тас-талқан етіп, талапты қатаң қойғанынан да хабарсыз екен.
107 депутат бар парламентте Қазыбек Исаның бір өзі екі айда екі депутаттық сауал жасады. Оның Алаш қайраткерлерін ұлықтау туралы екінші депутаттық сауалы да, мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауалы секілді қалың елдің қолдауына ие болғанына барлығымыз куәміз. Әр депутаттық сауалына халықтың осынша қолдау білдіруі парламентте бұрын болмаған. Міне, осы Қазақ тілінің қорғаны Қазыбек Исаны халықтың қатты қолдауы мемлекеттік тіл десе қан қысымы көтерілетін жоғарыдағы біреулерге ұнамай қалса керек. Дереу заказ беру керек болды. Таңдау кезінде митингіде мемлекеттік тілдің қозғалуына қарсы болған, экология партиясын құрамын деп, етегіне сүрініп жүрген Азаматхан Әміртайға түскен болар. Партияңды құрып береміз деді ме екен. Кім білсін. "Жаппарқұлда жан бар ма?" дегендей, жалаңаяқ, жалаңбас шапты да кетті...
Азаматханның өзі, тіл жанашырларының оған не деп жатқанымен де шаруасы жоқ болар...
Белгілі тіл күрескері Руза Бейсенбайтегі:
"Сізді отырғызып сонша уақыт берсе? Тапқан екенсіз, қатардағы мәжіліс депутаты Қазыбек бауырым Президент пе, не тым болмаса спикер ме? Тіл күрескерлерін әдейі аяқтан шалу бұл, орысқұл биліктің қолшоқпары болып (тілді жолатпауы үшін тапсырмамен) әдейі аяқтан шалу атакісін бастау бұл! Ренжісеңізде, осыныңызды тек солай ұғам!!!
Бір кезде Астанадағы митингіде Жасұлан Исаға мемлекеттік тілді қолдап сөйлеуге қарсы шыққан едіңіз, енді Қазақ тілін 35 жылдан бері көтеріп келе жатқан Қазыбек Исаға қарсы шығып жатырсыз де ұғамын!
Басқа депутаттардың басым көбін, жылдан жылға өтіп, "ұйықтағандықтан", атын да, затын да білмей келсек, бұл Қазыбек Иса бара салғаннан әрекетке кірісіп жүргенін көрмейсізбе? Қайта бауырымызды жаппай қолдап, мейлі митингтерге шығып, әйтеуір жан салуымыз керекқой, 30 жылдықты, желтоқсанның 35 жылдығын пайдаланып мемлекеттік тіл заңын қалай да қабылдатуға!!! Ренжімеңіз, сізді қайрап отыр деп те түсінуге болушы еді, бірақ "мерзім беру керек, шығару керек", алдындағы Жасұланға қарсы шыққаныңыз, сондай ой қалдырмай отыр" деп, оның аяқтан шалып отырғанын ашық айтыпты.
ҚР Мәдениет қайраткері, тіл жанашыры Алтынбай Мұса:
"Кімнен тапсырма алып едің, Азаматхан? Биліктен бе, орысқұлдардан ба? Қазақ тілі мәселесін көтерген Қазыбек Исаға қарсы шыққаныңды қалай түсінуге болады? Шыныңды айтып, мойындап, кешірім сұрауға әлі де кеш емес...
Сіз бен біз, қалың қазақ Қазыбек Исаға Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп 125 мыңнан астам қол жинап, ерлік жасағаны үшін алғыс айтуымыз керек. Бізде бұрын ешуақытта 138 адамнан ресми қол қою аспаған еді.
Сен өзің он адамның қолын жинай аласың ба? Сен Азаматхан, айтпақшы
кешеге дейін тілдің не екенін білмей, қайта митингіде тілді айтамын дегендерге қарсы болып жүр едің ғой?
Қазыбек Иса Парламентке бара салып, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жасады. Өткенде ол сауалға жартылай жауап бергені үшін Премьер Маминнің өзін сойып салды!"деп, сазайын беріпті.
Сондай-ақ, басқа да жазбалар жетіліп жатыр.
Шынында да, өзінің аты-жөнін, атасының атын, қызметін қазақша жазуға шамасы жетпеген адам Қазақ тілінің, Ұлттың жанашыры болады дегенге кім сенеді? Біз ғой, оны "Әміртай" деп атасының атын қазақша жазып отырған. Әміртай ақсақал тіріліп келсе немересі Азаматханды: "Менің азан шақырып қойған атымды Амиртай деп орысша бұрмалауға кім саған рұқсат берді?" деп қамшының астына алар еді...
Амиртай болма! Әміртай бол! деп, кеңес бергім келеді.
Жасұлан ИСА,
заңгер, тіл жанашыры