ЖЕРІМІЗДІ САУДАЛАУҒА ЕШКІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ
2021 ж. 02 наурыз
1972
7
Ғасырлар бойы қазақ қоғамында жер елдікі, халықтікі болған және мемлекеттік нышан қызметін атқарып, оның тұтастығы саяси дербестігінің басты белгісін білдірген. Сондықтан қандай қоғамдық құрылыс орнаса да жер тек қоныс және көші-қон нысаны ретінде, қаржылық емес, құқықтық айналымда болған. Қасиетті жерінің қадірін жете түсінген ата-бабаларымыз оны қастерлей білген. Сырттан қол сұққан басқыншыларға қарсы жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен. Әлем бойынша көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған осыншама ұлан-байтақ жерді бабаларымыз жаудан қорғап, келер ұрпағына оны көздің қарашығындай сақтайды деген үмітпен аманат етіп қалдырды. Сол ата-баба сенімін ақтап, аманатын орындап жатырмыз ба?..
Бірден ашық айтайық, ата-баба аманатын адал атқарып, үмітін ақтадық деуге ешкімнің аузы бармасы анық. Жерімізге сырттан да, іштен де көз алартушылар көп. Күш қолданып ешкім басып кірмесе де сол қасиетті жеріміздің қадірін кетіріп отырған тек қана өзіміз. Билік басына шығып алған, тоғышарлық пен тойымсыздыққа салынғандар қасиетті жеріміз бен оның қойнауындағы байлықты саудаға салып жіберді. Құдайдың жаратқан жеріне меншік құқығын заңмен енгізу осының нақты дәлелі. Жерді сату отанын сатумен бірдей қылмыс. Жердің негізгі иесі қарапайым қазақ халқының талқысына салып, онымен кеңескен де ешкім болмады. Жұрттың наразылығын тудырған «Жер кодексіне» одан кейін де бірнеше рет өзгертулер мен түзетулер енгізілді.
Қазақтың қойдан жуас мінезі мен кеңпейілділігін пайдаланғандардың осыдан бес жылдай бұрын жерді шет ел азаматтарына сату және жалға беру жөніндегі ұсынысы ұмытыла қойған жоқ. Бұнысы енді шектен шыққандық болатын, билік көтерген бастама бірден халық қарсылығына тап болды. Жер-жерлерде митингіге шыққан халық өз наразылықтарын ашық көрсетті. Басқа байлығын берсе де жерді өлсе де бермейтінін анық білдірді. Жер дауынан шықан өртті басу үшін, халық қаһарынан сескенгендер «Жер кодексіне» өзгертулер енгізуге бес жылға мораторий жариялады. Оның да мерзімі биылғы жылдың соңында бітеді. Билік халықтың жаппай наразылығынан қаймыққанмен, осы күнге дейін оның талабын толықтай орындаған жоқ.
Халық не үшін алаңға шықты? Оның қандай талабы бар? Заңымыз бойынша халық қызметшілері болып табылатын биліктегілерді бұл сұрақ тіпті де ойландырмады. Әлемге демократиялық қоғам құрып жатырмыз деп жар салғанмен халық үніне құлақ аспады. Бұқараның мүддесін жоғары билік деңгейінде қорғауға тиісті депутаттар да осының бәрін көріп, біліп отырса да үнсіз қалды. Керісінше олар биліктің кез келген ұсынысын үнсіз қолдады. Халық қалаулыларын партиялық тізіммен сайлаудың сиқы осындай болды. Ауылдың атын жалаулатып жүрген «Ауыл» партиясы да жер мәселесіне келгенде табандылық көрсетпеді. Парламенттегі жетпіс пайыздан астам орынды иемденіп алған «Нұр-Отан» партиясы жұмған ауызын ашқан жоқ. Ал шын мәнінде халықтың жанайқайына осы партиялардың бәрі бір кісідей үн қосуы керек еді. Өйткені оларды халық сайлады емес пе? Өкінішке орай олай болмады.
Рас, көп партиялардың ішінде «Ақ жолдың» ғана даусын естідік. «Шетелдіктерге жерді сатуға да, жалға беруге де болмайды!» – деген ұранмен «Ақ жол» демократиялық партиясы осы жылдың 20 қаңтарында Жер туралы Заңға енгізу үшін өз ұсыныстарын жолдады. Фракция атынан айтылған депутаттық сауалында Берік Дүйсембинов таяу арада мораторий мерзімінің аяқталатынына байланысты Жер мәселесіне нүкте қоюға шақырған-ды. Осы мәлімдеме көптеген ақпараттық құралдарында жарияланғаны белгілі.Алайда одан бері бір айдан аса уақыт өтсе де біздің үкімет осы күнге дейін үнсіз отыр...
Мораторийге белгіленген бес жыл мерзім аралығында жерге қатысты қандай жаңа заң жобасы жасалып, қандай оң өзгерістер дайындалды, мәселе қалай шешілмекші? Осы тарқауы қиын түйінді тыстан келіп біреу шұғыл тарқатып бере салатындай біздің үкімет әлі де жайбарақат күйде. Әлде іштей бүгіп отырған өздерінің бір есептері бар ма екен? Бар болса соны алдынала көпшілік талқысына салып, халықтың пікірін, жерге қатысты қандай ұсыныстары бар екенін білмей ме? «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деді ме екен, соңғы жылдар БАҚ пен әлеуметтік желіде жер туралы әңгіме тұрақты түрде айтылып келе жатса да халық үніне байланысты билік нақты бір пікір білдірген жоқ. Бүгін үйдей пәледен құтылғанмен, осы үнсіздігі ертеңгі күні таудай тартысқа, тағы үлкен бір дау-дамайға айналарын ойламайтын да сияқты. Қоғамдық пікірді былай қойып, осы орайда мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2019 жылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Жер жұмыс істейтін адамдарға берілуі тиіс. Жер өндірістің басты факторы, тиімділік пен ашықтық болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. 2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторий аяқталады. Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл туралы Парламент депутаттары, саяси партиялар, қоғам ой қосады деп үміттенемін», – деп, Үкіметке берген тапсырмасы да есекерусіз қалды. Ел Президенті бұл тапсырмасын Үкіметке емес, айдалаға айтқандай болып шықты. Әлде біздің Үкімет Қазақстан Президентінің сөзін де елемейтін болған ба? Мемлекет басшысының тапсырмасын құлағына қыстырмайтын бұл неғылған таскерең атқарушы билік? «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының оларға ешқандай қатысы жоқ сияқты. Ал белсенді азаматтар, түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері Президенттің тапсырмасын есте ұстап, жер мәселесіне қатысты өз ұсыныстары мен пікірлеріне үнемі білдіріп келеді. Тіпті жер мәселесіне орай түрлі ұйымдар, одақтар топтаса бастады. Соның бірі – жердің қамын жейтін «Ел мен Жер» қоғамдық қозғалысының құрылуы. «Қазақ үшін ата-бабадан қалған жерді көздің қарашығындай сақтау парыз. Жер сатылмасын. Әсіресе шетелдіктерге жалға да берілмеуі керек» деген түпкі мақсаттарын ашық жариялады. Мәселе қасиетті жерімізге қатысты, оның ішінде ауыл тұрғындары жерсіз тіршілік ете алмайтын болғандықтан бұл қозғалыс «Ауыл» партиясын бірігіп іс-қимыл жасауға да шақырып отыр. Ал аты барда заты жоқ «Ауыл» партиясы жер мәселесін бірінші болып көтеріп, алда жүруге тиісті еді ғой.
«Ақ жол» партиясы Үкіметтен жауап болмаған соң ресми түрде өз ұсыныстарын жариялады. Олар жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған ҚР азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларына бермеуді.Ұлттық қауіпсіздікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету мақсатында, ҚР тікелей құрлықтық және теңіз шекарасы бар мемлекеттердің шетелдік азаматтары мен заңды тұлғалары үшін, сондай-ақ жарғылық капиталында тиісті мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының қатысу үлестері бар ҚР заңды тұлғаларына қатысты уақытша жер пайдалану құқығына жол бермеу сияқты бірнеше ұсыныстарын жолдады. Жоқтан бар жақсы демекші, бұл да болса партиялық депутаттардың бұл өмірде бар екенін көрсетті. Әрине ақжолдықтардың ұсыныстары халық талабын толықтай қамтымағаны белгілі.
Жақында ғана Қазақстан Президентінің жанындағы «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің» бесінші отырысы өтті. Осы жерде мына бір ойымызды айта кеткен жөн сияқты. Осы атауда «сенім» сөзі көзге шыққан сүйелдей болып тұр. Әлде бөліп айтатындай бізде басқа да «сенімсіз кеңес», «құпия кеңес» дегендер бар ма? Қоғамдық деуге де келмейді, оның құрамында билік өкілдері де бар. Билік қоғамнан бөлінбесе, мәселені бірігіп шешсе бүгін жер дауы болмас еді. Мақұл делік, мәселе кеңестің атында емес, затында шығар. Ұлттық кеңеске қатысқан Қ. Тоқаев өз сөзінде бірнеше бағыттағы бастама жоспарларын жария етті. Соның ішінде күннен күнге өршіп келе жатқан жер мәселесін де атады. «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек» - деді мемлекет басшысы. Бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді, тамыз айының соңына дейін жерге қатысты түбегейлі байлам жасауды тапсырды.
Осыны естіген көпшілік қалпағын көке атып жатыр. Ия, қуанарлық жағдай. Бірақ асықпайық, таскерең Үкімет Президенттің тапсырмасын алдымен орындап алсын. Алдындағыдай Қ. Тоқаевтың тапсырмасын тағы да ескерусіз қалдырып, босқа даурығып жүрмейік.
Тып-тыныш жатқан жерімізде дау-дамай неліктен пайда болды деген маңызды сұрақты біз мүлдем ұмытып кеттік. Бұл «қоғамдық дерт» сол үкімет ұсынып, депутаттар қабылдаған «Жер кодексінен» басталған-ды. «23-бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi. 1. Осы Кодекске сәйкес жеке меншiкте болмайтын жер учаскелерiн қоспағанда, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн» деп жазылған.
Осы заң жерімізді саудаға салуға жол ашып берді. Құдайдың жаратқан жерін бөліске салып, садулауға ешкімнің құқығы жоқ екені ұмытылды, оны пайда табудың көзіне айналдырып жіберді. Мысалы сіз бір жиһаз жасасаңыз сатуға қақыңыз бар. Өйткені оған еңбек сіңірдіңіз. Ал жерді кім жаратты? Жергілікті жердегі әкімдіктер мен оның жерге қатысты ұйымдары ойына келгенін істеді. Лауазымды пысықайлар миллиондаған гектар жерлерді иемденіп алды. Қолында билігі барлар ең шұрайлы жерлерді тегін алып, қарапайым адамдар далада қалды. Айталық, Алматының тау бөктеріндегі хан сарайындай үйлер лауазымдылар мен қалталылардікі. Қалғанын базарға шығарғандай сатты, жерді тауарға айналдырды. Жер Атазаң бойынша мемлекет меншігінде, яғни халықтікі. Олай болса халық неге өз жерін өзінен сатып алу керек. Мысалы өз затыңызды өзіңізге сатпайсыз ғой, бұл қазақтың басындағы малақайын жұлып алып өзіне сатқанмен бірдей болып шықты.Амалы таусылғандар жерді басып алуға көшті. Себебі бастарына кішкене болса да баспана керек болды. Оның соңы Алматыда «Шаңырақта» адам өлімімен аяқталып, ондаған адамдар түрмеге отырды. Міне, солақай заңның соңғы нәтижесі. Оған кім кінәлі?..
Осы жерде «Сол заңды ұсынған Үкімет пен оны қабылдаған депутаттар не ойлады кезінде?» деген заңды сұрақ туындайды. Оның соңы қайда апарып соғарын кез келген есі дұрыс адам алдынала болжай алатын еді ғой. Әлде бұл тағы да тойымсыздардың пайда табу үшін арнайы ұйымдастырған айла-шарғысы ма? Жерді талан-таражға салудың соңы жақсылықпен бітпейді. Тарихта ондай жағдайлар болған. Жерінен айырылып, туын тігерге тулақтай жер таппай қалған ұлттар аз емес. Өткендегі билік тарапынан жерді шетелге сату мен жалға беру деген ұсыныстары халықты мүлдем басынғандық, болашақ ұрпақ тағдырына түкіргендік. Қасиетті жерімізге қатысты зиянды заң қабылдағандар жауапқа тартылуы қажет.
Қазақ атамыз жер дауы мен жесір дауына өте сергек қараған. Жерсіз қалса елдіктен қаларын, жесірі мен жетімін жылатса ұрпағынан айырылатынын жақсы білген. Бүгінгі күні қоғамның жанайқайын сол елдік пен ұлт тағдырының қамы деп түсінгеніміз жөн. Халық босқа зарламайды. Әлеуметтік желіде, басылымдарда олар өз пікірлерін ашық айтып жатыр. Солардың бәрін сараптап, ортақ бір ойын іздейтін болсақ ол мынаған саяды. Жерді шетелдіктерге сатпақ түгіл жалға да беруге болмайды. Жерге жекеменшікті жойып, саудаға салуды доғарып, бігінгі қолданыстағы «Жер кодексін» қайта қарап, ұлттық мүддеге сай жаңа заң қабылдау қажет. Онсыз соңғы шарша метрі қалғанша жер саудасы тоқтамайды. Керек болса жерімізге қатысты бүкілхалықтық референдум өткізілсін.
Атазаңымыз бойынша жердің иесі халық болғандықтан оның талабын теріс деп кім айта алады? Түптеп келгенде қасиетті жерді келер ұрпақ қолына тұтастай тапсыру бәріміздің ортақ міндетіміз, өтеуге тиісті парызымыз емес пе?!.
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні