Маңғыстау геолог-барлаушыларының атасы
2021 ж. 03 наурыз
3418
0
Киелі Маңғыстау, қазыналы Маңғыстау... Маңғаз Маңғыстау... Ашық аспан астындағы мұражай... Осы атаулардың бәрі де осынау бір қазыналы түбекке сүйсінгеннен туған атаулар... Маңғыстауды ауызға алғанда көпшілік жұрт мұнай мен газға бай, Каспий теңізінің жағалауындағы майлы қиян түбек деп ойлайды. Әрине бұлай ойлау дұрыс та. Ал көнекөз жергілікті геолог-барлаушылары мен мұнайшыларының тіліне де, ойына да бірден Маңғыстау мұнайының атауымен бірге Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевтың есімі түсетіні сөзсіз. Сонымен бірге «МНГР» тресі, «МНГР» кешенді экспедициясы да ойға оралары анық. Аса көрнекті өнеркәсіп қайраткері, еліміздің мұнай саласы абыздарының бірі, Лениндік сыйлықтың лауреаты, кезінде Қазақстан геологиясына басшылық жасаған аяулы тұлға, атағы алыстарды шарлаған ақиық азамат Хәлел Жағыпарұлы жайында, оның түбекке сіңірген еңбегі жайлы біршама жазылды, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін Жаңа Өзен қаласының бір көшесі де атымен аталды, Ақтаудағы «Маңғыстау политехникалық колледжіне» де есімі берілді, колледждің алдына бюсті орнатылды, Ә.Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» бұқаралық қорының қолдауымен «Қазақ мұнайының ардақтылары» сериясымен Ә.Спанның «Халел Өзбекқалиев», Халел Жағыпарұлының 90 жылдық мерейтойына арналған Ү.Жәлеке, Ә.Спан жазған «Мұнайдан дария жасаған Халел Өзбекқалиев», Қазақстан мұнайының 120 жылдық мерейтойына орайластырып, елімізге белгілі мұнайшы Меңдеш Халелұлы Салиқовтың идеясымен, демеушілігімен ҚР Журналистер Одағының, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Маңғыстау өңірінің шежіресі іспетті жазушы Наталья Юрьевна Задерецкая жазған «Личность. Лидер. Лауреат» атты кітаптар жарық көрді. Аталған кітаптардың барлығы да Х.Ж.Өзбекқалиевтың өмір жолын, еңбек жолын барынша кеңінен ашып көрсеткен. Аталған кітаптардың ішінде шоқтығы биік, қамтылған ауқымы кең болып көрінетіні Н.Задерецкая жазған, М.Салиқов, Б.М.Қуандықов және «КОНГ» («Қазақстан мұнайшы-геологтар қауымдастығы», президенті Б.М.Қуандықов) демеушіліктерімен жарыққа шыққан «Личность. Лидер. Лауреат» болып көрінетіні сөзсіз. Бұл кітапта Х.Жағыпарұлының уақыт пен заманның, ел тағдыры мен өндірістің көкейкесті мәселелерінің түйінін тарқатқан өрелі ой-толғамдарымен қатар замандастарының, шәкірттерінің, көптеген жылдар бірге жұмыстас болған геолог-барлаушылардың естелік әңгімелері, солардың жеке архивтерінен алынған тарихи сәттердегі суреттер және басқа да көптеген материалдар жарияланған. Аталған кітап Халел Жағыпарұлының ғұмырбаяны мен естеліктер ғана емес, Маңғыстаудың қазынасы ел игілігіне жараған жылдардың жылнамасы, шежіресі деуге болғандай. Мұнда«МНГР» тресі туралы толыққанды деректер мен Маңғыстау мұнайын игерудегі геолог-барлаушылардың еңбегі шебер суреттелген. Осы орайда Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевтың өмірдерегін келтіре кеткен артық болмас.
Өзбекқалиев Халел Жағыпарович(1928-2003 ж.ж.) Атырау қаласының тумасы, 1956 жылдан КПСС мүшесі, Гурьев мұнай техникумының, И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтының «тау-кен инженері» мамандығы бойынша түлегі. Еңбек жолын 1952 жылы Даңғар барлау бөлімшесінде бұрғышының көмекшісі болып бастаған. 1956 жылдан (ЗКГУ)Батыс Қазақстан Геология Басқармасына қарасты Мақат бұрғылау конторасында бас инженер болған.1959 жылдан «Маңғышлақ-мұнайгазбарлау» мекемесін басқарған. 1965 жылдан «МНГР» Кешенді Экспедициясын басқарған. Маңғыстау түбегін игеруді алғаш ұйымдастырушылардың бірі. Маңғыстаудағы ірі кен орындарын ашқаны үшін бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. «Лениндік сыйлықтың лауреаты», «Қазақ ССР-нің құрметті геолог- барлаушысы», «СССР-дің құрметті кен барлаушысы», «Құрметті еңбек ардагері» атақтарының, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «ІХ бесжылдықтың үздігі» медальдарының иегері. Ол Өзен, Жетібай, Теңге, Қарамандыбас, Қаражамбас, Солтүстік Бозащы, Қаламқас кенорындарын алғаш ашушы. Оның жетекшілігімен «МНГР» экспедициясы Тасболат, Шығыс Жетібай, Доңға кенорындары өндіріске қосуға дайындады. Х.Ж.Өзбекғалиевтың аты СССР Геология министрлігі мен Қазақ ССР Геология министрлігінің Еңбек Даңқы Кітаптарына енгізілді. 1978-1991 ж.ж. Қазақ ССР геология министрінің орынбасары болып еңбек етті. Оның қатысуымен Жаңажол, Қарашығанақ, Құмкөл, Лақбай сияқты ірі кенорындарымен қатар, Маңғыстау мен Атыраудағы мұнай, газ кенорындары ашылды.
Х.Ж.Өзбекғалиев еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласты. Маңғыстау облыстық партия комитетінің жанынан партия активі мектебін бітіріп, жоғары саяси білім алды. Қазақ ССР мемлекеттік жоспарлау комитетінің мүшесі, Ералиев аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, Венгер-Совет достығы Қазақ қоғамының тұрақты комиссиясының төрағасы, Венгер-Совет достығы Қазақ қоғамының мүшесі және шетелдермен мәдени байланыс комиссиясының мүшесі болды. Оның тікелей қатысуымен «МНГР» тресті қызметкерлерінің балаларына арналған Ресейдегі Иноземцова кентінде пионер лагері, кейіннен «Қазақстан геологы» атанған, қазіргі кезде Атырау облыстық әкімшілігінің қарамағындағы емдеу-сауықтыру пансионаты салынды. Өндірісте жүргенде мекемеде өнертапқыштардың қызметіне зор көңіл бөлетін. Өзі қарауындағыларға үлгі болып, «Жоғары температуралы ұңғымалардағы шегендеу жұмыстарын жетілдіру» және «Бұрғылау ертіндісі» патенттерін алды. Өндірістегі жаңашылдықтарды үнемі қолдап, қуаттап отырды. «КазНИПИНефть» және басқа да ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтаса жұмыс жасады. Аймақтағы мұнай өндірісіне жаңашылдық енгізуші «Білім» ғылыми-техникалық қоғамының мүшесі болды. Х.Ж.Өзбекғалиев іргелі отбасының тірегі, сүйікті әке, ата болды. Жары Суфия Хаировна екеуі тәрбиелі де талантты Райымхан, Ризахан және Розалия атты ұл-қыздар тәрбиеледі. Олар бүгінгі күні даңқты әкелерінің жолын жалғастырып келеді.
Енді Маңғыстау өңіріне найзағайдай жарқ етіп 25.02.2021 жылы таралған төмендегі хабарға кезек берелік.
Маңғыстау облысының әкімдігі жариялаған ресми ақпаратта: «Бейнеу және Маңғыстау аудандарының аумағында орналасқан Тепке учаскесінен ТЗ-бірінші барлау ұңғымасынан мұнай бұрқағы атқылады. Алынған сынамалар бойынша мұнай сапасы өте жоғары, жеңіл, күкірті жоқ. Бұл қуанышты хабарды облыс әкімі С.Трұмовпен кездескен «Меридиан Петролеум» компаниясының президенті Б. Қуандықов жеткізді. Оның айтуынша Тепкедегі кенорын – еліміз тәуелсіздігін алғалы 30 жылда Маңғыстау облысында ашылған алғашқы ең ірі кен орны болмақ...» – делінген.Жаңа кенорнына аты аңызға айналған геолог-барлаушы Маңғыстаудағы барлық кенорнын ашуға атсалысқан Халел Өзбекқалиевтың есімі берілді. Тепке алаңындағы бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, Маңғыстау мұнайының екінші тынысын ашқан «Меридиан Петролеум» компаниясы. Аталмыш компанияның президенті Х.Ж.Өзбекқалиевтың шәкірті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Мұқанұлы Қуандықов. Балтабек Мұқанұлының БАҚ беттерінде жарияланған сұхбатында: «Ұңғылардың бірі шамамен 130-140 текше метр мұнай берсе, тағы бірі 230-240 текше метр берді. Бұл өте, өте үлкен көрсеткіш және біздің ел үшін расымен де тарихи құбылыс. Тепке, яғни, Х.Ж.Өзбекқалиев кенорыны Маңғыстау өңірі бойынша, тіпті Қазақстан бойынша да еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдағы ашылған орасан зор мұнай қоры бар кенорыны болып табылады.»
Х.Ж.Өзбекқалиев атындағы мұнай кенорны жөнінде қысқаша мәлімет: Т3-1 ұңғымасын 04.11.2020 жылы қазуға кірісіп, 25.12.2020 жылы 3750 метр тереңдікте триас қабаттарын ашып тоқтатылды. ГИС ақпараттарын интерпретациялау нәтижесінде төменгі юра қабаттарында қалыңдығы 60 метрден аса мұнай қабаты анықталған.03.022021 жылы аталған төменгі юра қабаттарының 62 метр қалыңдығын перфорация жасау барысында қуатты мұнай, газ бұрқағы алынды (8 мм штуцер арқылы орта есеппен тәулігіне 240 текше метр мұнай).
Әрине, Маңғыстаудың ардагер геолог-барлаушылары үшін бұл кереметтей сенсациялық жаңалық болды. Ардагер геолог-барлаушылар, мұнайшылар осындай қуанышты хабарды ести сала бір-бірлерімен хабарласып, сүйінші сұрап, бөріктерін аспанға атып бір жасап қалды. Еліміздің аумағында, қала берді қазыналы Маңғыстау өңірінде осындай мол қоры бар мұнай алаңы ашылғаны бір қуаныш болса, оны ашып, елдің игілігіне ұсынған атақты, аты аңызға айналған геолог-барлаушы Х.Ж.Өзбекқалиевтың шәкірті Балтабек Мұқанұлы Қуандықов болғаны да елді ерекше қуанышқа бөледі. Ал осынау мұнай қоры мол кенорынның атын Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевтың атымен аталуы біз үшін баға жетпес жаңалық болғаны айтпаса да түсінікті. Өмір жалғасуда, дәстүр жалғасуда. Ұстазын ұлықтап, Ұстаз атын мәңгілік есте қалдыру үшін тағы бір шәкірттік қадам жасалуда!!! Бұл хабарды Маңғыстау геолог-барлаушылары Балтабек Мұқанұлы сияқты шәкіртінің ҰСТАЗЫНА жасаған сыйы мен құрметі деп қабылдадық. Биылғы, 2021 жыл, еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Маңғыстау мұнайының 60 жылдығы аталып өтетін мерейлі жыл. Жаңа кенорынының ашылуы осынау қос мерекеге де тамаша тарту болғаны қуантады.
Осынау сүйінші жаңалықты қуанышпен қабылдадым!
Құтты болсын! Жаңа кенорын еліміздің игілігіне айналғай!
Бисенбай Бисенғалиев, Қазақ үні