Орны ерекше Оразкүл

Рухани інісі ретінде жанында көп жүріп, мол мағлұматтан хабардар мен үшін, поэзия патшайымы – Фариза Оңғарсынованың әпкем туралы: «Оразкүл сіңлім – үлкен қайраткер. Ол жүрген жерінің бәрінде де ел сүйсінер із қалдырады. Қазағы да, орысы да қазақша сөйлесең құлағына ілмейтін Астананың күллі мекемесіндегілердің бәрін қазақ етті. Ол ештеңеден тайынбайды, қандай ортада тұрса да, ойын батыл айтады, біреулерге ұнамай қалармын деп жалтақтамайды» деп мақтаныш сезіммен сөз сөйлегенін естіген едім.

Реті келгенде айта кетейік, «бір адамның болашағы – бір адамға байланысты болады» дегендей, Оразкүл Асанғазықызына осындай мүмкіндіктерге жол ашып беруде Астана қаласының сол кездегі әкімі Өмірзақ Естайұлының «оңтүстіктің идеологын» елордаға шақырып, Тілдерді дамыту басқармасының тізгінін ұстатқанының септігі тиді десек артық болмас. Ел ағасы Қойшығара Салғара: «Шынайы ұлтшылдық әлдекімге еліктеуден, солай болайын деген ұмтылыстан болмайды. Ол – адамға бала кезінен ананың сүтімен, атаның тәрбиесімен, ортаның өнегесімен бойға дарып, жаратылыс болмысымен біте қайнасып, тіршілігінің мақсат-мүддесіне айналатын сүйексіңді қасиет. Ондай қасиет иесіне тұрақтылық тән. Ол тіршіліктің қиындығы мен жеңілдігіне бейімделіп өзгермейді, саясат ағымына қарай құбылмайды, қайда, қандай жағдайда болса да, ұлт мүдделі үдесінен шығуды көздейді. Мен білетін Оразкүл Асанғазы – осындай адам, туған халқын, өз ұлтын, ата-­анасындай ардақтай білетін, шынайы сүйе білетін адам. Оның мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, тазалығын сақтау жолындағы тынымсыз еңбегі – осының айғағы» деуі көптің көңілінен шыққан уәж сөз болғаны да сөзсіз. Еліміздің бас қаласында, елорда төрінде елдік, мемлекеттік мүдде жолында, мемлекеттік тіл мәртебесінің мерейін арттырып, халық құрметіне бөленген Оразкүл Асанғазы тарихи тұлғалардың, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер адамдарының мерейтойларын, кештерін, кездесулерін өткізу, түрлі байқаулар ұйымдастырып, тіл мерекесін өткізіп, зиялы қауымды жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектептердің ұжымдарымен жүздестіріп, тыңдармандарына ой салдырған талай жиындардың басы-қасында жүретін жұрт білетін. Зиялы қауым демекші, «Алаш қозғалысына арнап, «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты, атты тағы да ірі халықаралық конференция өтті. Осы алқалы жиынға әлемнің 11 елінен отызға жуық қандастарымыз қатысты. Конференция дегеніңіз болмаса, бұл өзі симпозиум іспетті жиын болды. Оның аясында конференциямен бірге дөңгелек үстелдер, бірнеше жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Осы шын мәніндегі халықаралық жиынның ұйытқысы да, ұйымдастырушысы да Оразкүл Асанғазы болды. Сырттан келген ағайын­дар қайраткер-қызға алғыстарын жаудырып жатты» деп «Тіл – қазына» ұлттық орталығының атқарушы директоры, белгілі тілші-ғалым Ербол Тілешов тебіреніспен еске алады. «Тіл мәселесіне, ұлттық тәрбие, ұлттық намыс мәселесіне келгенде, ол тіпті қызына сөйлеп, тыңдаушысын қыздыра елітіп, сергітіп, серпілтіп жібереді. Ана тіліне мән бермейтіндерді ұялтып, намыстарын оятып сөйлегенде алдаспандай жарқылдайды. Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған сан түрлі іс-шараларда Астана жұрты Орекеңнің сөзінен жігерленіп, қанаттанып шығады. Астана ғана емес, Оразкүл Асанғазының теледидардан көрген, радиодан естіген жұрттың барлығы ырзашылығын білдіріп, қуанысып жатады. Бұл ол кісінің елдің сөзін, жұрттың ойын дөп басып тапқанынан болса керек. Ол кісімен қызметтес болу бақыты бұйырғандардың айтуынша елге бара қалсаң көзі қарақты адамдар: «Оразкүл Асанғазыны білесің бе?» деп сұрайды екен. «Ақылымен де, тайсақтауды білмейтін арынымен де сонау оңтүстікте тіл мәселесін алғаш көтеріп кеткен Оразкүл Асанғазы болды. Алыс-жақын жердегі авторлар мен әдіскерлердің басын ұйыстырып, мүлгіп қалған кеудеге дем беріп бәрімізді дүр сілкіндірді. Орекеңнің арқасында бәріміз батылданып іске кірістік. Өзінің үлкен лауазым деңгейіне қарамай, әрбір балабақшаға дейін аралап, тіл үйрену топтарының басы-қасында жүрді. Соның нәтижесінде оңтүстік өңірдегі тіл мәселесінің шешімі Қазақстанның өзге аймақтарына үлгі боларлықтай дәрежеге жетті. Қазағы да орыс-орманы да орысша сіресіп қалған қаланың бетін бері қарата қою оңай болмағанын көзімізбен көрдік. Ал енді қазір Астананың қазақшасы десек, Орекеңнің аты аузымызға оралатын сәтке жеттік» дейді тіл білімі тарландарының бірі профессор Әлімхан Жүнісбек. Оразкүл Асанғазықызы туған тілімізді тұғырына қондыруда практикалық жағына ғана мән беріп қоймай, социолингвистиканың мықты маманы, профессор Бақытжан Хасанов бастаған бір топ ғалымның тұжырымдамаларына да назар аударып, бірлікте жұмыс істегенінің өзі – кешегі мұғалімнің университетте алған теориялық білімін практикамен ұтымды ұштастыру үрдісі айқын байқалды. «Көп әйелдер қолына мансап тисе, отбасы, ошақ қасы жайында қалады. Орекең ондай емес. Баласын бағып жүріп, сиырын сауып жүріп, жұмысын жасады және қатарластарынан қашанда оқ бойы озық тұрды. Тіл-ұлт мәселесі талқыға түскенде топ ортада қасқайып осы Орекең тұрды. Құтты бір қазақ тілінің сақшысы сияқты» деп Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеу­ханов қалай дәл айтқан, дөп айтқан деп қайран қаласың… Алаш баласына сыйлы қайраткер, отбасына өнегелі ана, адал жар. Отбасының бақыты мен қызметтің берекесін керемет ұштастырған тұлға ретінде де ол – қазақ қыздарына, жалпы қазақ жастарына кемел үлгі. Жұбайы Жора екеуі – ұлы мен қыздарына нағыз ұлттық тәрбие берген ата-­аналар. Олар кейбір зиялыларымыз сияқты елге айтқанын өз үйінде іске асыра алмайтын, жұртқа «Қазақша сөйле, алдымен қазақ бол» деп алып, үйінде бала-шағасымен өзге тілде сөйлесетін адамдардың қатарынан емес. Ұлттық дәстүрді берік ұстанатын нағыз қазақы, жарасымды отбасы. Бұл да – көпке үлгі етіп көрсететін қасиеттерінің санатында дейді көзі көргендер. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренген адам, оны әлдеқашан біліп шығатын еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болу керек» деп атап көрсеткен болатын. Яғни, мемлекет басшысы тіл саласындағы қолға алынар қомақты істер ниетке, ынтаға, ықыласқа, туған тілді білуге деген құштарлықтан туындайтынын тілге тиек еткені тіл жанашырларын бір қуантып тастағаны сөзсіз. Аты аңызға айналған У.Черчилль: «Алдына қойған мақсат-мүддесінің түбіне жеткенше тыным таппаған, кедергілерге қаймықпаған, қайсар, қайраткер-тұлға ғана өзінің діттегеніне жетпей қоймайды» деген пәлсапасына иек артсақ, мемлекеттік тіл – билік тіліне айналмайынша, тіл үшін күресті тоқтатпаймын деген Оразкүл Асанғазықызының, Президент үндеуіне үн қосып, мемлекеттік тіл мәртебесін мерейлетіп, туған тілді тұғырына қондыру жолында аянбай атсалысуға шақырып жүрген қайраткердің қолдаушылары күн санап арта берері сөзсіз…

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академия­сының академигі, филология ғылымдарының докторы профессор

Дереккөз: Астана ақшамы