Талай қазақ балаларына кіндік шеше болған Вера апа

1-наурыз Алғыс айту күні поляк қызы Вера апамыз үшін айрықша күн. Себебі, Вера анамызға Сырдарияның арғы жағасындағы ауылдастары жапа-тармағай Алғыс жаудыратын күн.

Неге десеңіз ол өзі тұратын шалғайдағы қазақ ауылына шарапаты тиген дәрігер. Турасын айтқанда поляк қызы Вера Пустовалова акушер-дәрігер ретінде Көксарай ауылында дүниеге келген талай қазақ баласына 1970 жылдан бері кіндік шеше атанып жүр. Ол, кеңес өкіметі кезінен ел алғысын арқалап жүрген абзал жан.

“Көксарай” ауылында соңғы елу жылда туылған балаларға “кіндік шешең кім?”-деп сұрасаң, бірауыздан Вера апамыз деп ақжүрекпен айтады. Түркістан облысы Отырар ауданы Көксарай ауылында тұратын ол, ұзақ жылдар бойы “Қаракөл”, “Шеңгелді” сияқты талай “совхоз-колхозда” акушер-дәрігер болып жұмыс істеді. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан талай ананы босандырып бірнеше отбасын бақытқа бөлеген Вера сол ауылдың халқына кіндік шеше ретінде құрметке ие. Вера апамыз соңғы 50 жылдай уақыт ішінде талай ананы босандырып, мыңдаған баланың кіндігін кесіп, алғыс арқалаған абзал жан, ардақты дәрігер. Дүниеге шыр етіп келген нәрестенің кіндігін кескен адамды әу-бастан “кіндік шешей” деп құрметтейтін ауылдастары Вераны көшеде көре қалса қос қолдап амандасып, құшағына алады, үйіне шақырып құрметтеп төрге шығарады. Поляқ қызы Вераға ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Сырдың жағасында тұратын олар осындағы қазақтармен біте қайнасып, құда-құдандалы болып кеткен. Вера қазақы дәстүрді берік сақтанған берекелі отбасының отанасы десек жарасады. Ол, болгар жігіті Генадий Стоматовпен тұрмыс құрған. Күйеуі Генадий музыкалық аспапта қазақша ән салып, Шәмші әнін шырқағанда айналасын шаттыққа бөлейді. Қазақша мақал-мәтелдің майын тамыза айтар азулы асаба ретінде дараланған дарын иесі.

Бүгінде Вераны Көксарай жұртшылығы кіндік анамыз деп көкке көтерсе, күйеуі Генадий Стаматов ауылдың айтқыш асабасы десек жарасады. Тойшыл қазақ оған тойын басқартады, кешін жүргізеді. Қазір, Вера мен Генадий екеуіде бейнеттің зейнетін көріп отырған құтты шаңырақ иесі, жаны ізгі жақсы жандар. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін құрметтеп, өзінің ғана емес, ауылдағы әр қазақтың отбасылық қуаныштарын қазақы әдет-ғұрыппен өткізуге өнерімен атсалысып жүрген өнерлі де, өрелі жан. Вера апамыздың үзеңгілес достарының бәрі ауыл қазақтары. Ол, қазақ халқының қонақжайлығын құрметтейді. Әсіресе, бір-біріне деген бауырмалдық, қол ұшын созып көмектесетін “Асар” деген қайырымы мол сауапты істің сақталуын ерекше бағалайтынын айтады. Біздерді бауырындай көрген көрші-туысқа, дос-жаранға, қазақ халқына алғысымыз шексіз-дейді Вера Пустовалова. Қазақ қай кезде де салт-дәстүрді берік ұстанған, ырымшыл халық емес пе?..

Оның кіндігін кескен біраз адам өсіп-өніп, ата-әже атанған. Олар өздерінің ғана емес, бала-шағасының, тіпті кейбірі Верадай көпшіл, мейірімді болсын деген ізгі ниетпен немерелерінің де кіндігін кестірген жәйт жетерлік. Көксарай ауылына көрік берген Стаматовтар шаңырағы ынтымағы ұйысқан ауылға береке дарытып отыр. Елдің берекесі-бірлікте деген осы шығар.

Айжан Ахаева,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері

Түркістан облысы ҚХА журналистер клубының мүшесі