Әке аманаты
2021 ж. 01 наурыз
2048
2
2016 жылдан бастап 1-наурыз алғыс айту күні болып белгіленді. Бұл- репрессия жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сияқты рухани дәстүрлер күні. Біздің елімізге көптеген ұлт өкілдері жер аударылып келді, солардың барлығына қазақ халқы пана болды,аштан өлмеуіне себеп болды. Сол келген ұлттардың көпшілігі кейін тарихи отандарына қайтты, қайтпай еліміздің азаматы болып қалғандары да бар. Қазақтың қайырымдылығын көрген осы ұлт өкілдері әлемнің қай түкпірінде жүрсе де қазақ халқына деген алғыстарын айтып жүреді. Қазақ халқының бауырмалдығын, мейірімділігін айтып, өздері түгілі болаларының да бойына сіңіріп кеткен. Соның бір оқиғасын сіздерге баяндағым келіп отыр.
Мен зейнетке шыққанша Шиелі ауданының "Қазақстанның 30 жылдығы" совхозында, қазіргі "Балаби" ауылында қызмет еттім. Сол кезде жұмыс бабымен Қызылорда қаласындағы облыстық материалдық-техникалық жабдықтау базасына жиі келіп, ондағы мекеме басшыларымен, қойма меңгерушілерімен, басқа қызметкерлерімен жиі араласатынбыз. Бір жылы, шамасы 1990 жылдар болу керек, базаның екі қызметкері, бірі Мақсұт деген жігіт, екіншісі есімде жоқ, екі КамАЗ жүк көлігімен Кавказдағы Черкесск қаласына іссапарға барып, күріш жинайтын комбайнға жүріс бөлігі ременін алып келулері керек болыпты. Олар ойлана келіп, екі КамАЗбен бос барғанша қауын жеткізіп сатып, пайда табайық деп шешіпті. Ол кезде біздің ауылдың тұрғындары қауынның өтімді сорттарын егіп, кәсіп ететін. Сондықтан олар "Екі КамАЗ қауын тауып бер, ақысын келген соң береміз"- деп біздің ауылға маған келіп,ауылдың екі- үш тұрғынынан қауын алып кетті. Содан олар Черкесск қаласындағы ремень шығаратын зауыт жұмысшыларына аздап қауын сатып, қалғанын сондағы сауда кооперативінің өкіліне ақысын реализациядан кейін алатын болып өткізеді.Қауынның ақшасы қолдарына тие қоймаған соң күріш жинау науқаны басталуға жақын болғандықтан екі КамАЗ-ға тиелген ременьді Қызылордаға тездетіп жеткізу үшін біреуі қайтып кетеді. Ал Мақсұт ақшаны күтіп Черкесскде қалады.
Сол Мақсұт біраз уақыт келе қоймады, қауынның ақшасы егелеріне уақтылы беріле қоймады және ол сауданың арасында дәнекер болған менен сұралды. Мақсұттың өзі қолының қайыры бар елпілдеп қалған жақсы жігіт, ол кезде хабарласатын қазіргідей телефон да жоқ, аман ба екен деп уайымдай бастадық. Содан әйтеуір бір күні Мақсұтымыз аман-есен келіп, тұрғындардың ақшаларын қайтарып, көңіліміз орнына түсті. Кейіннен жайшылықта Мақсұттан кешігуіне не себеп болғанын сұрадым. Екі КамАЗ елге қайтып кеткеннен кейін сол зауыттың төңірегінде ақша күтіп жүрген бұны ұлты орыс рэкет жігіттер "Москвич" автокөлігіне зорлап мінгізіп, бір жер үйге қамап тастапты. "Менің жазығым не?"- десе, "Сендер 20 тонна қауын алып келіп саттыңдар, бірақ бізге тіркелген жоқсыңдар."-дейтін көрінеді. Мақсұттың "бартер" деген сылтауына қарамай сол үйде, ұмытпасам, 12 күн қамалып жатыпты. Тамақ, телевизор, басқа жағдайлар бар, тек олар оны өлтіріп жіберсе де ешкім білмейтіндей сұрауы жоқ жағдайда екен.
Содан он үшінші күні оны бір жігіттер келіп босатып алады және кооператив өкілі қауынның ақшасын толық қайтарады. Бұны қамаудан босатқан жігіттің ұлты қарашай екен. Қамаудан босатылу оқиғасы былай болады. Кооперативке өткізілген қауынның ақшасын қайтаруға келген кооператив өкілдері Мақсұтты таба алмай, зауыт адамдарынан сұрайды. Олар: "Ол осы төңіректе жүретін еді, біраз болды көрінбей қалды."-дейді және олар Мақсұттың рэкетте қамауда екендігін жобалайды. Сосын өткен жылғы қаладағы рэкет атаманы қарашай ұлтының жігіті екендігін, мұсылман болғандықтан Мақсұтты бір тапса сол табатындығын және оның науқастанып ауруханада жатқандығын біледі. Оған жолығып, жағдайды айтады. Содан сол қарашай жігіті ауруханадан шығып, жігіттеріне Мақсұтты тапқызып, оны қамаудан босатады; қой сойып бір күн үйіне қонақ етеді.
Ертеңіне Минеральные воды қаласынан Шымкентке дейін ұшақ бар екен, соған билет алып береді және оны Минеральные воды қаласына дейін жеткізіп, ұшағына отырғызып жібереді. Мақсұт айтады ғой "Қорқынышым ұшаққа отырған соң барып басылды"-деп.
Мақсұт ұшаққа отырарда қарашай жігітінен оған не себептен осынша жақсылық жасағанын сұрапты. Сөйтсе оның әке-шешесі ҰОС аяқталар кезіндегі репрессияда Қазақ еліне, қазіргі жамбыл облысына, жер аударылдық деп айтып отырады екен. Оның әкесі қайтыс боларында "Сен қазақ деген ұлт көрсең оларға жақсылық жаса, себебі сол қазақ халқының жақсылығының, қайырымдылығының арқасында біз аштан өлмей, аман-есен елге оралдық. Қазақтар бізге тұруға баспанасынан орын, жеуге нандарының жартысын берді. Ол кезде қазақтардың да жағдайлары нашар кез еді. Соған қарамастан барын бізбен бөлісті, соның арқасында біз аман қалдық."- деген екен. Содан оның көріп отырған алғашқы қазағы біздің Мақсұтымыз екен. Қазір мен репрессия жылдарында Қазақстанға жер аударылған ұлт өкілдерінің қазақ халқына ризашылықтарын білдіріп, рахметтерін естіген кезде кішкентай кезімдегі әке- шешемнің бір әңгімесі есіме түседі. Соғыстан кейінгі жылдары біздің жерде жапон тұтқындары болып, әртүрлі жұмыстарға жегіліпті. Солардың алақандарын жайып нан,шөлдеп су сұрағандарын көргенде менің шешем бұлар да алла тағаланың жаратқан жандары ғой деп аяп, оларға арнайы ыдыспен айран апарып береді екен. Қазір ойлаймын, сол менің шешемнің айранының дәмін татқан жапондар еліне аман-есен жетті ме екен, менің шешемнің айран бергенін айтып, алғысын білдірді ма екен деп. Әрине, қайырымдылық біреуден алғыс алу үшін жасалынбайды. Біздің қазақ ұлтымыз да репрессия жылдарында басқа ұлттарды рахмет алу үшін бауырына басып, қайырымдылық жасаған жоқ.
Менің әкем кішкентай кезімде біреудің ала жібін аттама, біреуге қолыңнан келсе жақсылық жаса, жаманшылық жасама; біреуге істеген жақсылығың өмірде жақсылық болып қайтады, істеген жаманшылығың да өмірде жаманшылық болып қайтады деп отыратын.
Осыларды ойлай келе біздің ұлтымыздан көрген жақсылықтарын басқа ұлт өкілдері, олардың балалары жиі айтып, алғыстарын білдіріп жүргендіктен олардың ризашылықтары елімізге жақсылық болып қайтады, қазақтың пейіліне береді, еліміздің болашағы жақсы болады деп үміттенемін.
Ұзақ Оразов,
Қазақ үні