Әліп танымайтын Е.Рақышев әліпбиден не түсінеді?
2013 ж. 18 наурыз
12043
36
Ұлт мүддесі үшін Латынды қолдау - мен үшін шын ұстаным!
Шындығымды сақтап қалғаныма Мұқтар ағам мен біз жаттап өскен жырлары себепкер!
Қасиетті жұма күні Мұқтар Шахановқа жолыға кетейін деп, орталық мешіттің жанынан өтіп бара жатсам, дөңгеленген тақиясы жараса қалған Құдияр Біләл жұма намазға кіріп бара жатыр екен. Сағатыма қарасам, уақыты жақындап қалыпты. Мен де көлігімді «Жалын» журналы орналасқан 8 қабатты ғимараттың алдына қойып, жайнамазымды алып, мешітке беттедім. Қасиетті жұма намазды оқып бола салысымен, «Жалынға» қайта келсем, Мұқаң тауда шипажайда екен де, Құдияр әлі намаздан оралмапты. Нұржан Ошанбеков пен Еркінбек жүр екен, біраз сөйлесіп шығып кеттім. Жолда Құдиярға телефон соғып едім, мешіттен енді шығып жатқанын айтты. Сонымен бірге: «Еркін Рақышевтың мақаласын көрдің бе? Латынды қолдаған саған қарсы жазыпты»-деді. «Кім ол? Қандай Еркін?- Әй, анау кино түсіріп жүретін ше?- Оның латынға не қатысы бар? - Ойбай-ау, 66-ның ішінде бар ғой ол да...» Мақала шыққан «Қазақ елі.kz» газетін таба алмағасын, оның бас редакторы, сыйлас ініміз Қажымұқан Ғабдоллаға хабарласып едім, Оралдан Алматыға келіп жатыр екен: «Жолда келе жатқанда Рақышев деген біреу звандаған: «Латын туралы мақала еді, Алматыда ешкім баспады, сен баса қойшы» деп қоймаған соң, таныспай-ақ мақұл дегенмін, оның сіз туралы екенін қайдан білейін»-деді. Сонымен, бас редакторының алдыруымен газет те қолымызға тиді. «Латынға көшу келер ұрпақ еншісінде» -деген тақырыппен алынған «сұхбаттың» (15 наурыз, 2013 жыл) кіріспесін оқығаннан күлкіге көмілдік. Қысқасы былай: тілші Рақышевтан 66-ның хатына байланысты сұхбат беруді өтінген-мыс. Ол басын ала қашқан-мыс. Ар жағын сөзбе-сөз келтірейін, куә болыңыздар: «Режиссерден сұхбат алу үшін аздап қулыққа басып: -Сіз Қазыбек Исаның сол үндеуге қарсы жазған мақаласын оқыдыңыз ба?,-дедім. -Жоқ. Әркімнің өз-ой-пікірі бар ғой, жаза берсін. -Сіздің Жоғарғы (тілші осылай бас әріппен жазған Қ.И.) біліміңіз жоғынан ба: «Әліпби білсе де,әліпби мәнісін әліп деп танымайтындар жүр»-деп, сізге қаратып жазған сияқты,-деп едік, ол: -Рақышевта несі бар, жөніне жүрмей ме?? Жарайды, онда келе бер, сен келгенше, оқып шығайық-деп, сұхбат беруге келісімін берді.» О заман да, бұ заман, жалпы аталған 66 адамның ішіндегі «әліп танымайтыны сенсің, сол үшін сұхбат бер» десе, «иә, әліп танымайтыны мен екенмін ғой, сұхбат берейін» -деген адамды көрдіңіздер ме? Жүре берсең, көре бересің деген осы!.. Мен мысалы ол сөзді жазғанда Еркін Рақышевтың ол тізімнің ішінде бар екенін де білген жоқпын. Ал оның жоғары білімі жоғын енді мына тілшіден естіп отырмын. Мен ол сөзді кімге бағыштағанымды ол ағамыздың өзіне звандап айтқанмын... Еркіннің бұл «ерлігі» өзін –өзі әліп танымайтындарға қосудың «жарқын үлгісі» ретінде қалатын шығар... Әрине, тілші қыз Еркіннен бұрын 66-ның ішіндегі біраз адамға барған болу керек. Оларға да осы әңгімесін айтқанда, кез-келген өзін-өзі сыйлайтын адам: «Әліп танымайтын менмін бе? Сен не оттап отырсың?»-деп тілшіні тырқырата қуып шыққаны анық... Жалпы негізсіз айыптауға құрылып, бірді айтып, бірге кеткен сағыздай созыпған сұхбаттың ішінде іліп алатын екі-үш сұраққа жауап берсем деп отырмын. Біріншіден, «Қазыбек біреудің ықпалымен халықты шатастыру үшін айтып отыр»-деп соғады Ерекең... Бұлай тек өздері біреудің ықпалымен ғана жүріп-тұрып, сөйлейтін, «надансың» десе-надан болатын, «адамсың» десе- адам болатын пақырлар ғана айтады... Мен өз жүрегімнен шықпаса, өмірімде өзгенің ықпалымен ешнәрсе айтқан да, жазған да емеспін. Оны «Қазақ үні» газетінің 13 жылдық мұрағаты мен т.б. БАҚ-тарға қарап тексеруге болады. «ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУГЕ ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМІЗГЕ ҚАРСЫЛЫҚ! Бұны ұлт-патриоттарының түсінбеуі – қатерлі қателік!»-атты «Қазақ үні» газетінің № 7 (19.02.2013.) санында http://www.qazaquni.kz/15223.htm шыққан, елді шулатып жатқан сараптау мақала оншақты жылдан бері газетімізде жазылып келе жатқан Латынға өту мәселесінің түйіні. Тар түйсіктің торынан шыға алмайтындардың маған қояр кінәсі – Елбасы айтқан соң биліктің тапсырмасымен қолдап отыр дейді латынды. Оу, Елбасының нақты кесіп айтқаны кеше ғана - 2012 жылғы 14 желтоқсан. Ал біздің латынға өту туралы жаза бастағанымызға оншақты жыл болды. Осыдан 6 жыл бұрын 2007 жылы «Ақ жол» партиясының 2010-2015 жылдарға арналған Ұлттық тұжырымдамасында «Латын әліпбиіне өтуіміз керек» деп аққа қара сиямен жазған болатынбыз. Өтірік болса, кеше сол жұмысқа басшылық жасаған, бүгін 66-ның ішінде қолы бар белгілі қайраткер Амангелді Айталы ағамыздан сұрап алыңдар. Жалпы, менің түсінбейтінім өз пікірімді білдіргенім үшін неге кінәлі болуым, керек? Баспасөзде 66 адам ашық хат жазып, өз пікірін білдіріп жатса, (ішінде Еркін секілді «әліп танымайтындар» да бар), барлығы өз ойларын айтып жатса, осы уақытқа дейін кез келген оқиғаға өз ойын айшық айтып, жазып жүрген мен неге өз пікірімді айтпауым керек? Осыған кім жауап береді? Сонда мен үнемі латынды қолдап келіп, енді жеме-жемге келгенде өз ұстанымыма қарсы шығып, яғни, өзіме-өзім сатқындық жасап: «Мен де латынға қарсымын»-десем, онда менің кім болғаным? Газетіміздің қандай газет болғаны? Шындық - біреу. Ол саясатқа, адамға, оқиғаға, ауа-райына байланысты өзгеріп тұрмайды. Ең бірінші мұндай әділдік пен шындыққа бізді отбасымыз, әке-шешеміз тәрбиеледі. Алдымыздағы ағаларымыз баулыды. Әсіресе, әділдік туын түсірмеуді әлемге әйгілі тұлға Мұқтар Шаханов ағамыздан үйрендік. Ендеше менің, елді алдамай, 66-ға өтірік айтып, қосыла кетпей, шындығымды сақтап қалғаныма, ең алдымен Мұқтар ағам және ол кісінің біз жаттап өскен ақиқатқа суарылған алмас жырлары себепкер! Қазір мені интернетте «емін-еркін» атқылап жатыр. Көрінбейтін «достарыма» рахат болды. Аты-жөнін айтпай, тасадан тас ату- интернет әлемінің негізгі «қаруы». Еркін Рақышевқа рахмет қайта, шикісұхбат болсада, ашық айтып жатқан. www.gu-gu.kz сайты менің мақаламды орысшаға аударып басқан екен, zonakz.net сайтындағы ГУ-ГУ блогында орыстілділер мені «халық жауы» деуге дейін барды. Екі күнде үш мыңдай адам кіріп, екі жүзге пікір жазылған блогта ауыздарына келгендерін оттады. Әйтеуір латынды қолдайтындар да аз емес екен, солардың арқасында аман қалдым... Әйтпесе, интернет «үкімі» бойынша «атылып» кетер ме едік. Менің латынды қолдайтыным - орыс кириллицасына қарсылығым белгілі болған соң, Мұқаңа да, маған да қарсылардың құдайы берді. Олар Мұқаңа қарсы ұзақ сонар дүмбілез «өлең» жазады да, 5 минут өтпестен астына: «Бұны Қазыбек жазған» деп жазып қояды. Өздері ақымақ болған соң, елді де солай ойлайтын болуы керек, әйтпесе, 5 минутта «өлеңсымаққа» пікір жазбақ түгілі, мазмұнын түгел оқу да мүмкін емес... Яғни, алдын-ала бәрі жазылып, теріліп қойған, дайын мәтіндер де... Осыны интернетте дәлелдеп берген Махамбет Ерғали бауырыма рахмет. Аты да заты да Махамбетке тартқан азамат қой. «Қазыбектің латынды қолдауы – бізді сатып кеткендік» деп соққан кейбір кертартпа жантықтар 66-ның ішіндегі ерекше сыйлайтын ағаларым мен менің арама от тастап жатыр... Мен сатқындық жасайтындай «өмір бойы латынға қарсы майданда бірге боламын»-деп ант беріп, енді елді сатып, шетелге қашып кеткен сияқтымын оларға... Мына шаласауат сұхбатқа да алтын уақытымды қиып, жауап жазып отыруымның бір себебі де осында. Қандай тас түйсіктер десеңші. Егер мен орыс кириллицасы отарынан шығарғысы келмей латынға қарсы болып жатқан орыс шовинистеріне қосылсам, немесе, 66-ны алдап, өз шындығымды өлтіріп, соларға қосыла кетсем – міне, бұл - мен үшін нағыз сатқындық болар еді. Өйткені, өз шындығын сатқандар өзгені аямайды... Ал нағыз екіжүзділер елдің көзіне бір нәрсе айтып, есіктен шыға беріп, мешіттен өтпей жатып, басқаша сайрайтындар. Олар толып жатыр. Олардың біразының 66-ның үстінен ат айдаған мақалалары бүркеншік атпен біздің редакцияға да келуде... Ұлты үшін отқа да, суға да түсіп, сан майданда етігімен су кешкен ер Алаштың бүгінгі бейнесі - ұлтшылдардың көсемі Мұқтар Шахановқа талай жала жабылып талай тосқауылдар қойылды. Соңғы оншақты жылдан бері Хасен Қожа-Ахмет, тағы басқалардың ұйымдастырған шабуылы, биліктің түрлі кедергілері, орыстілділердің талай қарсы шығуы кезінде Мұқаңның жанында болып, ең бірінші қолдап, үн қатқан, мақала жазған кешегі «Жас қазақ үні», бүгінгі «Қазақ үні» газеті! Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Мен ұлт тұлғасы Мұқаңды қорғап талай мақала жазғанымда, тіпті кешегі сайлау кезінде де, өзім «Ақ жол» партиясында болсам да, «Руханияттағы» рухани серкемізді қорғап, қарсы шығушыларды сынап, мақала жазғанымда қоғамдық күштер қатты разы болған. Интернетте пікірлері әлі тұр. Сол кезде мен мына, қазіргі «сұхбатшыл» еркіндердің қайда болғанын білмеймін, өйткені көрген емеспін?.. Менің ресми мәлімдейтінім: 66-лықтардың да, латынды қолдаушылардың да илегені – бір терінің пұшпағы – ұлт мүддесі. Тек екі тарап бір мәселеге екі жағынан келіп отыр. Оның қайсысы дұрыс болатынын уақыт көрсетеді... Екіншіден, осы уақытқа дейін латынға қарсы болып, орыс кириллицасының отарынан шықпауға үндеген ресейлік саясаткерлерге, жириновскийлерге, «ЛАД» славиян қозғалысы мен «Союз казаков Степного края» деген ұйымдардың шовинистік әрекеттеріне қарсы шығып келген басым, енді отаршылдықтан айрылғысы келмейтін сол шовинистерге өзім қосылып, солардың сойылын соғып, мен де латынға қарсы шығуым керек пе?!. Қысқасын айтқанда, латынға қарсы шығып, орыс кириллицасы отарынан шығарғысы келмейтін орыс шовинистеріне қосылуым керек пе, әлде латынды қолдап, рухани тәуелсіздікке ұмтылған өз елімнің ұлттық күштерін қолдауым керек пе? Осыған 66-ның ішінде кім жауап бере алады?!. Кім маған латынның пайдасынан гөрі зиянын дәлелдеп бере алады? Алдын ала айтарым, ешқандай экономикалық та, саяси де, мәдени де, рухани да негізі жоқ жалаң жалаға құрылған қазаққа қарсы қанағатжүкешевтік «қағидаларға» сүйенген бос байбаламның қажеті жоқ!.. Бұдан артық ежелей түсіндіре берудің керегі жоқ шығар, Ереке? Біз баяғыдан латынды қолдап келе жатқанымызды дәлелдеу үшін тағы да осыдан үш жыл бұрын, 2010 жылы газетімізге шыққан бір мақаланы (Елбасы айтқан кешегі 14 желтоқсаннан кейін емес...) еске сала кетейін. Мәдениет министрі Мұқтар Құл-Мұхаммед сол кезде «ерте ме, кеш пе, латынға өтуіміз керек» деп еді, шовинистік күштер өре түрегелді. Қымбат Қалауованың "Орыстар рухани Тәуелсіздігімізге қарсы шықты" атты бұл мақаласы сол кезде тек біздің газетте емес, «Абай.кз»-ден бастап көптеген сайттарда жарияланған болатын... Ендігі сұрақ кириллицадағы дүниелерді латынға аудару мәселесінің қиындығы жөнінде. Бұл жерде мен аталмыш мақалада толық жауап бергенмін. Кітап жөнінде айтылып отырған соң, аудару мәселесі құры аударылып қана қоймай, кітап болып шығу процесіне дейін жалғасатынын білу үшін көп сауаттың қажеті жоқ. Бұл жерде Еркін мақаланы толық оқыса болды, жауап табады. Ал оның өзін «әліп танымайтындарға» қосқан тілші келгенше асығыс-үсігіс, шала-шарпы оқығаны көрініп тұр. Дегенмен, қысқа келтіре кетейін: «Ал зиялылар аяқ астынан ойлай қалған өздеріне тән емес мәселе – қаржы мәселесіне, түрлі қиындықтарға келетін болсақ, 42 әріпті кириллица мен 34 әріпті латын алфавитінің шығындарына келсек, қарапайым арифметикалық амалдарды түсінбеген күннің өзінде латын алфавитінің әлдеқайда экономикалық тиімділігін кез-келген сауатты экономистен ақысыз-ақ сұрап алуға болады… Онсыз да кириллицамен басылуы тиіс дүниелер енді латын әліпбиінде шықса, оның шығыны кириллицаға қарағанда аздау болатыны анық.Ал болашақ ұрпақтар үшін, ұлттың рухани тәуелсіздігі қандай қаржы шығыны болса да, (мұнайы ағып жатқан елде көлденең көл-дария шығындар болмай жатқандай), әрине, қиындықтар да болады, қандай ауыртпалық пен қателіктер болса да, құрбан етуге болады.» Өйткені ол кітаптар латын болсын, кирилл болсын, бәрібір қайта басылады. Яғни, шығын шығатыны онсыз да белгілі. Бұл жерде төтенше шығын – латын әрпіне аудару мәселесі. Біз осы мәселені айтқан болатынбыз ол жерде. Еркіннің мақаланы толық оқымағаны мынадан-ақ білуге болады. Ол «Егер Қазыбек іріктейтін болса, ол Президенттің еңбектерін аударып басады.одан кейін өзінің кітабын шығарады»-деп еседі Ерекең. Ал менің мақаламда мынадай сөздер бар: «Бұл алаңдау да түсінікті жайт. Біріншіден, миллиондаған әдеби-мәдени-ғылыми еңбектердің ішіндегі асылы мен жасығы іріктеліп, елге пайдалы дүниелер іріктеледі. Оның ішінде аударуға жататын асыл шығармалардың алдыңғы қатарында Мұқтар Шаханов пен Мұзафар Әлімбаев бастаған дарындардың, Мекемтас пен Айталы бастаған ғалымдардың кітаптары тұратыны анық,»-деп айқын жазылған. «Латын алфавитіне өтуді алғашқылардың бірі болып, «Ақ жол» партиясы көтерген» деген менің «Ақ жолдың» 2010-2015 жылдарға арналған Ұлттық тұжырымдамасын тілге тиек еткеніме түк түсінбесе де, Еркін шала бүлініп: «Президент айтқасын қолдамай қайда барады?» дейді. Ал енді оған Президенттің 2012 жылы 14 желтоқсанда айтқаны, ал «Ақ жолдың» тұжырымдамасы одан бұрын- 2007 жылы жасалғанын, бұлардың арасын қарапайым арифметикалық есеппен есептегенде бақандай 5 жыл болатынын Еркінге тілші қыздың өзі түсіндірмесе, менің құлқым жоқ... Тағы бір адамның күлкісі келтіретіні, не сұраса да, «екі қос уыс – бір кілә» дегендей, соны жобалап соға беретін Ерекең: «Елбасымыз дағдарысқа қарсы жұмсалу керек болған 10 млрд. доллар жоғалып кетті деп жүр? Қазыбек, сен білмейсің бе?» -деп жібереді. Ой-дойт шіркін, десеңші? Айтпақшы 66 –ның ішінде «айрықша « статусы бар Ерекеңді сыйлап, мойындай салайын, ешкімге айта қоймас: «иә, мен алып едім 10 млрд. долларды...» Мынадай кеңкелес сұрақтардан кейін «бұлар сұхбатты қай жерде жасаған?»-деген күдік туады екен адамда... Алаштың 95 жылдығына «Ақ жолдың» қатысы жоқ деп те соғады ол. "Ақ жол" Алаш мәселесін көтеріп жүргелі қашан? Алдымен қазан айында Алаштың 95 жылдығын атап өту жайлы үкімет басшысына депутаттық сауал жолданды. Ал қарашаның 22-сінде "Ақ жол" республикалық ғылыми-практикалық-теориялық конференция өткізді. Онда Дихан Қамзабек, Өмірзақ Айтбайұлы, Амангелді Айталы,Амантай Шәріп,Қайрат Сақ,Әбдіжәлел Бәкір секілді академик ғалымдар, Азат Перуашев бастаған 3 депутат, ,Ханбибі Есенқарақызы, осы жолдардың авторы, т.б. қаламгерлер бастаған 16 баяндама жасалды. Олардың жартысынан астамы "Жас қазақ үні" газетінде жарияланды, енді тұтас кітап болып шыққалы жатыр. Бұл туралы біраз БАҚ пен сайттар да жазды. Қайрат Сақтың баяндамасы түгел "Қазақ" газетіне арналды. Кеше қаңтарда парламентте «Ақ жолдың» депутаты Алмас Тұртаевтың депутаттық сауалы бойынша Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту үшін жалпымемлекеттік және аймақтық кешенді бағдарламалар даярлау ісі мен ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарына қол жеткізу мәселесі көтерілді. Барлық облыстар мен қалаларда «Ақ жол» Алаштың 95-жылдығын атап өтті. Яғни, республика бойынша Алашты атап өткен тек «Ақ жол» партиясы ғана. Ал 22 желтоқсанда Алматыда Халықаралық Бизнес Академиясында өткен, Алаштың 95 жылдығыны қарсаңында бірнеше БАҚ бас редакторлары мен зиялылар партия қатарына қабылданған, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді баяндама жасаған жиынға қаншама уақыт интернет пен баспасөзде хабарландыру берілсе де, осы Еркінің түгілі 66-ның ішінен ешкім болған жоқ? Сонда бұлар Астанаға бармай-ақ қойсын, Алматыдағы Алашқа арналған жиынға бармаса, кімге барады? Тағы да Алаш туралы ауыз ашпақшы болады... «Қазыбек Исасыз» сұрағы жоқ тілшінің тағы бір дүмбілез сұрағына: «Қазыбек Иса өзін М.Шахановтың қасына барып қойғысы келеді»-деп дүбара жауап береді Еркін. Негізі , біреуді жазықсыз кінәлап, ол туралы «кестім-пісті» пікір айту – Алла алдында күнәһарлық болатынын ескертемін. Мен мақаламда Мұқаңды қай жерде келтірсем, сол жерде оның ұлт көсемі ретінде еңбегін келтіру үшін жаздым. Оны мақаланы оқыған барлығы (жат пиғылды жантықтардан басқа) айтып, жазып жатыр. Мақаланы біреудің өсегінсіз өз бетімен оқыған кез-келген адамның көзі жетеді бұған. Ал кейбір жерде, мүмкін, қызбалықпен (Мұқаңа тартқан шығармын...) артық кеткен жеріміз болса, айып мойнымызда. Бірақ сайттарда да, көлденең кісілердің өзі де «мақалаңнан Мұқаңды ерекше сыйлайтының көрініп тұр» -деп айтып, жазуда. («Қара шалдың қадірін білетін сары бала сары майдан қыл суырғандай етіп жазған екен...») Мұқаңа рахмет, тереңнен ойлайтын кенендігіне салып, кеңдік көрсетіп отырғанына. Әйтпесе, айдаладағы Еркін емес, ол кісі бізді сынап бірнәрсе жазып жатса, жауап қайтарар шамамыз бар ма?..
«138-дің хатына» орысшыл оппозиция қол қоюдан қашты...
Айтпақшы, мақалада сөз болған 138-дің хатынан да «саясат» іздепті «тыңшылар.» Ақыр, қоймайды екенсіңдер, бәрін басынан айтайын. 138-дің хаты оқиғасы Мұқаңның ұлт алдындағы беделінің арқасында дүрілдеп кетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі дайындаған Мемлекеттік тілдің бағдарламасы бойынша 2013 жылдан бастап, барлық ресми орындар мемлекеттік тілде жұмыс істеуі керек болатын. Сол интернетке шығып кетіп, орыстілділер ойбайлаған соң, министрлік өздерінің үкіметтік жобаларынан бас тартты. Бұған күйіп кеткен мен Мұқаңа: «мынау, не масқара! Біз де әрекет етіп, ашық хат жазайық»-деп едім: «Мен қазір шаршап жүрмін, өзің дайындап әкеле ғой, содан соң талқылармыз» деді. Мен бар түйткілді мәселелерді барынша қамтып жазып бардым. Ең бірінші ол хатты «көлемді, қысқарту керек» деді, Мұқаң. Мен қысқарттым. Екі-үш күннен соң «Жалынға» бүкіл ұлтшыл зиялылар жиналғанда «анау жоқ, мынау жоқ» деп, алдында алып тасталғандарды қайта қосуға тура келді... Мұқаң өзі бұрыннан қозғап келе жатқан қадау-қадау мәселелерді қосты. Ұсыныстар да айтылып, қосылды. Жалпы, хатты Мұқаң маған «жөнде» деп, 4-5 рет қайтарды. Бірақ бәрінде де маған берді. Өйткені «Жалындағы» хат талқылау барысы жайлы айтыпты ғой «сұхбатшылар» дұрыс, бірақ олар бірнәрсені ұмытыпты. Қаншама хат талқыланғанмен, ол алынып, басқа біреуге берілген емес, сол жауапты тұлға қосса да, қысқартса да, аяғына дейін алып шығады. Ал ашық хаттан «Қазыбек өзінің бір сөйлемін де таппайды, ол түгел қайта жазылды» дегені тағы да күнәһарлық өтірік. Мен мұны айтар ма едім, айтпас па едім, Ерекеңе жауап беруге тура келіп тұр. Мен ол хатты ең алғаш «Жалынға» бара жатып, жолда Ғылым академиясында Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасап жатқан Дос Көшім бастаған ұлт зиялыларына соққанмын. Сол кезден алғашқы жобаға алғашқы қолдар қойыла бастады. Ерекеңнің «өкінішіне» орай сол нұсқа менде сақтаулы тұр. Оны соңғы баспасөзде жарияланған нұсқамен салыстырсаң, 70 пайызға жуығы сақталған. Өйткені бұл хатта көтерілген көп мәселелер оның алдында «Жас қазақ үні» газетіне шығып жүрген менің мақалаларымда бар болатын. Міне, мұндай да жанкешті өтірікші болады екен ғой... Елді дүрілдеткен ең бастысы мұндағы талайдан айтылып келе жатқан мәселелер емес, қабырғасынан қойылған «орыс тілі туралы Атазаңның 7 бабы-2 тармағын алып тастау» еді. Міне, осы кімнің кім екенін білдіретін «детектор» «оппозициямын» деп кеудесін қаққанда бос дүңкілден басқа түк шықпайтын талайдың бет пердесін ашып берді. Олар туралы мен кейін «Жас қазақ үні» газетінде жазып, ол «Абай.кз» бастаған бірталай сайттарда жарияланды. Митингіде сөйлеген сөзімде де айттым аттарын атап... Негізі, әрине, бар күш Мұқаңа түсті. Ол кісі кабинетінде отырып алып, талай саясаткерге телефон соғып, қол қойғызды. Сол қарсаңда «Жалында» өткен үлкен жиында мен Мұқаңның «Мемлекеттік тіл» қозғалысы бойынша төраға орынбасары, Нұржан жауапты хатшы болып сайланған болатынбыз. Сондықтан Нұржан мен маған да аз салмақ түскен жоқ. Күнде таңертеңгісін «кімдер қол қойды, кімдер қоймады» деп жиналатынбыз. Әсіресе, «Жалынға» барғанда Мұқаң өз кабинетінде, Нұржан өз кабинетінде телефон құлақтарына отырып алып, айқайлап жататын. Құдияр да, Еркінбек те, сол редакциядағы қыздар да күндіз-түні шапқылап жүрді. Сол кезде қанша жүргенде біз бүгінгі «әліп танымайтын» «қайраткер» Еркін Рақышевты көрген жоқпыз. Шамасы, қол қоюға зорға келіп, Нұржан қағазды дайындап, мен тізімнен аты-жөнін көрсеткен соң, бармағын батырып кеткен болар... Екіншіден, бірден айтайын, 138-дің хатын «мен жаздым» деп, мен еш жерде кеуде қаққан емеспін. «Қазыбек Иса жазып, бізге алып келді» деп,ең бірінші Бибігүл Төлегенованың баспасөз мәслихатында «Гүлжан.орг» сайтына сұхбат берген «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жауапты хатшысы Нұржан Ошанбеков айтып берді. Ол орыстілді талай сайтта, www.zakon.kz сайтында да әлі сақтаулы тұр. Нұржан да бұл мәліметті «Шаханов биліктің тапсырмасын орындап отыр» деген негізсіз айыптауға қарсы дәлел ретінде айтты. Содан соң маған да көптеген сайт пен БАҚ шығып, сұрай бастағасын, менде шегінер жер қалмай, шындықты айтып бердім. Мысалы, қыркүйектің ортасында мен Қасым Аманжоловтың жүз жылдығынан Қарағандыдан келе салысымен Стан.тв сайтынан келген журналист Қасым Аманжол сол «Жалын» журналына іздеп келіп, жиналыс өтетін залда сұхбат алды. Менің де мақсатым «Шаханов биліктің тапсырмасын орындап отыр» деген жалған желеумен қазақ тілін қолдау үшін орыс тілі туралы Атазаңның 7 бабы 2 тармағын алып тастауға қол қоюдан қашқан орысшыл оппозицияның кертартпа күштеріне дәлелді соққы беру болды... Бұрын «ұлтшылмын» деп, Мұқаңмен бәсекелескісі келіп жүретіндердің көбісінің бетперделері ашылып, тайқып шыға келді. Сол кезде «Шаханов биліктің тапсырмасын орындауда, сол үшін қол қоймаймын» дегендермен талай айқайластық. Кейін солардың, мысалы, 138-дің хатына қол қоймаған Жасарал Қуанышәлиннің: «Мен ол хатты көрген жоқпын, әйтпесе, қол қояр едім»- дегенін естігенде күйіп кеттім. «Саясат деген бұлар үшін өтірік айту екен ғой» деп ойлайсың. Айтпақшы, «сұхбаттың» кіріспесіндегі секілді аяғында да «күлкілі» жәйтті ұмытпапты олар... Сөзбе-сөз келтірейін: «Қазыбек Исаның сөйлем құрауында шорқақтық кетіп жатса, ол кәсіби журналист емес, мамандығы бойынша суретші ғой. Бірақ қалай десек те, ақын емес пе?- дейді ғой тілшісымақ Ерекеңнен. Біреу «әліп танымасаң да» аузыңа қарап отырса, бөспей жын ұрып па, зулай жөнеледі бұл пақыр. Ақындар жайлы «дәріс» оқиды тіпті... Шахановтың «Жалында» менің 50 жылдығыма шапан жапқанда айтқан: «Мен Әбділда Тәжібаевқа «сіздің бар кітаптарыңызды ақтарып, екі-ақ жол» таптым»-деп едім, ол кісі ренжіп қалды.Сонда «ойбау-ау, басқа ақындардан ондай екі жол да таппадым» -деп көңілін аулап кеттім. Сол секілді Қазыбектің кітабынан: «Бақыт деген – бақыт жайлы ойламау»-деген жолды таптым» -деген болатын. Соны Еркін «Шаханов әлгі сөзді Қазыбектің көңіліне қарап айта салған сияқты»-деп, Мұқаңның сыртынан тон пішеді. «Байдың асын байғұс қызғанады» деген бар еді, біреудің біреуге айтқан бағасын қызғанған мұндай ішмерездерді бірінші рет көруім. «Болмаса, «Бақыт деген- бақыт жайлы ойламау»-деп ақиық ақын М.Мақатаев айтқан ғой» деп, одан сорақысын шығарып, ардақты ақынның әруағын «сасық саясатына» «куәлікке» араластырып жібереді. Негізі, әңгімеге өзек болып отырған менің өлеңімнің бұл екі жолы жайлы ең алғаш Шымкентте, кейін Алматыдағы жыр кешімде Дулат Исабеков айтқан болатын: «Осы біз кітап оқымайды деп оқырманды кінәлаймыз. Ал залға сыймай кеткен осыншама оқырманы бар Қазыбек шынында да бақытты ақын. Бақыт демекші БАҚЫТ деген сөзге бәріміз де, талай ұлыларымыз да теңеу іздеп таусылғанбыз. Әрқайсысымыз әр нені айтып жүргенде Қазыбек: Бақытсыздар көп ойлайды Бақытын, Бақыт деген – БАҚЫТ жайлы ойламау!…», – деп, бір-ақ ауыз сөзбен барлығымыздың аузымызды жапты. Бұны поэзиядағы жаңалық деп ойлаймын»-деген еді. Бұны барлық газеттер мен сайттар жазды. Сонда ол екі жолдың «Мақатаевтікі» екенін Дулат Исабеков те, Мұқтар Шаханов та, мен де білмейді екенбіз де, «әліп танымайтын», ерінбеген еріккеннің кез келгені түсіре алатын дүмбілез кино түсіргенге мәз «режиссер» Еркін біледі екен. Мен мысалы, Мұқағалиды қанша жылдан бері оқып келе жатып, тағы да ақтарып, мұндай жол көрген емеспін. Мақсатына жету үшін ешнәрседен тайынбайтын бұндай халтурщик киношниктерден бәрін күтуге болады. Аяулы ақынның әруағынан қорқу дегенді мүлде ұмытқан ғой деймін бұлар... Ең болмаса, білетін, сөз танитын басында саңылауы барлардан сұрап алмай ма? Айтпақшы, осы «халтурщик киношник» деген сөзді тексере салайын деп, «Google іздеу» дегенге салып жіберіп едім, Еркін Рақышевтың аты самсап шыға келді... Сөйтсем, бұл оған бұрыннан таңылған «ат» екен ғой... Сөз соңында «Қазақфильм» студиясының бас редакторы, белгілі жазушы және киносыншы Дидар Амантайдың қанатты сөзге айналып кеткен сөзін келтірсем деймін. «Қазір қазақ киносында екі проблема бар. Оның біріншісі - Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі, екіншісі - Еркін Рақышев. Рақышевтiң кинолары - қазаққа жағылған жала деп есептеймiн. Ермектің проблемасы білімінің көптігінде. Еркін Рақышевтың проблемасы - білімнен жұрдайлығында". "Ақын ретінде оның бір жол өлеңін жатқа білесіз бе? білмейсіз. мен де білмеймін. өзгелердің де білмейтіні күмәнсіз,"-деп оттайды поэзия жайлы "дәріс" оқығыш дәлдүріш киношник. Газеттің осы номеріндегі (№10-11 18.03.2013.) 9 беттегі "Сол күндерді құдай-ау, қайтар маған" атты елден келген мақаланы оқы, Еркін. Онда 5 жасар баладан 70-тегі шалға дейін менің жырларымды жатқа оқығаны жазылған. Сен екеуің білмеген сауатсыздықтарыңа "өзгелер де білмейді" деп, халықты қараламағын. Бірақ, деңгейіңнің жеткен жері сол болса, қайтеміз? Шахановқа «ревизия» жасағыш сабаздар «Қазыбек Исаның сөйлем құрауында шорқақтық кетіп жатса» дейді бас-көз жоқ, ешбір дәлел келтірмей. Осы уақытқа дейін 50 жылда менің өлеңдерім болсын, мақалаларым болсын, бірде бір рет «сөйлем құрауында шорқақтық бар» дегенді естіп көрмеппін. Басы кешегі Ғафу Қайырбековтерден бастап, бүгінгі Мұқаңдар бар, сыншы-зерттеушілері бар,талай тарланнан тек жоғары баға алып жүрген, 2008 жылы 28 ақынның ішінен «Тәтті шөл» жыр кітабым үшін Халықаралық Алаш сыйлығын жеңіп алған (4 ақын алды - өткен жылғыдай 48 емес) менің шығармашылығымды кенеттен өзінің «әліп танымайтынын» мойындап, жаһанға жар салып отырған Еркін «киношник» пен шаласауат тілші «сынамақ « болады. Бұлбұлды сынаған жануар туралы Крыловтың мысалы еріксіз еске түседі екен... Бұған күлесің бе, жылайсың ба? Бұған жауап беру керек пе, жоқ па? Мен үшін мысалы, соншалықты төмен түсіп, жауап беру –қорлық деп білемін. «Ұлттың тағдырын шешетін латын әрпіне көшудің қажеті жоқ. Кириллицамен 80 жыл жүрдік, тағы да 80 жыл жүрейік» деп «қорытындылайды» Ерекең сұхбатын. 80 жылдағы дүниелерді аударып шығару қиын деп отырған еді, енді 160 жылдағы дүниелерді аударып шығару «оңай» болады екен де...Қазір әрбір жылдың көтерер салмағы зор екенін ол қайдан ұқсын? Не болса да, кейінгі ұрпақ көрсін, өзі сол орысқа құлдығынан жаңылмай, киносымағын түсіріп жүре бермекші екен ғой сабазың. Ұлт тағдыры, әліпби мәселесі туралы осылай жауапсыз оттай салатындарға сөз берілсе, жетіскен екенбіз... Бұл сұхбатшылар бұл шатпақтарын ең болмаса, сөз танитын, қалам ұстайтын біреуге көрсетіп алуды да білмеген ғой. Мұндай өзінің масқарасын өзі шығарған сұхбатты Еркінге жау болмаса, кез-келген таныс журналист жөндеп берер еді... Сағызын шайнаған мәнсіз, дәмсіз, дәлелсіз сұхбаттан Еркіннің шын мәніндегі "әліп танымайтыны" айқын көрініп тұр. Мейлі ғой, шайнай берсін, бірақ оқыған адам босқа кеткен алтын уақытына өкінеді де. «Құлды бәрекелді өлтіреді»-дегендей жанталасқандары көрініп-ақ тұр. «Жарайсыңдар» деп, арқадан қағып қалғанда, шашалып қалса да, шайнаңдап отыра беретін сұрқыларына қарап, қарадай қарның ашады... Айтпақшы, ең масқарасы, бұлар былай деп «жаңалық» ашады? «Қазір біз – бұқара халық арасынан ұлттың мүддесін, мұң-мұқтажын жоқтайтын, халқымызды тығырықтан алып шығатын, жағымпаздық пен жемқорлықтың кеселінен, намыссыздық пен жігерсіздіктен, ұлтымызды жоюға бағытталған сұрқия саясаттан жарқын болашаққа бастайтын батыр ұлды табуымыз керек. Ол Алланың берген батыр жүректі азаматын бүкіл халық болып іздеп тауып, қорғап, қолдауымыз қажет. Қазақтың бағына туатын ұлды біз 50 жыл іздесек те, тосуымыз қажет» деп «толғайды» Оу, «ұлттың мүддесін, мұң-мұқтажын жоқтайтын, ұлтымызды жоюға бағытталған сұрқия саясаттан жарқын болашаққа бастайтын батыр ұлымыз - ұлы Мұқтар Шаханов бар емес пе? Қазыбекке тиісемін деп отырып, қызды-қыздымен Мұқаңды неге есептен ерте шығарып тастаған бұлар? Қасында жүріп, талайдан байқағанымыз, жетпіске жеткенімен жігер-қуаты елудегі бізден артық болмаса, кем емес. Кешегі жетпіс жылдық қамалды алғаш бұзған Желтоқсаның болсын, мемлекеттік тілді сақтап қалу болсын, Наурызды оралтып, 1989 жылғы Кремльдегі Горбачев бастаған Компартияның ОК Саяси Бюросын сазға отырғызып кету бар, бұдан артық қандай батырлық, қандай қаһармандық керек? Біз мысалы, латын жайлы пікіріміз бөлек болғанмен, ұлтшылдардың көсемі Мұқтар Шаханов деп келе жатырмыз, одан танбаймыз. Оңтүстікте өткен 70 жылдығына арналған жырымда мен өзім ұстаз санайтын Мұқаңның «бір өзін бір партияға» босқа теңеген жоқпын. 2012 жылы желтоқсанда ҚазҰУ-де өткен 70 жылдық тойында Мұқтар Шахановқа «Қазақ үні» газетінің 2012 жылғы «Жыл адамы» номинациясын жеңіп алғанын хабарлай тұрып, айтқан сөзім бар, соны тағы да қайталайын: «Ұлтшылдар көсемі Мұқтар Шахановтың ұлт мүддесін ұлықтатып, мемлекеттік тілді төрге шығармай, «ана дүниеге аттануға» хақысы жоқ!» Сол сөзім – сөз!Қазыбек ИСА,
P.S. Айтпақшы, тілші Жанна Иманқұловаға рахмет! Латынға қарсы «66-ның ішінде «әліп танымайтындар» кімдер» деп кейбіреулер мазамды алып жүр еді, кім екенін тауып бергенің үшін алғыс айтамын. Елдің бәрі енді білетін болды «әліп танымайтындардың» кімдер екенін... Тағы да табылып жатқандар болса, сұхбат ала бер...