Бүгін Қазақстанның 12 өңірінде көктемгі ҰБТ басталды

0
113

Бүгін Қазақстанның 12 өңірінде көктемгі ҰБТ басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның 12 өңірінде тестілеу басталады», деп жазды Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов Facebook -тегі парақшасында. Оның айтуынша, Қарағанды облысындағы көктемгі ҰБТ 18 наурызда өткізіледі. Бұл жолы жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсуді жоспарлаған талапкерлер үшін ұйымдастырылатын Ұлттық бірыңғай тестілеу компьютер форматында өтеді. Егер бұған дейін көктем айындағы тестілеу тек 10 күнге созылса, биыл қатысушыларға 1 ай уақыт берілді. Наурыздағы ҰБТ-ға қатысуға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығы сайтында жүргізілді. Пәндер саны әдеттегідей бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу жүргізіледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. Максималды балл – 140.

Тестілеу электронды форматта «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өтеді. Сондай-ақ прокторинг жүйесі қолданылады, бейнебақылау орнатылады. Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру жүйесі – Face ID ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адамдарды анықтауға мүмкіндік береді. Осының барлығы академиялық адалдық қағидаларының сақталуын бақылауды күшейтуге жағдай жасайды.

ҰБТ өткізу кезінде санитарлық талаптар сақталатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылғы 20 қаңтар мен 3 ақпан аралығындағы ҰБТ қалауы бойынша ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін орта білім беру ұйымдарының бітіруші 11 (12) сынып оқушыларына; ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін; ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар үшін қағаз форматта өткізілді.

Нақты тестілеуге 116 085 адам қатысты. Ол өтініш берушілердің 96,6 пайызын құрады. Оның ішінде шектік деңгейден өткендер саны – 57 679 (49,7%).

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз