Наурыз мейрамын мерекелеу 10 күнге созылады

14-23 наурыз аралығында Қазақ ұлттық хореография академиясында көктемгі күн мен түннің теңесуі – Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған іс-шаралар өтеді. Мерекенің мұндай форматын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – деді Мемлекет басшысы.

Мерекелік іс-шаралар алдағы жексенбі – 14 наурызда басталады, еліміздің кейбір өңірлерінде дәстүрлі түрде «Көрісу күні» мерекесі атап өтіледі. Қазақ халқы ежелден өзінің қонақжайлылығымен және достық пейілімен танымал және бұл күні Академия қабырғасында «Сәлем – сөздің анасы» атты онлайн іс-шара өтеді, шара барысында қатысушылар құттықтау әдет-ғұрпы мен өнері туралы пайдалы ақпаратпен бөліседі. Көрсетілім Академияның YouTube-арнасында өтеді.

15 наурызда Наурыз мерекесін тойлау «Жайлау күні» ұранымен өтеді. Бұл күні 1-3 сынып оқушылары арасында «Табиғатты сақта» тақырыбына суреттер көрмесі өтеді. Көрмеге кез-келген сурет техникасында және түрлі көркем материалдарды – бояулар (акварель, гуашь және т.б.), қарындаштар (пастель, балауыз), қарындаштар (қарапайым, түрлі-түсті), көмір, сангин, пастель, тушь қолданып орындалған жұмыстар қабылданады. Сондай-ақ, аралас жұмыс әдістерін қолдануға болады. Іс-шараға қатысқысы келетін балалар өз суреттерін сынып жетекшілеріне 13 наурызға дейін ұсынуы керек. Айта кететін жайт, әрбір жұмыстың артқы жағына жазып қою керек (жұмыстың атауы, автордың тегі мен аты, жасы, оқу сыныбы).

Сонымен қатар, «Табиғат күнінде» Академияда «Құстарға арналған үй» экологиялық акциясы және «Гүл – жеріміздің көркі» викторинасы өтеді, оның барысында 8-9 сынып оқушылары тәрбиешілер мен мұғалімдермен бірге оқу сыныптары үшін  сәндік бөлме өсімдіктерін отырғызады.

16 наурыз «Шежіре күні» ата-бабаларды еске алуға арналады. Бұл күні ZOOM платформасында «Жеті ата – елтанудың бастауы» тақырыбында студенттер арасында онлайн дәріс өткізіледі. Іс-шара сағат 13:40-та басталады.

Сәрсенбі, 17 наурыз күні Академия оқушылары «Тарихқа тағзым күнін» атап өтеді – кітапхана «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» виртуалды кітап көрмесін өткізеді. Сонымен қатар, 5 сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсиямен барып, сақтардың мәдени мұрасымен танысады: сақталған артефактілерді, киім-кешектерді және басқа да материалдарды өз көздерімен көреді.

18 наурыз «Игі істер күні» ұранымен өтеді. Бұл күні Академия оқушылары, педагогтары мен қызметкерлері игі іс жасауға шақырылады. Мысалы, мұқтаж адамдарға немесе арнайы әлеуметтік орталықтарға киім беру, қайырымдылық акциясына қатысу, сенбілік өткізу, ауру адамдарға көмек көрсету, ақшалай қаражат жинауға қатысу, немесе кәмелетке толмаған қыздар және қатыгез, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар тұратын «Үміт» дағдарыс орталығында қайырымдылық акциясын өткізу.

19 наурыз, жұма күні Наурыз мейрамы аясында «Шымырлық пен шеберлік күні» өтеді. Спорт және шеберлік күні Академия қызметкерлері арасында волейболдан жолдастық турнир өтеді. Қатысуға ниет білдірушілер команда құру үшін дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы Ержан Ахметовке алдын ала жүгіну қажет. Сондай-ақ, спорттық жарысқа қатысушылар арасында қазақтың дәстүрлі ойыны «Арқан тартыс» өткізіледі.

20 наурызда «Зияткерлік күні» 5-9 сынып оқушылары арасында викториналар, зияткерлік ойындар мен конкурстар өткізіледі.

Әлем халықтарының тағамдары Академияда 21 наурызда, «Ұлттық тағамдар күні» ұсынылады. Бұл күні асхана мәзірінде қазақ, орыс және өзбек тағамдары ұсынылады. Аспазшылар Академия тәрбиеленушілерін ұлттық тағамдардан, оның ішінде наурыз-көже, бешбармақ, палау және тұшпарадан дәм татуға шақырады.

22 наурыз Наурыз мейрамы «Ұлыстың ұлы күні» ұранымен өтеді. Интернат тәрбиеленушілері «Қош келдің, Әз Наурыз» көктем мерекесін өткізеді, сонымен қатар, көрнекті педагог-хореограф Гүлнар Жұмабайқызы Әлиеваның жетекшілігімен концерттік қызмет және сахналық практика бөлімі мерекелік концерт өткізеді. Концерт Академияның YouTube-арнасында жарияланады.

23 наурыз – «Жоралғы күні». Наурыз мейрамын мерекелеудің соңғы күні интернат тәрбиеленушілері өздерінің ата-әжелеріне және басқа да үлкен туыстарына бейне-құттықтаулар жолдайды.

Наурыз мейрамын тойлауға байланысты іс-шаралар туралы толық ақпарат Instagram, Facebook және YouTube әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда, сондай-ақ Академия сайтында жарияланатын болады.

Қазақ үні