Қазыбек Иса. Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп!
2021 ж. 09 наурыз
2740
3
2020 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында "Ақ жол" партиясы Мемлекеттік тілді қолдау туралы митинг өткізбекші болғанда, билік пандемияны желеу етіп, рұқсат бермеді. МЕМЛЕКЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН ҚОЛДАУ МИТИНГІСІНЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ! Негізі Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, Мемлекеттік тілін қолдау үшін митингі сұрап, депутаттық сауал жасап жүрген ел әлемде жалғыз Қазақстан ғана! Ал сол күні ресми рұқсат берілмесе де, митингіге шыға беруге билік рұқсат беріп қойған әдеттегідей үйреншікті сценариймен кезекті оншақты адам шықты...
Ал кеше Алматыдағы гендерлік теңдік тақырыбымен әйелдер құқын қорғауға арналған шеру болып өтті.
Әрине, әйел құқын қорғау қашанда маңызды. Қазақ халқы о бастан үкілеген қызын төрге отырғызып, аяулы ананы ардақтап, асыл жарын құрметтеп өскен халық. Бірақ, ешуақытта қазақ әйелі пір тұтатын ерімен өзін теңестіріп, ерсілік жасамаған, әйелге тән әдебімен, пайым-парасатымен қасиетті саналады. Қазақтың батырлар жырын алсаңыз да, Алпамыс батырмен бірге Гүлбаршын, Қобыландымен Құртқа, Ер Тарғынмен Ақжүніс қатар айтылып, дәріптеліп келе жатыр.
Бірақ кешегі шеру ішіндегі "Жатырымыз өзіміздікі, оны не істейтінімізді өзіміз шешеміз" деген ұрандар көтерген құрамы күмәнді топтарды көргенде қаны бар елдің қаны қайнауда...
Шеруде бір жыныстылардың бір-біріне үйленуін үндейтін, жезөкшелердің құқын қорғауға шақырған жын-жыбырлардың жалаулары да жалбырап жүр екен...
Қазақ әйелдерінің қолынан "Менің жатырым-менің ережелерім", "Күштің жынысы жоқ", "Ана болу міндет емес"" деген ұрандарды көру қандай қасірет еді?!. Бұл сорақы ұрандарды не еркекке, не әйелге ұқсамайтын ұсқындары қорқынышты біреулер ұстап жүр...
"Бүгінгі акцияны ұйымдастырған "Феминита" феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды"-деп жазады Азаттық тв.
Яғни, Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп болып тұр шындығын айтқанда.
Ұлттық негізімізді, Ділімізді құртатын, Ұлттық кодтың тас-талқанын шығаратын шеру ғой бұл!
Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын -Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда осындай Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара шерумен бастап қарсы алудамыз!..
Осы біздің елде Ұлттық идеология деген бар ма?
Азаттықты асқақтататын, Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологияны қашан қолға аламыз?
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні